«Бәйтерек» кешенін іске қосу «Байқоңырдың» жұмысын белсенді етеді – министр – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

«Бәйтерек» кешенін іске қосу «Байқоңырдың» жұмысын белсенді етеді – министр

23.01.2020, 11:40

305 0

Kyzylorda-news.kz. Парламент Сенатының жалпы отырысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы «Бәйтерек» жобасын іске асырудың негізгі шарттарын өзектендіруді көздейді.

«Алғашында жобаны «Ангара» ресейлік зымыранның негізінде іске асыру жоспарланған болатын. Бірақ, «Ангара» зымыраны уақытында дайын болмағандықтан, Тараптар жобаны іске асырудың көптеген әртүрлі нұсқаларын қарастырып, талдау жасады. Мәселені қосымша пысықтаудың нәтижесінде Тараптар жобаны «Союз-5» зымыраны негізінде іске асыруды шешті», – деп тоқталды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.

Жалпы алғанда, Ресей Федерациясы зымыранды жасау үшін жауап береді, ал Қазақстан жерүсті инфрақұрылымы үшін жауап береді. Осы жобада Ресей тарапы «Союз-5» зымыранды, техникалық және старттық кешендерінде бақылау-тексеру жабдықтарын құруды, сондай-ақ үдемелі блоктың техникалық кешенін, ғарыш аппаратын және ғарыштық бастиек бөлігін жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Осы жұмыстар 916 млн АҚШ доллары сомасында бағаланды.

«Жаңғырту мақсатында 2018 жылы «Байқоңыр» айлағының 42,43 және 45-алаңдарында орналасқан «Зенит-М» кешенінің 243 нысаны Қазақстан тарапына берілді. «Қазақстан тарапы «Зенит-М» кешенінің жерүсті инфрақұрылымы нысандарын қайта жаңарту мен жаңғыртуды жасайды. Старттық және техникалық кешендерді жаңғырту, жұмыс істеп тұрғандарын күрделі жөндеу және қайта жаңарту, сондай-ақ жерүсті ғарыш инфрақұрылымының жаңа объектілерін салу жұмыстары жүргізілетін болады. Осы жұмыстар 233 млн АҚШ долларымен бағаланады. Жерүсті кешенін жаңғырту және құрылыс жұмыстары кезінде қазақстандық компанияларды барынша тарту жоспарланады, ол қосымша жұмыс орындарын береді. «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін іске қосу – «Байқоңырды» ең белсеңді ғарыш айлағы ретінде сақтауға мүмкіндік береді», – деді министр.

Оның атап өтуінше, аталған құжатты қабылдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешені бойынша стратегиялық әріптестік пен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

0

Пікір қалдыру