Kyzylorda-news.kz. Үкімет мәжіліс депутаттарының бала күтіміне байланысты жәрдемақыны көтеруге қатысты сауалына жауап берді. Бұдан бөлек, Қазақстан халық партиясының фракциясы ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін арттыруды ұсынған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында соңғы он жылда мемлекеттік жәрдемақы алатын отбасылардың жарты миллион адамға артқаны туралы айтылған. Осыған байланысты бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де өсіп отыр. Мәселен, 2011 жылы 160,9 млрд. теңге берілсе, 2020 жылда жәрдемақының жалпы сомасы 635,3 млрд. теңгеге дейін өскен.
Сонымен қатар, үкіметте бала күтіміне байланысты жәрдемақының мөлшерін арттыру және оны төлеу мерзімін екі жылға дейін ұзарту мәселесі талай рет зерделеніп, талдау жұмыстары жүргізілген.
“Осы мақсатта қосымша 530,2 млрд. теңге (мемлекеттік бюджеттен 242,6 млрд. теңге, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 287,6 млрд. теңге) қажет болады деген шешімге келдік. Ондай сценариймен 2024 жылда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығы бұзылады”, – дейді Тоғжанов.
Осы орайда премьер-министрдің орынбасары әлемдік тәжірибені де атап өтті. Оған сәйкес, Италияда бала күтіміне арналған жәрдемақы 6 ай төленеді және табыстың 30 процентін құрайды. Ұлыбританияда – 9 ай, Германияда – 1 жыл, ал Ресейде 1,5 жыл төленеді. АҚШ пен Үндістанда ондай жәрдемақылар қарастырылмаған.
Мемлекет үшін кім қымбат – депутаттар нені талап етті
Наурыздың басында Қазақстан халық партиясының депутаттары үкіметке сауал жолдап, бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны көбейтуді талап еткен. Осы орайда депутат Айжан Ысқақова бала күтіміне арналған жәрдемақы мен түрмедегі бір қылмыскерге кететін шығынды салыстырды.
Заң бойынша жұмыс істемейтін әйелдерге бірінші баласы үшін ай сайын 16 801 теңге, екінші баласы үшін 25 962 теңге төленеді. Ал бір сотталған адамды түрмеде ұстауға бюджеттен ай сайын, шамамен, 88,5 мың теңге бөлініп тұрады.
“Сонда бес есеге артық болып тұр. Түзеу мекемесінде отырған қылмыскерді күзетпен, тамақпен, киім-кешек және дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етеді. Мемлекет үшін кім қымбат? Дәрігер, мұғалім мен ғалым болатын бала ма? Әлде, түрмеде отырған ұры, жәбірлеуші немесе пара алған шенеунік пе?”, – деді Ысқақова.
Бүгінде бала күтімі бойынша тағайындалатын төлемдер бір жасқа дейін төленеді. Ал жүктілік пен бала тууға қатысты әлеуметтік төлемдер тек жұмыс істейтін әйелдерге ғана беріледі.
Осыған байланысты фракция депутаттары бала күтіміне байланысты жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне (34 302 теңге – Sputnik) дейін көтеруді ұсынды. Сондай-ақ халық қалаулылары ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін арттыру қажет деп санайды.