Kyzylorda-news.kz Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстанның мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясатының ең басты бағыты.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 27 бабына сәйкес Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында. Балаларына қамқорлық жасау, оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі парызы.

ҚР "Неке және отбасы туралы" кодексіне сәйкес ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері баланы тәрбиелеуге және оқытуға, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi өмір сүру жағдайын жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.

Балалардың бірнеше құқықтары бар: Баланың денсаулық сақтауға, даралық ерекшелікке және оны сақтауға; өмір сүруіне, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа; сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа және қоғамдық өмірге араласуға; қажеттi тұрмыс деңгейiне; тұрғын үйге; білім алуға; еңбек бостандығына; экономикалық қанаудан қорғалуға; дем алуға және бос уақытын пайдалануға және т.б. құқықтары бар.

Ұлттық деңгейде балалардың құқықтарына келесі заңнамалық актілер кепілдік береді:

"Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" заңы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстері, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексі, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексі, "Неке және отбасы туралы" кодексі, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі және т. б.заңнамалық актілер.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте кәмелетке толмағандардың құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылықтарға арналған тұтас тарау бар. Санкциялар айыппұлдан қамауға алуға дейін қарастырылған.

1989 жылдың 20 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясының 44/25 резолюциясымен Бала құқықтары туралы Конвенция қабылданған.

Бала құқықтары туралы конвенцияны 196-дан астам мемлекет ратификациялады, бұл оны тарихтағы адам құқықтары туралы ең көп ратификацияланған халықаралық шартқа айналдырды.

Қазақстан дүние жүзіндегі басқа елдермен бірге балалардың құқықтарын сақтау жөніндегі жаһандық міндеттемені қолдады.

1994 жылдан бастап Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияға қатысушы болып табылады. Бұл құжат қатысушы мемлекеттерді баланың ең жақсы мүдделерін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде баланы физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен қорғау мақсатында қажетті шаралар қабылдауға міндеттейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 сәуір күні балалар мен әйелдерді қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейтілді.

Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені, яғни буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бұл талап елімізде алғаш рет заң жүзінде бекітілді.

Білім беру ұйымдарындағы зорлық-зомбылық пен буллинг мәселесі бүкіл әлемді толғандырып отыр. 2019 жылы ЮНЕСКО мектеп ортасындағы зорлық-зомбылық пен қудалауға, соның ішінде кибербуллингке қарсы халықаралық күнді белгіледі. Ол әр қарашаның бірінші бейсенбісінде өтеді.

Буллинг дегеніміз не? Буллинг әр түрлі мағынаны білдіруі мүмкін. Ол: адамды мазақтау, қорлау, оның ақшасын не басқа заттарын тартып алу, оларды бүлдіру, сол жайында өсек тарату, оны елемеу немесе жекелету, ренжітетін, жаман әзіл айтып, басқа адамдардың алдында ыңғайсыз жағдайға қою, ,ұрып-соғу, тепкілеу, итеру немесе басқаша зақым келтіру, қоқан-лоқы көрсету немесе қорқыту.

Буллинг онлайн немесе телефон арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Олардың қатарына ренішті хабарламалар мен суреттер, зұлым мінеп-сынаулар жіберу жатады. Бұлардың барлығы кибербуллинг деп аталады. Буллинг қандай жағдайларға әкеліп тіреуі мүмкін? Біреудің күш көрсетпей, қорлап, қорқытқаны баланың жаныңа қатты батады. Буллингке ұшыраған балалар мектепке барғысы келмейді, түрлі сылтаулармен сабақтан қалуға тырысады. Яғни, баланың ішкі күйзелістерге берілуіне, сабаққа деген ынтаның жоғалуына, сабақ үлгірімінің нашарлауына әкеліп соғады.

Мектептердегі буллингті анықтау өте қиын. Өйткені буллингке тап болған баланың оны ата-анасына немесе мектептегі сынып жетекшісіне айтуы екіталай. Сондықтан, білім беру ұйымдары мектеп оқушылары арасында зорлық-зомбылық пен буллингке қатыстыанонимдік сауалнама жүргізіп, мектеп тіпті сынып ішіндегі балалардың буллингке ұшырау ахуалын анықтауға болады. Сол арқылы буллингтің алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет.

Сонымен қатар, балаларды құқықтық тәрбиелеубағытында ағымдағы жылдың 13 мамырында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі тарапынан облыстағы 124 мектептің 6 мыңнан астам оқушыларына «Балалар мен жастардың құқықтары» туралы бірыңғай сабақ өткізілді.

Қоғамды құқықтық тәрбиелеуге арналған мұндай іс-шаралар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмасы бойынша тұрақты негізде өткізіліп тұратынын айта кеткен жөн.

 

Берікбол Байхожаев,

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің

Қызылорда облысы бойынша өкілі 

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: