Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында елді мекендерді газдандырумен қатар, көгілдір отынға қосылған ауылдардағы әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газға бейімдеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
Өткен жылы Қазалы қаласы, Ғани Мұратбаев, Абай, Басықара, Қ.Пірімов және Жалаңтөс батыр ауылдарындағы 14 білім беру нысаны мен 1 ауылдық мәдениет үйінің бу қазандықтарын газға бейімдеу үшін аудандық бюджеттен 54,1 млн теңге бөлініп, тиісті жобалық құжаттамалары әзірленген болатын.
Биыл жыл басынан бері Қазалы қаласы, Ақтан батыр және Ү.Түктібаев ауылдық клубтарын табиғи газға бейімдеуге аудандық бюджеттен 43,4 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, Ақтан батыр және Абай ауылдарындағы амбулаториялардың бу қазандықтарын газ отынына ауыстыруға 18 млн. теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды.
Қазіргі таңда Басықара ауылындағы №182 мектеп те табиғи газға қосылуда.
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Басықара ауылына арнайы барып, білім ордасының газға қосылу барысымен танысты. Нысанды аралау барысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына газ жүйесінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жылыту маусымы кезінде қандай да бір ақаулар мен кемшіліктерге жол бермеу, қазандықтардың техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Басықара ауылындағы №182 мектеп ғимараты 2010 жылы пайдалануға берілген. Білім ошағында 199 оқушы білім алуда.
Айта кетейік, бұдан бөлек аудандағы білім беру саласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды табиғи газға бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 мектеп, Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектеп пен «Сәуле» балабақшасының бу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

