Өткен аптада Жалағаш аудандық білім бөлімінің ұйымдастырумен З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте «Қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттестіктің бұзылысы бар ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жүргізілетін түзету дамыту жұмыстары» атты облыстық семинар өтті. Мақсат – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды түзетіп дамытуда жаңартылған бағдарлама бойынша өзара тәжірибе алмасу, әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы құнды ақпараттармен бөлісу. 

Қазіргі таңда барлық әлем жұртшы­лығының назарын аударып отырған мәселе – баланың жеке сұраныстары мен ерекшелігіне қарай ортаның, от­ба­сының қатысуымен білім беру үр­дісіне толық қосуды қарастыратын ин­клюзивті білім беру. Мамандардың ай­туы бойынша инклюзивтік білім беру дегеніміз – барлық балаларды, со­ның ішінде мүмкіндіктері шектеулі бала­лар­ды жалпы білім үрдісіне толық ен­гізу және әлеуметтік бейімдеуге, жы­­ны­сына, шығу тегіне, дініне, жағ­дайы­на қа­рамай кедергілерді жою. Ерек­­ше қа­жеттіліктері бар балалар өз құр­бы-құрдастарымен тең деңгейде бі­лім алуға құқылы. Инклюзивті білім бе­рудің де негізгі мақсаты да осы. Әр балаға, қоғамға пайда келтіруге және оның толыққанды мүшесі болуына мүм­­кіндік беру.Бүгінде аудан бойынша ерек­ше білім беруді қажет ететін 380-ге жуық балаға 32 арнайы маман білім береді. 

Инклюзивті оқыту – барлық бала­лар­дың мұқтаждықтарын ескере­тін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісінің дамуы. 

Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы ин­клюзивті білім беруді дамыту жө­нін­­дегі заңға қол қойған болатын. Қа­зіргі Оқу-ағарту, бұрынғы Білім жә­не ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы «Ерекше білім беру қа­жеттіліктерін бағалау қағидаларын бекіту туралы» №4 бұйрығына сәйкес балалардың ерекше білім беру қажет­тіліктерін бағалау (ЕББҚБ) мектепке дейінгі ұйымдарда, орта білім беру ұйымдарында, психологиялық-ме­ди­ци­­налық-педагогикалық кон­суль­тация­ларда (ПМПК) жүзеге асы­рылады. 

Қатысушылар семинарда өзара тә­жірибе алмаса отырып, ерекше бі­лім беруді қажет ететін оқушыларға пси­­хологиялық, медициналық, педа­гогикалық қолдау көрсетудің тиімді жолдары туралы тереңірек білді. Сон­дай-ақ арнайы мамандар се­ми­нарда ерекше қажеттілігі бар бала­лар­мен жұмыс жасау барысында жақсы нәтижеге қол жеткізуде  қандай әдіс-тәсілді қолдану керектігін ай­тып, тәжірибе алмасты. Оны арнайы ма­мандар өткізген «Мен және менің отбасым», «Нейробаннер» әдісі ар­қы­лы сөйлеу тілінің жалпы дамымауы бар балалардың белсенді сөздік қо­рын дамыту, «Кубик – рубик әдісі» арқылы эмоционалдық интеллекті да­мыту, «Сенсорлы интеграция ар­қы­лы үй жағдайында бала тілін дамы­тудың әдіс тәсілдері», «Эйдлинг әдісі арқылы арнайы педагогтардың жұ­мы­сына оң өзгерістер енгізу» атты са­бақтарынан аңғардық. Сабақ соңында қатысушылар арнайы мамандар өткіз­ген сабаққа оң баға беріп, семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, талдау жа­­сап, жүйелі және пайдалы іс-тә­жі­­ри­биеге толы семинар өткізген  әріп­тес­те­ріне алғыстарын білдірді.

– Ресурстық орталықтармен бір­ле­сіп, жоспар бойынша арнайы ма­ман­дардың қатысуымен тәжірибе алаңында, яғни облыстық семинарда әр ай сайын бас қосып жатырмыз. Бұл жердегі мақсатымыз – концерт көру емес, тәжірибе алмасып, өзімізге қа­жетті білім алу. Ерекше қажеттілігі бар балаларды әрбір ата-ана дамуы қа­лыпты балалар қатарынан көргісі келетіні, рас. Сондықтан, инклюзивті білім беруді жүзеге асырушы – ата-ана болса, арманын жүзеге асырушы – ұстаздар. Ерекше қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беретін ортаға біріктіріп, басқа балалармен бірдей білім алуын қамтамасыз ету, білім бе­рудегі кедергілерді жеңу және ин­клю­зивті оқыту үрдісінде өзіндік іс әрекеттерді ұйымдастыру – біздің мін­детіміз. Баланың ерекшелігіне қа­рай, болашағы үшін жұмысты тиімді ат­қаруымыз қажет, – деді Нұржамал Раханова. Ол сөз соңында облыстық семинарды жоғары деңгейде өткізген ауданның арнайы мамандарына облыс­тық және аудандық сертифи­кат­тарды табыс­тады. Семинар соңы оқу­шылардың шы­­ғар­­машылық кеші­мен қорытын­дыланды. 

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: