Kyzylorda-news.kz Бүгінде тіршілігі теңізбен байланысқан Арал тұрғындарының басты тіршілік көзі – балық шаруашылығы екені анық. Дегенмен теңіздің тартылуы аудан тұрғындарына, тіпті барша Қазақстан халқына ауыр соққы болды. Кезінде теңіз төскейінде бақытты балалық шағын өткізген үлкендер қазір теңіз жағалауындағы көріністі сағынышпен еске алып отырады. Иә, шағала үні, келіп-кетіп жатқан кемелер, сонымен бірге қызу жүріп жатқан сауда... Егер теңіз қазіргі уақытта болғанында Арал маңы туризм орталығына айналар ма еді?! Теңіз тартылып кетсе де, балық шаруашылығы мұнда тоқтап қалған жоқ. Уақыт санап дамып келе жатқан атаулы шаруашылық жөнінде және оған мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік туралы айтып өтелік.
Ғасыр жобасы атанған САРАТС-тың жүзеге асырылуы нәтижесінде Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығының өркендеуіне үлкен мүмкіндіктер туған болатын. Жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасы, Ақлақ су тоспасы және Сырдария өзеніндегі өзге де бөгеттері салынған. Сондай-ақ 1990 жылдары тек қана балықтың екі ақ түрі (камбала глосса және балтық майшабағы)болса, қазіргі кезде теңіз балық қоры молайып 22-ге жеттіп, бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге мүмкіндіктер туды. Сонымен қатар, теңіз Арал қаласына біршама жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келген екен. Өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік жасалды. Тағы бір қуантарлығы теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 19 түрі мекендейді, кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 16 түрі ауланады екен.
-Тіршілігіміз теңізбен байланысты болған соң, біз бала күнімізден балық аулау кәсібімен айналысып келеміз. Үлкендерге ілесіп, жандарында қолғабыс етіп өскендіктен, бұл саланың өзіндік ауыртпашылығы мен рахатын да сезініп өстік. Шындығында, балық шаруашылығы қиындығы мен қызығы қатар жүретін, тынымсыз еңбекті қажет ететін аса күрделі сала. Әсіресе, абыржының кезінде балық аулау қиындық тудырып, тіпті адам өліміне дейін әкеліп соғуы мүмкін жағдайлар кезігіп жатады. Мергенсайлық ағайынның тұрмысындағы қолданыста төрт түлік мал болғанымен, балық аулап, күнімді көремін дейтін жанға теңіз тіршілігі бейтаныс емес. Сондықтан болар, мұндағы балықшы қауым жылда ау-құралын сайлап, бұйырған олжасына орай жылымдарын майлап тұрады. Аралдық ағайынның ортақ байлығына айналған қарт Аралдың қазынасы еңбек еткенге еншісін бермей қойған емес. Жұрт қатарлы тырбынып, әрекет қылғандар құр қалмайды. Талай жылдан бері ата-бабаларымыз да осы теңіз маржандарын өздеріне нәпақа етіп келді. Сол ізбен біз де жүріп келеміз. Шүкір, тұрмысымыз да жаман емес. Жұрт қатарлы еңбек етудеміз,-дейді жеке кәсіпкер Қ.Құтмамбетов.
Сонымен қатар жеке кәсіпкер Қ.Құтмамбетов мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қолдаудың маңызын және оның жүйелі жүріп жатқанын, сонымен бірге оның балық шаруашылығына да айтарлықтай пайдасы тиіп жатқанын айтты.
-Еліміз соңғы жылдары шағын және орта бизнеске қолдау білдіре бастағалы осы балық шаруашылығы саласының да тамырына қан жүгіре бастады. Ауданның балық аулаудағы ресми көрсеткіші де әр жылдарға қарағанда көптеп артқан. Экспортқа шығып жатқан өнімдеріміз де қаншама?! Осы сынды қолдаудың нәтижесін көріп, мен де бұл саладағы өзімнің ісімді одан әрі жетілдіргім келді. Қысқасы, кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы түрлі бағдарламалармен таныса жүріп, «Қызылорда өңірлік инвестициялық даму орталығы» арқылы 5 млн теңге қаржылай несиеге қол жеткіздім. Ол қаржыны мақсатты орнына жұмсай отырып, өзімнің шағын кәсібіме қажетті автокөлік, балық аулауда керек барлық құралдармен қоса моторлы қайықтар алдым. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жеміс біерген баянды бастамалардың септігі біз секілді кәсіпкерлерге тиіп жатса нұр үстіне нұр емес пе? Мұндай мүмкіндікті беріп отырған еліміздің келешек дамуын өз басым жетістіктермен еселейміз деп ойлаймын. Күн жылынып, теңіздегі мұздың іргесі сөгілгелі де айлар өтті. Алайда айдынды Аралдың балықшы қауымға берер сыйы түгесілмек емес. Тек белгілі бір кезеңдерде балық аулауға шектеулердің болып тұратыны рас. Мұндайда біздің өзге де шаруаларымыз өз ретімен жалғасын таба береді. Алдағы уақытта өңірдегі балық қабылдайтын жеке шаруашылықтармен жасасқан келісім негізінде балық аулау жұмысына толықтай кірісетін боламыз. Уақытылы жұмыс жасап, қажетті өнімді аулау барысында 3-4 адам жұмыспен қамтылуда. Осылайша, мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз өзіміздің жанымызға жақын қарқынды кәсіпті жандандырмақ ниеттеміз. Осының баршасы еліміздің кәсіпкерлік саласына жасаған қамқорлығының нәтижесі деп білеміз,- деді жеке кәсіпкер.
Ниет етіп, еңбек еткен адамды мемлекет әрдайым қолдайтыны анық. Бүгінгі кейіпкер де өзі сүйетін істі кәсіп етіп, ел ризашылығына бөленген жан.