Kyzylorda-news.kz. ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев референдум алдындағы күні және дауыс беру күнінде үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын ескертті.
«Биылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізіледі. Ертең, 4 маусымда сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт-насихат жүргізу аяқталады («Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағы). Бұл үгіт-насихатқа, соның ішінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерін немесе референдум нәтижелерінің болжамдарын жариялауға қатысты мәліметтерге референдум өткізілетін күннің алдындағы күні және ол өткізілетін күні, яғни 4 және 5 маусымда тыйым салынады», – делінген Б. Дембаевтың үндеуінде.
Оның айтуынша, яғни үгіт-насихатқа тыйым салынған кезеңде бұл іс-шаралар жүргізілген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 102-бабы бойынша жауапкершілік ескерілген.
«Екі немесе одан да көп рет немесе басқа біреу үшін дауыс беру, сондай-ақ учаскелік референдум комиссиясы мүшесінің азаматтарға өзге адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік жасау мақсатында бюллетеньдерді беру әрекеті ӘҚБтК-нің 108 және 110-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғатынына да назар аударамыз», – дейді Бас прокурордың орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, Конституцияға (83-бап) сәйкес, прокуратура органдары референдумға дайындық пен оны өткізудің барлық сатыларында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды қамтамасыз етіп отыр. Аталған мәселелерді ескере отырып, Бас прокуратура заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында азаматтарды, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарын қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырды.