Kyzylorda-news.kz Балалық шақтың  қиял әлемі адамды небір ғажайып армандарға жетелейді. Айдар да жастайынан табиғатты сүйіп, ауылдағы  айнадай жарқыраған шағын көлдің жағасына жиі барып, тулаған балықтың шолпылдаған дыбысын тыңдап, өзіне шабыт алатын.  Бой сергітіп, дене жаттығуларын жасап, шымыр болуға да талаптанып, сергектікті жаны қалады. Ер жігітке салауаттылық  пен спорт серік болу керек деп шешкен ол мектеп бітірген соң спорт туризм академиясына оқуға түсті.  Оқу орнында жүріп, ой мен бой сауықтырудың небір керемет құпияларына қанықты.  Туризмді қалай  дамытудың мән-жайына ой жүгіртті. Оқуды ойдағыдай бітірген соң туған ауылы Темірбек Жүргеновке келіп, жүрегінің төріндегі арман-мақсатын жүзеге асыруға талпынды. Ауылдағы  балалық шағының естелігіндей жалғыз көлдің тағдыры да жас жігітті  алаңдатқан  болатын.  

Шағын ауылды көлбей орналасқан күміс көлге су маржандарын жіберіп, оны өсіріп елдің кәдесіне жаратсам, балық шаруашылығын қолға алсам, «Мақпалкөлді» тіршілік көзіне айналдырсам деген тамаша идея оны күндіз-түні мазалаумен болды. Осыдан 4 жыл бұрын бұл шешімін жүзеге асырды. Осылайша көлді жекешелендіріп «Уәлиұлы» ЖК-сын ашты. Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкер Айдар Уәлиұлы  тек ауыл ғана емес, қалаға да балық сатып,  өз кәсібінен береке тауып, адал еңбектен ризық көріп отырғанын айтады. 

– Менің арманым – өзім туып-өсіп, кіндік кескен жерімнің табиғатына жанашыр болу. Оның бұйырған байлығын жергілікті тұрғындардың тұтынуына көмектесу. Жалпы көл табиғаттың көрікті жері ғой. Судың жағасына барып демалудың өзі адамның бойындағы шаршауды, торығуды басады, көңіл терезесін ашады. Қазір төрт жылдан бері балық өсірудің қыр-сырын меңгере бастадым. Күріш науқаны біткен соң шамамен 7-8 мыңдай майда шабақтарды құтқарып көлге жіберемін. Осылайша оларға бидайды  ұнтап жем шашамын.  Қыста судың беті  мұз болып қата бастағанда әр жерден тесіп, қамыс тығып қоямын. Сол кезде балықтың су астында тыныс алуы жеңілдейді.  Болашақта ауылдастарым жағажайда демалып сергитін орын ашсам деген үлкен арманым да бар. Алдағыны Алла біледі ғой. Елге қызмет жасасам, одан артық бақыт жоқ, – дейді жас кәсіпкер. 

Шынында бүгінде балық шаруашылығының бойына қан жүгіртіп, оны ел игілігіне жарататын шаруашылық саусақпен санарлық. Жалағаш ауданындағы «Мақпалкөлде» су маржандарының көбеюіне қамқор болып, ауыл халқының  келешегіне  зор сеніммен қарайтын Айдардың кәсібінің нәсібін көріп, болашақта демалыс орнын ашып, елдің алғысына бөленуіне тілектеспіз.  

Тағы да оқыңыз: