Kyzylorda-news.kz Балық шаруашылығы сөз болғанда теңізді өлкенің тыныс-тіршілігі де күн тәртібіне шығатыны түсінікті. Бұлай деуімізге Парламент сағатында экология геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовтің мемлекеттік ұйымдарды балық сатып алуға міндеттеу ниеті түрткі болды.

Әрине тіршілікке талғажау, жеңсік ас болып саналатын теңіз маржандарының пайдалану үлесі бізде мардымсыз болғанмен, тіршілігі теңізбен сабақтас елдің балық тұтынбауы мүмкін емес. Алайда министрдің сөзінше Қазақстан жан басына шаққанда балықты аз тұтынатын елдер санатындамыз. Бұл жөнінде С.Брекешов: 

– Қазақстан жан басына шаққанда, балықты аз тұтынатын ел екенін атап өткен жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімдерін тұтынуды ұсынады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келіден аз, – деді. 

Экономикалық зерттеулер институтының дерегіне сүйенсек, көрші Ресейде бір жылда бір адам 23 келі, ал Қытайда 43 келі балық өнімдерін тұтынады. Министрдің айтуынша, балық экспорттауға болатын ең ірі нарық Қазақстанға жақын орналасқан. 

Сондай-ақ ведомство басшысы 2025 жылдан бастап балық өнімдерін өткізуде қиындықтар болуы мүмкін екенін де айтты. 

– Балық өнімдерін өткізу мәселесін заңнамалық деңгейде шешу үшін білім, денсаулық жүйесіндегі мемлекеттік ұйымдарында, ішкі істер, қарулы күштер, қылмыстық-атқару жүйесі органдарында балықты тамақтану рационына енгізуді және отандық өндірушілерден балық өнімдерінің кепілдік берілген көлемін басым тәртіппен сатып алуды міндеттеу ұсынылады, – деді Серікқали Брекешев. 

Бұл өз кезегінде еліміздегі теңізді аймақтардың балық аулу көрсеткішін де еселеп арттырмақ. Әрине қазірдің өзінде аудан көлемінде ауланатын теңіз өнімдерінің нақты көрсеткіші көңілге медеу болғанмен бұл да сұранысқа сай жұмыстың нәтижесі. Өз кезегінде өңделген өнімнің дені өзімізге емес шет елге экспортталып жатқанын ескерсек, расында бізде балық өнімдеріне деген сұраныстардың төмен екені байқалады. 

Жалпы аудан аумағында балық шаруашылығы үшін маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Бүгінде теңіздің 18 учаскесімен 20 көлдің 18 көлі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге беріліп, 2 көл резервте тұр. Еіші Арал теңізінде балықтың 22 түрі мекендесе, кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 14 түрін аулауға рұқсат етілген. Балық аулау лимиті биылғы жылға 7430 тонна балық болып бекітілсе, есепті мерзім ішінде оның 6590 тоннасы ауланып, 1600 тонна балық өнімдері өңделді. Ауданда жылдық қуаттылығы 23900 мың тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. «Еврокод» белгісін «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-гі алған. 

Еліміздегі балық өнімдеріне деген сұраныс алдағы уақытта еселеп артатын болса, ата кәсіпті қолға алған балықшы қауым бұл бағыттағы жұмыстарды одан сайын жандандыра түспек. Сонда барып бізде межелі көрсеткіш толығымен орындалып, сапа белгісіне сай жұмыс істейтін өндіріс ошақтарының да жұмысы жанданатыны белгілі. 

Осы тұста тағы бір ескере кететін жайт еліміздегі балық өнімдеріне деген сұраныстың төмендігі. Бізге бәлкім мұның салдарымен емес себебімен күресу керек шығармыз. Мәселен өзге елдердегідей балық өніміне деген сұраныстың жоғарылауы үшін арнайы балық өнімдерінен тұратын дәмханалар мен мейрамханалар немесе арнайы дайын өнімдер сөресін қалыптастыру керек шығар. Бұл тұрғыда бізге керегі өз өніміміздің өзімізде қолжетімді бағада болуы маңызды. Қазіргі уақытта балық өнімдеріне сұраныс жоғары болса оны аулау мен өндірудің мөлшері артып, жұмыс өнімділігі елеулі көрсеткіштерге жетері сөзсіз. 

Қазір қарап отырсақ елімізде балық экспорты еселеп артқан. Айталық Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40- 45 мың тонна балық ауланады екен. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Үкімет сағатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің назарынан бұл мәселе де тыс қалмады. 

– Өткен жылы 15 мың тоннаға жуық тауарлық балық өсірілді. Бұл 2017 жылғы деңгейден 5,5 есе жоғары. Сонымен қатар, Қазақстанға 41 мың тоннаға жуық балық өнімдері, негізінен мұхиттық және теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінеді және шамамен 25 мың тонна экспортталады. Бұл ретте, отандық балық өнімдері әлемдік нарықта табысты бәсекеге ие», – деді Серікқали Брекешев. 

Министрдің айтуынша, бұл бағытта ведомствоның негізгі міндет – балықтың ішкі тұтынуын арттыру, сондай-ақ теңіз балық шаруашылығын игеру және тауарлы балық шаруашылығын дамыту есебінен экспорттық әлеуетті одан әрі арттыру. Бұл ойын министр: 

– Балық саласы экономикалық өсу мен халықты жұмыспен қамтудың негізі ретінде экономикадағы маңызды салалардың бірі болып есептеледі, –деп толықтырды. 

Расында теңізді өлкенің негізгі күнкөрісінің бірі балық шаруашылығы болғандықтан бұл кәсіптен шетқақпай қалған жан жоқ десе де болатындай. Балық аулайтын балықшылардың заңды учаскелік аймақта тіркелгені өз алдына, бұл жұмысты тіршілік көзіне айналдырып, балық аулу ісінде табысты еңбек етіп жатқандары да жоқ емес. Алайда «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демекші, балық аулау ісінде рұқсат етілмеген құрал түрлерін пайдалану да қазіргі таңда тиылар емес. Бұл мәселеге қатысты аталған сала министірінің өз ұсынысы бар. 

Яғни, бұған қатысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тыйым салынған құралдармен балық аулағаны үшін айыппұлды 20-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін көтеруді ұсынып отыр. 

Министрдің айтуынша, биыл құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жағдайлары көбейген. 2020 жылы - 54, 2021 жылы - 67, 2022 жылдың 9 айында - 53 адам жазаланды. Әрине мұндай статистиканың денін браконьерлік жолмен жүріп, балық аулау ережелерін бұзған азаматтар тарапы құрап отыр. – Браконьерлікті азайту үшін әзірленіп жатқан Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс жобасы аясында жауапкершілікті күшейтуді ұсынамыз. Атап айтқанда, бұл – тыйым салынған құралдармен балық аулағаны үшін айыппұлды 20-дан 50 АЕК-ке дейін арттыру және бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев. 

Ол алдағы үш жылда инспекцияларды толық жабдықтау үшін қосымша 8 миллиард теңге қажет екенін айтты. Оның айтуынша, бұл браконьерлік құқық бұзушылық туралы алғашқы деректерді жылдам әрі сапалы толтыруға және оған қарсы күрестің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ министр балықтың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын айтты. Мәселен, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығы аясында жыл сайын «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізіледі. Ал басқа өңірлерде көктемгі кезеңде «Уылдырық шашу» акциясы ұйымдастырылады. 

Бұл көтерілген мәселенің бір шеті біздегі балық аулау кәсіпшілігіне де қатысты болмақ. Егер көтерілген ұсыныс шын мәнінде қолдау тауып, күшіне енер болса мұндай маусымдарда белгілі бір деңгейдегі шектеулерге құлақ аспаған балықшылардың арқалайтын айыппұлдары да ауыр болғалы тұр. Сондықтан табиғат берген ризық-несібені теріп жеуде бейбастыққа жол беріп, жабайы кәсіптің жанын кіргізе беруге болмас. Бұл көп тілегі. Балық аулау әрине кәсіп, нағыз байлық. Алайда заңды жолмен жасалған жұмыстың нәтижесі де қайырлы болмақ. Сондықтан айтылған ескертулерді ескеріп, тиісті салалалық министрліктің мәліментіне құлақ түре жүргеніміз жөн болар.

Алтынбек БИСЕНОВ

Тағы да оқыңыз: