Бейбіткүл Кәрімова: Биылғы оқу жылын үлкен жетістікпен аяқтап отырмыз – Kyzylorda News
Басты бет

Бейбіткүл Кәрімова: Биылғы оқу жылын үлкен жетістікпен аяқтап отырмыз

28.05.2021, 17:00

1353 0

Kyzylorda-news.kz. Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі (АРТА) 2021 жылы өткізген ЖОО-ның Ұлттық рейтингісі қорытындысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ҚР ЖОО Бас рейтингісінің ТОП-20 еніп, 85 жоғары оқу орындары қатысқан рейтингте 7 орынды иеленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова айтты.

Университет ректоры 2020-2021 оқу жылындағы атқарылған жұмыстар, жеткен жетістігі мен алдағы жоспарлары жайында есеп берді.

Университет ректоры  БАҚ өкілдеріне  оқу орнының  мен таныстырды. Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсаты қойылған. Мұнда басты рөл білім мен ғылымға беріледі, себебі бәсекеге қабілетті адами капиталсыз және дамыған ғылыми инновациялық жүйесіз бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес. Аймақтағы іргелі білім ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті осы бағытта нәтижелі іске бағдарланған стратегиялық жоспарға сәйкес ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Тарихы терең университет келер жылы 85 жылдық мерейтойын атап өтетіндігін жеткізді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің білім беру қызметі бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.

«Биылғы оқу жылын үлкен жетістікпен аяқтап отырмыз деп айтуға негіз бар. Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі (АРТА) 2021 жылы өткізген ЖОО-ның Ұлттық рейтингісі қорытындысында университет ҚР ЖОО Бас рейтингісінің ТОП-20 еніп, 85 жоғары оқу орындары қатысқан рейтингте 7 орынды иеленді. Оның ішінде 12 бағдарламамыз бірінші үштікке еніп отыр. Бұл үлкен жетістік. Бұған дейін соңғы 2 жылда университет 9 орынды иеленіп келген», – дейді ректор.

Білім беру қызметін 452 оқытушы-профессор құрамы жүзеге асырады. 19 ғылым докторы, 168 ғылым кандидаты, 30 РhD доктор, 179  магистр бар. Биылғы оқу жылында жас ғалымдар арасынан 6 PhD, 3 қауымдастырылған профессор, 2 ғылым кандидаты, «ЖОО үздік оқытушысы» атағының иегері шықты. Халықаралық және республикалық ғылыми-зерттеу және шығармашылық конкурстарда 40-тан астам студент жүлдегер атанды.
ҚР БҒМ ҒК  гранттық қаржыландыруы негізінде 2020 жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін, яғни 9 айдың ішінде 11 жоба ұтып алынды. Бұл  өткен жылғымен салыстырғанда 20%-ға  артық. Жалпы гранттық қаржыландыру сомасы 250 млн теңгені құрайды.

Одан бөлек облыстық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде (28,1 млн теңге) 3 жоба бойынша археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

2020-2021 оқу жылында  университеттің 260 білім алушысына жеңілдіктер тағайындадық. Атап айтқанда, көп балалы отбасылардан шыққан 122 студентке оқу ақысына 25%, анасының алтын немесе күміс медалі бар көп балалы отбасылардан шыққан 35 студентке 50%,6 «Алтын белгі» иегеріне 100 пайыз жеңілдік берілді.
Қазіргі уақытта университеттің материалдық-техникалық базасына 10 оқу ғимараты, ғалымдар үйі мен 4 студенттік жатақхана, Студенттер сарайы, 7 студенттік асхана, жүзу бассейні мен жаттығу залы орналасқан «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, әскери кафедраның оқу-тақтикалық полигоны, агробиологиялық участок, 6 кітапхана мен оқу залдарынан тұрады.

Құны 11 миллион теңгеден астам сомаға сатып алынған спорттық құрал-жабдықтар университет қызметкерлері мен студенттері, сондай-ақ қызығушылық танытқан  сырттан келушілер үшін Фитнес орталығы ашылды.
«Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінде қызметкерлер, студенттер және жүзуді үйренгісі келетіндерге спорттық секция ашылды.

0

Пікір қалдыру