Kyzylorda-news.kz 25-28 мамыр аралығында Тайвань мемлекетінің Тайбэй қаласында өткен гір спортынан Азия чемпионатында жалағаштық төлеген Қайсар топ жарған болатын. Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов аймақ мақтанышына құрмет көрсетіліп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.

– Соңғы жылдары жалағаштық спортшылар байрағымызды биіктен желбіретер үлкен додаларда топ жарып, аудан, аймақ, қалаберді ел мерейін үстем етуде. Бұл аудан спортында соңғы жылдары серпін қалыптасқанын аңғартса керек. Жуырда өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Төлеген Қайсардың жеңісі бұл сөзімізді қуаттайды. Алдағы уақытта ел мақтанышының мұнан да биік белестерді бағындыратынына сенемін. Жеңісті күндер көп болсын, үлкен додаларда байрағымыз биіктен түспей, әнұранымыз шырқала берсін. Осы жолда жалағаштық спортшылар да талмай еңбек етіп жатыр. Сіздер – ауданның, аймақтың, еліміздің мақтанышысыздар. Сондықтан үкілеген үмітімізді ақтап, салада біраз белесті бағындырған жалағаштық спортшыларға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.  

14 мемлекеттің спортшылары бақ сынаған тартысты бәсекеде Жалағаштық Қайсар Төлеген жастар арасында 78 келі салмақ дәрежесінде өткен серпе көтеру жаттығуынан алтыннан алқа тағып І орынға, ұзын айналым жаттығуында ІІ орынға тұрақтаған. Бойындағы күш жігерін әлем алдында елдің абыройы үшін дәлелдей білген чемпионға Ардақ Ибраимов құрмет көрсетті. Жеңімпазға 200 мың теңге қаржылай сыйақы мен аудан әкімінің алғыс хатын табыстаған ол спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жаңа бастамаларға сәттілік тілеп, қашанда қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, 2016 жылы ауданда «Наркескен» спорт клубында арнайы гір спорты бойынша үйірме ашылған. Азия чемпионы Төлеген Қайсар – осы үйірменің мүшесі. Аудан құрама командасын дайындап, олардың спорттық деңгейін жақсартуға бұл бастама сеп болғанын жақсы білеміз. Сол жұмыстар бүгінде өз жемісін беріп, аталған спорт түрі дамып, онымен айналысқысы келетін жастар қатары артқан. 

– Аудан әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен гір спорты үйірмесі талапқа сай қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Спортшылардың сайыстарға қатысуына жағдай жасалды. Гір тасын алақанда ойнататын Абдулхасан Сейтеновтің шәкіртттері, «наркескендіктер» намысты қолдан бермей, еліміздің, облыстың, ауданның абыройын асқақтатуда. Бүгін аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы спортшымызды қабылдап, құрмет көрсетті. Бұл спортшымыз үшін, біз үшін үлкен шабыт болды, – дейді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатов.

Иә, «Наркескен» спорт клубындағы гір спортының үлкен жетістіктерге жетуінде үйірме жаттықтырушысы Абдулхасан Сейтеновтың де еңбегі зор. Ол күні-түні шәкірттерін шыңдауда қажырлы еңбек етті, бүгінде оның жемісін аудан жұрты көріп отыр. Олай дейтініміз, шәкірттері қазіргі таңда тек аудан, облыс көлемінде ғана емес, көк байрағымызды биіктен желбіретіп, әлемді бағындыруда. Міне, осының бәрі – білікті бапкердің тыңғылықты жұмысының жемісі. Қайсар да Азияны бағындыруда бапкерінің үлесі зор дейді.

– Мен бұл үйірмеге 8 сыныпта келдім, бапкерім Абдулхасан Сейтеновпен аудан орталығындағы алаңда өтіп жатқан спорттық сайыста таныстым. Содан бері гір спортымен айналысып келемін. Аптасына 3 рет спорт залда дайындаламын. Үздіксіз дайындықтың арқасында бапкеріммен бірге үлкен жетістіктерге жетіп жатырмын. Қазақстанды әлемге танытып, көк байрағымызды әлемдік додаларда желбірету үшін қолымнан келгенше еңбек етемін. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Азия чемпионатына 14 мемлекеттен үміткерлер келді. Соның ішінде топ жарып, артылған сенімді ақтадым. Ендігі мақсат – оза шауып, Әлем чемпионы атану, – дейді Қайсар Төлегенұлы.

Айта кетейік, Қайсар Төлеген – Дәуімбай елді мекенінде орналасқан З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің түлегі. Ол бүгінде облыс орталығындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру» факультетінде облыс әкімінің грантымен білім алып жатыр. Бұған дейін салада жеткен жетістігін тарқатып айтсақ, Қайсардың атына заты сай азамат екеніне көз жеткізесіз. Жалағаштық спортшы осыған дейін Қазалы қаласында өткен «Алтын күз» ауыл спартакиадасында да 73 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеді. 

Аталған үйірменің ауыз толтырып айтатындай мақтан тұтар басқа шәкірттері де жетерлік. Себебі онда өз ісінің білікті маманы, нағыз шебер жаттықтырушы Абдулхасан Сейтенов чемпиондарды шыңдап, аудан спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүр.

– Үйірмеге аудан, ауыл білім ошақтарынан аптасына 4 күн 60-тан аса оқушы келеді. Спортшыдан керегі бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайызы еңбек. Жігіттер сондай еңбекқорлығының арқасында спортта талай сыналды. Олар спорт шеберіне үміткер атағын алу үшін де біраз тер төкті. Мәселен, Қайсар Төлеген осындай тынымсыз жаттығудың арқасында спорт шебері атанды, – дейді гір спорты үйірмесінің бапкері Абдулхасан Сейтенов.

Айта кетейік, үйірме қатысушылары ауыл спортшылары бас қосатын «Алтын күз» спартакиадасынан соңғы 3 жылда командалық есеп бойынша алғашқы үштіктен түспеген. Аудан жұртының  үмітін ақтаған спортшылар алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына кіріп, ел абыройын Азия және Әлем чемпионатында қорғап, мемлекет мерейін үстем етеді деп сенеміз.

Тағы да оқыңыз: