Kyzylorda-news.kz. Мектеп – келешек ел басқарар, жер басқарар, елі мен халқын гүлдентер, мейірін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де қасиетті ұя. Болашақ үшін орны бөлек орынның жанға жайлы болғаны бұл бір бақыт. 

Талай шәкіртке алтын ұя атанып, олардың өмірден өз орнын алуға қолдау көрсеткен білім ордасының бірі – Байқоңыр қаласындағы №274 орта мектебі. Бүгінде білім ошағына білікті маман Аманжан Жиенбаев басшылық етеді. Бұл өзіндік тарихы, халық ағарту саласында дербес орны бар білім ошағы. 

Мектептің тарихына келер болсақ, 1970 жылы Ленинск қалалық комитетінің 15 шілдедегі шешімімен Қазақстанның 50 жылдығы атындағы № 222 орта мектебі ашылған болатын. Мектеп 1994 жылдың 1 қыркүйегінде қала әкімінің қаулысымен қазақ тілінде оқытатын №6 орта мектеп болып қайта жасақталды. 1997 жылы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына орай, мектепке ұлы жазушының есімі берілді. Мектеп 2010 жылдың қараша айынан Мемлекеттік білім беру мекемесі Мұхтар Әуезов атындағы № 6 жалпы білім беретін орта мектеп болып аталды. 

Мектеп Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Байқоңыр қаласында орналасқан қазақ тіліндегі жалпы орта білім беру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын Қызылорда облысының әкімдігінің теңгеріміне беру туралы 2014 жылғы 23 желтоқсандағы келісімге сәйкес, «Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 20 қаңтардағы, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 науырыздағы, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі заңдарына сәйкес 2015 жылдың  23 маусымында Қармақшы аудандық әкімінің  №744 қаулысы бойынша №274 коммуналдық мемлекеттік мекемесіне айналды.

Осы жылы мектепте 58 сынып бойынша 1314 оқушы бітірді. Мұғалім саны – 125; Педагог зерттеуші – 17; педагог сарапшы – 43; педагог модератор – 42; санаты жоқ – 24; психологтар – 2, әлеуметтік педагог – 1, педагог-ұйымдастырушы – 1, аға тәлімгер – 1, музыкалық жетекші – 1; дефектолог – 1; кітапханашы – 2, техникалық қызметкер – 48.

Мектепте 32 оқу кабинеті, 2 спорт залы, мәжіліс залы, кітапхана, 2 компьютерлік кабинет, 1 лингофон кабинеті, 2 оқу-өндірістік шеберханасы, асхана, медкабинет және егу кабинеті, мұражай жұмыс жасайды. 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша екі оқушы Фарида Сергеева мен Ақтоты Жолдыбаева «Алтын белгі» белгісіне бітірді. Жалпы 23 бітіруші аттестат алды, оның 23-і ҰБТ тапсырды. ҰБТ-дің қорытындысы бойынша орта балл 90,4 пайыз көрсеткіш көрсетті. «Алтын белгі» иегерлері ұстаздарының сенімін ақтап шықты. Түлектердің орналасуы 100 пайыз болды, 18 түлек грант иегері болды. Республика бойынша «Үздік 100 мектеп» топ қатарына кірді. Сондай-ақ өткен оқу жылында Қармақшы ауданы бойынша «Үлгілі мектеп –2022» номинациясын жеңіп алды.

Оқушылардың жетістігіне келер болсақ, 5-6 сынып  оқушыларына  арналған республикалық пәндік олимпиаданың  облыстық кезеңінен биология пәнінен Альбина Пауадинова ІІІ орын (жетекшісі А.Бисембаева), 9-11-сынып оқушыларына арналған Қазақстан тарихы пәнінен республикалық байқаудың облыстық кезеңінен Даулет Нұрболатов І орын (жетекшісі Р.Ильясова), «Алтын сақа» олимпиадасының облыстық кезеңінен математика пәнінен Ислам Жақсылықов ІІ орын (жетекшісі Е.Айболат) иеленді. Ал 9-11-сынып оқушыларына арналған Қазақстан тарихы пәнінен республикалық байқаудың Республикалық кезеңінен Даулет Нұрболатов І орын (жетекшісі Р.Ильясова) жүлделі ІІ орынды қанжыасына байлады. 

Биылғы жылы мектепті 50 түлек бітірді. 11 «А» сынып білім алушысы Мырзабекова Алина, 11 «Ә» сынып білім алушылары Нұрай Болатова, Аружан Өміртаева жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісіне, 11 «Ә» сынып білім алушысы Ерсултан Каниев, 11 «Б» сынып білім алушылары Расул Съездов, Улжан Жеткергенова жалпы орта білім туралы үздік аттестатқа үміткер. республикалық жалпы білім беретін пәндік олимпиададан Қазақстан тарихы пәнінен республикалық кезеңнен 2 орын иеленген түлегіміз Даулет Нұрболатов (жетекшісі Роза Ильясова) екі университеттің (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті және Семей қаласындағы Шәкәрім университеті) грант иегері.

Тағы да оқыңыз: