Ойлап қарасаңыз, мына өмірде ешкім еңбексіз алға баспайтыны анық. Егер адам еңбектенбесе, сөзсіз түгесілер еді. Сондықтан әрбір адал еңбегі арқылы нәпақасын тауып, қоғамға кішкене болсын пайдасын тигізіп жүрген адамның барлығын еңбек адамы деп айтса жарасады. 

Бірақ бүгінде біздің қоғамда белгілі бір дәрежеге, мансапқа, бай­лыққа қолы жеткен адам­дарды ғана еңбек адамы дейтін түсінік пайда болғаны жасырын емес. Шын мәнінде, қоғамның бүгінгідей өмір сүруіне инже­нер­лер, аграномдар, құры­лыс­шы­лар, қа­рапайым шаруа адамдарының  үлесі басым. Кейбірінде ми ең­бегі, ой ең­бегі басым болса, енді біреулері ке­рі­сінше физикалық тұр­ғыдан көп қимылдап, күннің ыс­тығы мен суығына қарамай ең­бек етіп жүреді.

Осы орайда жаз бойы егістік басында жүрген қарапайым шаруа адамдарының күнделікті тіршілігін насихаттау мақсатында күні кеше Жалағаш ауданына қарасты Аламесек ауылына бардық. Біз сұх­бат алған еңбек адамының жүзі күнге әбден тотыққан. Бидай өңді күрішші Балқан Әміровтен сөздің емес істің адамы екенін ә дегеннен-ақ байқадық. Өйткені сөйлесуге мұршасы жоқ. Бар ойы – даладағы жұмыс. Жастайынан атасы мен әкесінің жанында жүріп, қиындыққа қайыстай тартылып, еңбек майданында шыңдалғаны көрініп тұр. 

Бәкең 3 жылдан бері «Ибраев Б» ШҚ-да күрішші болып еңбек етіп жүр. Күріштің кү­тіміне қанық ди­қан биыл 25 гек­тар жерге Сыр салысын сепкен. Был­тыр да дәл осы межеде астық баптаған шаруа адамы гек­тарынан 70 центнер өнім жиыпты. Биыл өзіне одан да жоғары меже қойған Бәкең сол мақсатқа жету үшін күні-түні күріштік басында еңбек етуде. 

Бәкең – өте еңбекқор азамат. Күннің аптап ыстығы мен ыз­ғар­лы суығына сынбайтын, өзге­лерге үлгілі ауыл азаматының бірі. Өзіне тиесілі аумақтағы кү­ріш­ті агротехникалық талапқа сай күтіп-баптаудың шебері. Еңбек адамы бізбен өзінің күнделікті жұмы­сының қыр-сырымен бө­ліс­ті.

– Күріш егу оңай жұмыс емес. Дақыл күннің көзін, ылғалды, құ­нарлы топырақты қажет етеді. Тұқым себілген соң суын жібе­ре­міз. Қарасын басқаннан ке­йін қы­рық күнге дейін нәрес­те­дей мә­пелейміз. 90-110 күн ара­лығында суда жатады. Одан соң суын құр­ғатып, ораққа дайын­даймыз. Кез келген жерге тұқым салса, ол өнім береді деу қиын, әрине. Егін бітік шығуы үшін қы­руар жұмыс керек. Егінді суару, оны жәндіктерден, түрлі аурудан сақ­тау үшін тыңайтқыш, дәрі себу қажет, – дейді шаруа адамы. 

Бәкеңнің айтуынша, олар дала қосынында соңғы шыққан жаңа технологиялармен жұмыс істеп жатыр. Заманауи техника жұ­мыс сапасын әлдеқайда жоғары кө­теруге, тиімділікті артты­руға мүм­­кіндік береді, тек ерін­бей ең­бек етсең болды. Ең бас­тысы, ең­бек­пен шыңдалған дала дарабозы орақ маусымын уақы­тылы аяқтай­мыз деген сенімде.

Жоғарыда айтқанымдай, қо­ғамда белгілі бір дәрежеге, ман­сапқа, байлыққа қол жеткізуде негізінен осындай қарапайым ең­бек адамдарының қолтаңбасы ба­рын білуіміз керек. Түптеп кел­генде, ел қазынасын еселеуде де осындай шаруа адамдарының үлесі басым.

 

Мейрамбек Оспан

Тағы да оқыңыз: