Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай баскетболдан Қызылорда қаласы әкімінің кубогіне арналған ашық біріншіліктің марапаттау шарасы өтті.
Жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілікке Қызылорда қаласы мен аудандардан және Ақтөбе облысынан 240-қа жуық спортшы, 24 команда қатысты.
Марапаттау рәсіміне қатысқан қала әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов командаларды жеңісімен құттықтады.
«Бүгінде спорт – кез келген елдің халықаралық дәрежедегі имиджін қалыптастыратын саланың бірі. Әлемдік жарыстарда жеңіске жеткен елдің Әнұраны орындалып, Туы көкке көтерілуі де спорттың маңыздылығын айқындай түседі. Бүгінгі жарыстың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарқын жеңістерімен құтықтаймын», – деді қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.
Екі күнге жалғасқан баскетбол бәсекесінде жеңіске жеткен командаларды Сыр елінің мақтанышы Илья Ильин де құттықтап, сәттілік тіледі.
Жеңімпаз командаларға Қызылорда қаласы әкімінің кубогі және медальдар мен дипломдар табысталып, үздік ойыншылар номинациялармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.