Kyzylorda-news.kz ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту мәселесі талқыланды.
Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, отырыстан соң жауапты сала басшыларына күн тәртібіндегі мәселеге орай жиналыс өткізді.
«Үкімет басшысы орталық атқарушы органдар мен өңір әкімдеріне саладағы жұмыстарды бақылауға алып, сапалы жүргізуді тапсырды. Биылға жоспарланған жол құрылысы жобалары сапалы әрі мерзімінде жүзеге асырылуы керек. Жол сапасын жақсарту, жөндеу, асфальт төсеу қазан-қараша айларына дейін толық аяқталуы тиіс. Өздеріңізге белгілі, әрбір жобаға қойылатын басты талап – құрылыс сапасы. Дегенмен Жол активтері ұлттық сапа орталығы жүргізген тексеруден кейін бірқатар кемшілік анықталды. Бұл кемшіліктер толық қалпына келтірілуі тиіс. Мемлекет басшымыз Ұлттық құрылтай отырысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы басталатынын, «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы биыл қолға алынатынын атап өтті. Бұл жобалар Президентіміздің тікелей бақылауында. Аталған маңызды жобалардың мерзімінде басталуын қамтамасыз етіңіздер. Тиісті министрліктермен жұмыс жасаңыздар. Қыстың соңғы күндері табиғат тосын мінез көрсетіп, бір күн бойы нөсер жаңбыр жауды. Артынша қатты жел тұрып, аяз болды. Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарына қарасты бірқатар елді мекендегі электр желілеріне, қондырғыларға, ағаштарға толықтай мұз қатып, қалың қар жауып, бағаналар, талдар құлады. Салдарынан 250-ден астам электр бағанасы құлап, 80 шақырымға жуық желі үзілді. Апатты жағдайды қалпына келтіру мақсатында жедел штаб құрылып, «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясының 170-тен аса маманынан құралған жедел жөндеу бригадалары, 80 арнайы техника жұмылдырылды. Тұрғындарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде электр энергиясымен қайта қамтамасыз ету үшін 24 сағат бойы үзіліссіз, күшейтілген режимдегі жұмыс екі ауысымда жүргізілуде. Уақытпен санаспай, күні-түні нысандар басынан табылған коммуналдық мекеме қызметкерлеріне, қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан, жағдайға түсіністікпен қараған жергілікті тұрғындарға, елді ауызбірлікке шақырған ауыл ақсақалдарына, ел ағаларына зор алғысымызды білдіреміз», – деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ, басқосуда коммуналдық салалар жұмысты күшейтілген режимде жалғастыруы қажет екені айтылды. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық жұмыстары да күн тәртібінен түспейді. Бұл бағытта да нақты тапсырмалар жүктелді.
Еске салайық, өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпірлер жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.
«Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облыс аумағынан өтетін 216 шақырымының құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Биыл да жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 56 жобаға қаржы бөлінді. Оған өңірдегі 136 шақырым жол мен көпір өткелдері жөнделеді.
