Бала – өміріңнің жалғасы, жаныңның ең нәзік бөлшегі. Бала деп қуанамыз, бала деп мұңаямыз. Қазақ халқы сол асыл перзенттеріне деген ерекше махаббатын «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» деген бірауыз сөзбен жеткізеді. Жалағаш аудандық ауруханаға бас сұққаннан еңсемізді басқан ауырлық көңілімізді жан-жаққа бұрғызбады. Түсінікті ғой, аурухана талай жанның өмірімен арпалысатын, қанша адамның жанына батқан аурумен күресетін орын ғой. Біраз жүрген соң барып томаға тұйық ойымызды балалардың дауысы бөлім жіберді. Сөйтсек, балалар бөліміне де келіп қалыппыз. Сонымен тілшілік міндетімізді ұмытпай, бөлімнің дәрігері Назира Алтаеваға жолықтық. Алғашқы сауалымызды бөлімнің тыныс-тіршілігінен бастауын сұраған бізге Н.Алтаева балалар бөлімінде тәуліктік 17 төсек орын, 5 күндізгі төсек орын бар екенін айтты.

Дәрігердің сөзінше, 17 төсек орынның 15-і балалар соматикасы, 5 төсек балалар неврологиясы. Бөлімшеде жалпы штат бірлігі 14, оның ішінде дәрігер 1, аға медбике 1, кезекші мейірбикелер 6, кіші аяжан 4, шаруа бикесі 1, санитар буфетші 1. Жұмыс жасайтын қызметкерлер саны 18. Балалар бөлімінде барлығы 8 палата бар. 1 палата интенсивті науқастарға арналған. Интенсивті палата орта¬лықтандырылған оттегімен жабдықталған бөлме. Айта кетейін, балалар бөлімінің дәрігері Назира Нағашыбайқызының жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асыпты. Жоғары білікті дәрігер қызмет барысында жинаған тәжірибесін өзінен кейінгі мамандармен бөлісуді әдетке айналдырған. Бөлімдегі ақ халатты абзал жандардың барлығы біліктілігін арттырған, сондай-ақ бала ауырып түскенде көрсетілетін ең алғашқы көмектің талап-ережелерін жетік меңгерген екен. Бұл тұрғыда арнайы оқытылғанын да айта кетті дәрігер Назира Алтаева.

Мұнан соң бөлім дәрігері көп кідірместен «палаталардағы балалардың жай-күйін білуім керек» деп сұхбатты сонан соң жалғастыра алатынын жеткізді. Иә, адам өмірі, оның ішінде балалардың денсаулығы бүкіл қоғам үшін бірінші орында. Біз де дәрігердің жұмысына кедергі келтірмейік деген ниетпен палаталардағы балалардың жағдайын көруге асықтық. Дәрігер барлық палатаны аралап шықты. Әрине, оңай емес екенін айта кету керек. Балалар ауырып тұр, оның үстіне егілетін инеден қорқатыны тағы бар. Әңгіме арасында бөлімнің жұмысынан хабар беріп отырған Назира Нағашыбайқызы соңғы жылдары балалардың ауырып ауруханаға түсуі көбейіп кеткенін жасырмады. Көбіне бөлімшеге маусымдық аурулардың өршу кезінде балалар арасында пневмония, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы ауруларымен науқастар ем алады. Сонымен қатар аллергиялық дерматит, несеп, зәр шығару жолдарының қабыну аурулары диагноздарымен де жиі түсетін көрінеді.  

Жалпы, балалар бөлімі бойынша осы жылдың 5 айында ем қабылдап шыққан науқастар саны 367. Оның ішінде жоспарлы түскені 91 болса, бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 80-ді құрайды. Ал  шұғыл түскені 276 науқас, өткен жылы 194 науқас тіркелген. Биылғы жыл басынан бері қайтыс болған жағдай тіркелмеген, ал өткен жылдың осы кезеңінде 1 бала өмірімен қоштасқан. Балалар бөлімшесінің жұмысымен танысқан біз мұндағы ақ халатты абзал жандардың біліктілігін байқадық. Олардың әрбірі тынымсыз қауырт жұмысымен жүрді. Бірі палаталардағы балаларды қарайласа, бірі ем-дом шараларын жасап жатты. Тіпті бөлім дәрігерінің өзі әлсін-әлсін балалардың өкпесін тыңдап, олардың аналарына дәрігерлік кеңесін айтумен болды. Мөлдір әлемнің кейіпкерлері – балғын балалық шақтың нағыз шынайы бүлдіршіндері мұнда мейірімнен кенде еместігіне және көзіміз жетті. Дәрігердің әр баламен балаша сөйлесуі, жылы сөздері мен шипалы алақаны еріксіз жаныңды жадыратып, көңіліңді демдейді. Бөлімнің жұмысына риза болған әріптесім екеуміз осындағы балалардың әрбірінің құлантаза айығып, отбасына оралуына тілекші болдық. Балалар ауырмасын, аналар ауырмасын дейміз.

Тағы да оқыңыз: