Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі филиалы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының ұйымдастыруымен, Байқоңыр қаласының қала күніне арналған «Суреттегі сырлы әлем» және «Сыр өңірінің зергерлік өнері» атты жылжымалы көрмесі қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – ұлтаралық татулық пен келісімді, Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, Қазақстан мен Ресей мемлекеттері ынтымақтастығының көрінісі – Байқоңыр ғарыш айлағын, туған жер тарихын, еліміздің ұлы тұлғаларын көрмеге қойылған ғажайып туындылар арқылы насихаттау. Сыр мәдениеті мен өнерін кеңінен көрсету, суретшілердің кәсіби мәнері, көпқырлы өмір құбылыстарын көркем бейнелеудегі шеберлігін таныту. Көрерменнің көз алдына бүтін бір тіршілікті, өткен тарихты, қазақы болмысты елестету.
Көрмеге туған жер, еліміздің ұлы тұлғалары, жердің алғашқы жасанды серігі сынды тарихи оқиғалармен байланысты суретшілер шығармаларынан орын алған 30ға тарта туындылар және музей қорындағы Сыр өңіріне тән зергерлік бұйымдар қойылды. Көрме экспозициясынан тіршіліктің мың сан бояуларының ішкі дүниемен үндестігін, бейнелеу өнеріне тән әдемі иірімді, ұлттық болмысымыз бен тарих тағылымымызды көрсететін туындылар орын алды.
Суретшілердің шығармашылық керуенінен Байқоңыр ғарыш айлағы, ғарыш кеңістігі, ғылымның жетістіктері, туған жерге деген махаббат, қоршаған орта табиғаты сынды ой толғауларды көре отырып, өткен ғасырға сапар шегіп, сырласуға болады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен осы тақырыпқа шығармаларын арнаған суретшілер Ұлы даланың қанық бояуларын танытып, Сырдың көрікті келбетін ашып, ғарышқа көз тіккен қазақ халқының өрлігін сездіре білді. Көрмеге қойылатын суретшілер шығармаларының ішінде «Ғарыш кемесі» атты суретінің авторы Бекназаров Дәуренбек табиғаттың бір сәттілік бейнесін әсерлі де көркем беруге ұмтылған. Бұл шығармасы айқын да күрделі түсімен, шиыршық атқан бояуымен, белсенді кеңістік ортасымен, бейнелердің әсемдігімен және сырлылығымен ерекше көзге түседі. Картина мазмұны Байқоңыр ұшу айлағынан ғарыш кемесінің аспан кеңістігіне бет алған кезі.
Суретші Берік Бөкешовтің «95 – ұшу айлағында» – картинасында Байқоңырға жақын жердегі ауылдың бір шетінің көрінісі түйе жануарына мініп отырған ауыл адамдарының ұшып бара жатқан ракетаға қарап тұрғаны ит жануарының бейнесі ұзыннан ұзақ созылып жатқан электр желімдері бейнеленген.
Алпысбай Қазығұловтың картиналарының бояуларының байлығымен еркін сусындауға болады. Негізгі және қарама-қарсы түстердің бір-біріне әсерін еркін меңгерген. Кеңістікке көбірек орын беру, кейіпкерлерді керісінше шағын өлшемде келтіру арқылы мәңгілік дүниенің кеңдігін, тылсымдығы туралы ойландырады. Қазығұлов Алпысбай туындыларында романтикалық-символдық және сезімдік бастаулар көрініс тапты. Бұл суретшінің шығармалары айқын да күрделі түсімен, шиыршық атқан бояуымен, белсенді кеңістік ортасымен, бейнелердің әсемдігімен және сырлылығымен ерекше көзге түседі. Картина мазмұнында алыстан созылған көш көрінеді.
Көрмені Байқоңыр қаласының зиялы қауым өкілдері, өнер иелері, қала қонақтары мен тұрғындары тамашалады.