Kyzylorda-news.kz. ХІХ ғасырда Сыр бойында діни ілімді дәріптеп, ілім құдіретін бойына жиған жан аз емес. Солардың бірі – Мырзабай ахун еді. Атақты ахунның заманында әулиелігімен, діндарлығымен танылғанын бүгінде ел жұрт тегіс біледі. Ол кісінің ерекше қасиеттерін айқындай түсетін небір аңыз-әңгімелер де ел аузында жүр. Мырзабай ахун ел ішінде беделді, сыйлы болғаны сонша алдынан ешкім кесе өтпейтін болған. Өте білімді Мырзабай ахунның алдында төселіп сөйлеп кету екінің бірінің қолынан келмесе керек.
Ахунның өмірдерегін зерттеген ғалымдардың сөзінше, ауылда мұсылманша сауат ашқан Мырзабай «Көкілташ» медресесіне 16 жасында оқуға түсіп, оны 1854 жылы үздік бітіріп, «ахун» атағын алып шыққан екен. Қазіргі зерттеушілердің айтуынша, ахун – жеті ілімді меңгерген адам немесе жеті ғылыми жұмысты қорғаған жан. Бұлай айтуларының да себебі бар. «Сол кездерде «Көкілташ» медресесінде аспан әлемі, математика, медицина, жағрафия, философия, жаратылыстану және дін ілімі тереңдетіліп берілген» дейді мамандар. Осылардың барлығын меңгеріп шыққан маманға «Ахун» атағы беріледі екен.
Осыншама ғылымды меңгерген Мырзабай ахун 4 жыл сол «Көкілташ» медресесінде сабақ береді. Содан кейін білім нұрын өзге аймақтарға таратайын деген ол Сыр өңіріне келмес бұрын, Әмудария жағасына қоныс тепкен, Беруни қаласының маңындағы Тақтакөпір деген жерге келіп, Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауылын сағалаған екен. Өйткені Сыр бойындағы халық отырықшылыққа бейімделе қоймаған, бала оқытуға мешіт салмаған көрінеді. Ал Қарақалпақ жерінде мешіттер болыпты. «Оның сол жақта білім беріп жүргенін естіп қалған Ораз ахун оны елге алып келу үшін барады. Сонда Сыр өңірінде мешіттердің салынғалы жатқанын, жалынды жастардың бар екенін, байлардың оған қаржы құятынын естіген. Сөйтіп елге оралады. Осындай ел ішінде мысы артқан ахунның атындағы ауылдың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтуды жөн көрдік.
Берекелі бейсенбі күні ауылдарға сапарымызды жалғастырып, тіректі ауыл Мәдениетпен іргелес жатқан Мырзабай ахун ауылына беталдық. Жұмыс күні басталысымен аталған ауылға жұмыс сапарымен ат басын бұрған біздер көптен көрген ұлы той демекші, ауыл тұрғындарының ұлан-асыр сабан тойының куәсі болдық. Ауыл халқының қуанышын еселеген елеулі күні Мырзабай ахун ауылына беттеген біздер ауыл әкімімен жүздестік. Киелі мекен саналатын ахун ауылының қазіргі әкімі Әліби Байнахатов та жыл бойы атқарған шаруаларының түйінін тарқата кетті.
Шағын ауылда бүгінде 82 кәсіпорын бар. Оның қазіргі таңда 80-і жұ-мыс жасап тұр. Бұл цифрлардан ауылда тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосуда белсенділік барын аңғару қиын емес. Оның үстіне «Әрбір елді мекенде тіркелген кәсіпкерлік субектілерінің кемі 95 пайызы жұмыс жасап тұруы тиіс» деген талапты асыра орындайды.
Жергілікті тұрғындардың кәсіпке бейім екенін аңғару қиынға соқпады. Әсіресе мұндағы халықтың бұл мақсатқа жасалған кез келген мүмкіндікті құр жібермейтіні көрініп-ақ тұр. Былтырдың өзінде 6 ауыл тұрғыны пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығында кәсібін ширатып отыр. Оларға мемлекет тарапынан жалпы құны 20 млн 862 мың теңге үлестірілген. Мұнан бөлек тағы 6 азамат грант жеңіп алған. Олардың әр қайсысы 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған. Жоба авторларының бірі құлынды биелер алып, тұтынушыларын саумал, қымыз сынды өнімдерімен қамтамасыз етуді көздесе, енді бірі ірімшік, құрт сатуды қолға аған. Бұдан өзге ет бағытында жарқын жобаларды қолға алғандар да жоқ емес. Бүгінде бұл жобалар әлі күнге дейін жұмыс жасап тұр.
«Жалпы, кәсіпке ауыл халқы тарапынан қызығушылық бар. Олардың кейбірі мемлекет тарапынан қандай қолдау барын біле бермеуі мүмкін. Сондықтан біз мейлінше түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырамыз. Нәтижесін көріп отырсыздар, қазір Мырзабай ахунда мемлекеттік бағдарламалармен кәсіп бастаған азаматтар санында өсім бар. Бұл – елдің ынтасы мен оларды сүйемелдеу жұмыстарының жемісі. Биыл да кәсіп ашып, жұмыс бастауға талап қылып отырғандар жетерлік. Алдағы уақытта олар да мемлекеттік қолдаудан құр қалмайды деп ойлаймын. Тіпті алды қаржылай қолдауға ие болып, бүгінде жұмысын бастап кетті», – дейді Роза Жоламанова.
Биыл тағы бір ауыл тұрғыны ірі қара басын көбейту және асылдандыру мақсатында мемлекеттік қолдаудың көмегіне жүгінген. Пайыздық үстемақысы төмен 3 млн 850 мың теңге несиеге ие болған Айсұлу Қосымова жергілікті қашарлар мен 1 бас асыл тұқымды бұқа сатып алған. Кәсіпкер алдағы уақытта сүт бағытында жұмыс жасап, ағарған өнімдерімен тұтынушыларын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
Жалпы, Мырзабай ахун ауылында мал ұстап, оның өнімін нарыққа шығаруда табысты еңбек етіп жатқандар жоқ емес. Әсіресе елді мекенде қымыз, саумал өндіру бір ізге түскен, қазіргі таңда ауылда үш үйдің бірі бие байлайды. Осыдан-ақ халықтың кәсіпке талабы таудан екенін түсіне қойдық.
«Халықтың негізгі тіршілік тынысы ауыл шаруашылығына тәуелді. Сондықтан мал және егін шаруашылығын таптаурын жоба деп қарауға болмайды. Себебі халық содан негізгі табысын айырып отыр. Мал алып, оның соңында жүрген ешкім жоқ, бастысы, айналым бар. Бүгін келген мал екі айдан кейін бағылып нарыққа шығады, сүт бағытында да өз жобаларын жүзеге асырып отырған тұрғындар жоқ емес. Алдағы уақытта саланы дамытуға әлі де басымдық береміз. Бастысы, халықта ынта бар, талап болса, мемлекет тарапынан қандай қолдаулар болатынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сол мүмкіндікті халықтың тиімді пайдалануына жұмыс жасаймыз», – дейді Роза Нұрланқызы.
Иә, елде ынта бар, оларды сүйемелдеу жұмыстары да бір ізге түскен. Сондықтан бас маманның әрбір айтқан байыпты бастамасының шындығына таласымыз жоқ. Өйткені сол кәсіп иелерінің әрқайсысының жұмысын барып та көрдік. Ол жайлы басылымның алдағы сандарында айта жатармыз. Енді ауыл тынысына қайта ойысайық...
Тұралаған мәселелердің
түйіні тарқатылған
Осыған дейін аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауыл халқымен бірнеше рет кездескен. Мақсат – елді мекенде қандай мәселелер бар, оның шешімі қалай, осы сауалдардың түйінін тарқату. Сонда ахун атындағы ауыл тұр-ғындары елді мекенде жол сапасына қатысты және әлеуметтік нысандар тапшылығы жайында бірқатар мәселені әкім назарына салған. Бүгінде ауылда осыған дейін тұралаған мәселелердің алды шешімін тауып жатыр екен.
Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде елді мекендегі Колхоз және Мәдениет көшелерінің сапасына мән берілген. Жалпы құны 130 млн теңгеден астам қаражатты құрайтын қос жобаның арқасында ауылда екі көшеге асфальт төселіпті. Елдегі тұралаған мәселелердің шешімін тапқанына бүгінде жергілікті тұрғындар дән риза.
«Шыны керек, ауылда жол сапасы өте төмен болды, бұған дейін де бірнеше рет аудан әкімдері келгенде бұл мәселені көтергенбіз. Жауап белгілі ғой, «Барлығы қаражатқа келіп тіреледі, алдағы уақытта шешіміне жұмыс жасаймызбен» келесі сауалға ойысатын. Былтыр аудан әкімі Асқарбек Есжанов келгенде де назарына салғанбыз. Бірақ жылдағы дәстүрмен «тағы да кейінге қалады» деген күдік болды. Себебі жаңа әкім «мәселелеріңді шешіп беремін» деп нық айтқан жоқ, алдымен зерттеп, шын өзекті болса, шешуге жұмыс жасайтынын жеткізген. Азамат арық сөйлеп, семіз шықты. Елге жасаған жұмысының нәтижесін көрдік. Бүгінде ауылдағы екі көшенің сапасына мән берілді. Сондықтан аудан басшысына алғысымыз шексіз, биыл ауылдағы басқа да ішкі көшелердің сапасына мән беріледі деген жағымды жаңалықты естіп жатырмыз. Халықтың, елдің ішіндегі өзекті мәселелерге осылай жиі көңіл бөлінгені жақсы ғой, – дейді Колхоз көшесінің тұрғыны Нұркелді Мейрамбеков.
Роза Жоламанова биыл ауылдағы тағы да екі көшенің сапасын жақсарту үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын айтады. Алдағы уақытта бұл жобалар қолдауға ие болса, Мырзабай ахун ауылындағы Жаңақоныс пен Кенжебек Оспанов көшелеріне де асфальт төселеді.
Былтыр барғанымызда ауылдағы шағын футбол алаңының астындағы төсеніш желмен желбіреп тұрған. Биыл оның да сапасына мән берілген. Яғни жалпы құны 3 млн 700 мың теңгеге ойын алаңының төсеніші ауыстырылған. Спортты серік еткен жастар қазір оның игілігін көріп отыр. Сондай-ақ ауыл мектебін он жыл бұрын бітірген түлектер сол ойын алаңына жарық шамдар жүргізіп беріпті. Бұдан елге, туған жерге деген жастардың құрметін аңғару қиын емес.
Мырзабай ахунда ауылдық емхана мәселесінің қанша әкімнің тұсында айтылғаны есімде жоқ, әйтеуір бұл ауылдағы тұралаған мәселелердің сапында екенін жақсы білеміз. Ауылдық емхана мүлде жоқ емес, бірақ ғимаратының сапасы бүгінде сын көтермейді. Елдің мәселесін былтыр барғанда Асқарбек Темірбекұлы тыңдап, тіпті қазіргі нысанның жай-күйімен де танысқан. Ал биыл жылдың алғашқы тоқсанында аудан басшысы ауыл халқына сүйінші жаңалықпен барды. Яғни дәл осы жылы Мырзабай ахунда ауылдық емхананың іргетасы қаланады. Жобаның жалпы құны 385,9 млн теңгені құрайды.
Ауылдан келген бойда бүгінгі сапарымызды әлеуметтік желіде жария-лағанбыз. Сонда жергілікті тұрғындардың бірі ауылдық клуб мәселесіне қатысты өкпе-назын бөліскен. Әлбетте барлығы бір уақытта шешімін тауып жатса жақсы ғой, бірақ ондай мүмкіндік бола бермейтінін де түсінген дұрыс шығар. Бастысы, рет-ретімен мәселелер шешімін тауып жатыр. Рас 1 200-ден астам халқы бар ауылда мәдениет ошағының жоқтығы жанға батады. Бірақ бұл мәселе де аудан басшысының назарында. Бұйыртса, 2024 жылы ауылда мәдениет үйі бой көтереді. Бұған қатысты жасалған арнайы жоба да жоқ емес.
«Бал Диқан» байыпты бастамаларды қолға алуда
Ауыл тынысымен танысып болғаннан кейін егіс басынан ақпарат алуға шықтық. Мақсат – былтыр Сыр салысынан тау тұрғызған ауыл еңбеккерлерінің қазіргі жұмысымен танысу. Білім ошағының іргесіндегі кө-шені бойлап келе жатқанымыз сол еді, екі-үш адамның диалог құрып тұрғанын көзіміз шалды. Қасымыздағы әкімдіктің бас маманы Талапбек Тоқ¬тарбаевтың тоқтай қалмасы бар ма, ағамыздың аялдайтындай реті бар екен. Әлгі үш азаматтың ішіндегі біреуі биыл ғана құрылған «Бал Диқан» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары Баубек Сақтағанов ағамыз екен.
Баукеңнің нағыз шаруаның адамы екені көрініп тұр, сөзіне құлақ ассаң, жобаларының барлығы ауылдың абаттануына, әлеуетінің артуына бағыт¬талған. Бірқатар ішкі көшелердің жиегін қоршап, әлден көркейту көгалдандыру жұмыстарын жергілікті шаруашылық бастап кетіпті. Алдағы уақытта жас шыбықтардың жасыл желекке айналмасына кім кепіл?.
Биыл шаруашылық 400 гектардан астам алқапқа Сыр салысын сепкен. «Серіктестіктің құрылғаны биыл, осынша жерді қалай игереді?» деген күдігі басым сауалдан ада болыңыз. Себебі мұндағы еңбек ұжымының шаруасы ширақ, бір жағынан салаға қажетті заманауи техниканың барлығы бар.
«Бір ғана күрішке қарап отыруға болмайды, мұндай түсініктегі адам әрі кетсе, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға ғана шамасы жетеді. Еңбек-керлер жылдағы жұмысын өздері жасай береді. Біз ауылда кәсіпкерлік саласын дамытуға, елдің әлеуетін көтеруге, халықты кәсіп бастауға үндеуге, қолдауға басымдық берсек дейміз. Бұл бағытта ойда жүрген жоспарлар көп, бастысы, соның барлығы сәтімен жүзеге асса болғаны. Тұрғындар тек жала-қыға қарап отыруға болмайды. Бұл түсініктен арылу үшін кәсіпке бейімделуіміз керек. Қазіргі таңда «Бал Диқан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 50-ден астам ауыл тұрғыны жұмыс жасайды. Алдағы уақытта егіс алқаптары кеңейсе, жұмысшылар қатары да артады. Бізде бір ғана мақсат бар, ол – елдің әлеуетін көтеру», – дейді серіктестік директоры Ғалымжан Балабатыров.
Баукеңмен екеуара диалогтың ұзаққа созылғаны соншалық егіс басына баруға уақытымз болмады, бір сөзбен айтқанда, ауылдан әрі аса алмадық. Себебі ел ішінде серіктестік тарапынан қолға алынған жобалардың жұмысымен таныстық.
Еңбекке елді үндеген азаматтың мәселесі ескерілсе...
Бұған дейін Мырзабай ахунда наубайхана болған, ас атасын өндіретін кәсіпорын ахун атындағы ауылдан бөлек мәдениеттіктерді де өз өнімімен қамтамасыз еткен еді. Кейін бұл жоба жұмысын тоқтатқан, «Бал Диқан» құ-рылғалы наубайхана жұмысы қайта жанданыпты. Серіктестік басшылығы елге жұмыс болсын деп кәсіпорынды қайта іске қосқан. Қазіргі таңда мұнда бөлке наннан бөлек кондитерлік өнімдер де дайындалады.
Наубайхана басшысы Нұрбек Қарылханов мұндағы өнімдерге сұраныс мол екенін айтады. Бұған дейін тұтынушылардың сұранысын толықтай қамтамасыз етуге ондағы құрылғылардың көнелігі қолбайлау болған. Биыл жұмысын бастаған жергілікті шаруашылық бұл мәселені шешіп беріпті. Яғни Алматы қаласынан озық технологиялар алып келіп, қолда бар істен шыққан құрал-жабдықтарды да қайта іске қосып берген.
Кез келген кәсіпкерде бір ғана мақсат болады, ол – тұтынушыларын сапалы өніммен қамтамасыз ете отырып, табысқа кенелу. Алайда Мырзабай ахун ауылындағы «Бал Диқан» шаруа қожылығы басшылығының мақсаты мүлде басқа. Яғни «тапқан табыстың игілігін тек халық көрсе» деген бір ғана мұрат бар.
«Ол не деген батпан құйрық?» дейтін шығарсыз, иә, олардың бар мақсаты сол, тіпті оған бірнеше дәлеліміз де бар. Мына қызықты қараңыз, әлі күнге дейін шаруашылық наубайхананы шикізатпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Нан және түрлі кондитерлік өнімдер шығаруға қажетті ұн, май секілді шикізат шаруашылық қаржысына сатып алынады. Алайда мұндағы қызметкерлердің тапқан табысынан шаруашылыққа бір тиын да пайда жоқ. Себебі серіктестік басшылығы осындай шешім қабылдаған, наубайханадан түскен табыс осындағы қызметкерлерге ғана тиесілі, елдің әлеуетін көтеру үшін оларды тіпті жалақымен де қамтамасыз етіп отыр.
Иә, тек қаражатпен жұмыс жасап, тиын санап қалғандар үшін бұл ақы-мақтық шығар, алайда “Бал Диқан” ЖШС директоры Ғалымжан Жұма-байұлы «бұл шешімнің кесірінен көк шығынға баттым» деп есептемейді. Керісінше ауыл халқының қажетіне жарау үшін басқа да жобаларды жүзеге асыруға асық.
Серіктестік директорының орынбасары Баубек Сақтағановтың бір ғана талап-тілегі бар, ол мұндағы аға-апалардың табысын арттыру үшін 4 адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қоғамдық жұмысқа алғысы келеді. Себебі бұған дейін өнім көлемін ұлғайтуға құрал-жабдықтардың тапшылығы қолбайлау болса, енді еңбек өнімділігі жетіспейді. Яғни кәсіпорынға әлі де жұмысшылар қажет. Онсызда табысынан бір тиын да пайда көрмейтін шаруашылықтың тағы да төрт адамды жұмыспен қамтуға қайдан шамасы келсін, сондықтан Баукеңнің бұл талап-тілегі орынды.
«Қазіргі таңда Мырзабай ахун мен Мәдениет ауылын өз өнімдерімізбен қамтамасыз етіп отырмыз. Негізінен Мақпалкөл, Жаңаталап ауылдарынан да көптеп сұраныс түсіп жатыр. Біз олардан амалсыздан бас тартамыз. Себебі оның бәріне үлгеру үшін тағы да жұмысшылар қажет. Онсызда біздің табыстан бір тиын да дәметпейтін және бізді жалақымен қамтамасыз етіп отырған жергілікті шаруашылық басшысына қайта-қайта қол жаятындай «нан берсе, бетіне май сұрайтындардың» сұрпынан емеспіз. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларымен төрт адам алсақ, шаруамыз ширайтын еді, мемлекеттен сұрайтын барлық көмегіміз сол», – дейді наубайхана басшысы Нұрбек Қарылханов.
Қазір мемлекет кәсіпке бет бұрған азаматтарды жан-жақты қолдап жатыр. Жергілікті әкімдік те мейлінше еңбек етемін дегендерді соңғы бір жылда мейлінше қолдауға белсене кірісті. Ахун атындағы ауыл азаматтарының да бұл өтініші орындалып қалар деген бір ғана үміт бар.
Бұл – ауылдағы жергілікті шаруашылықтың қолға алған бір ғана жобасы. Серіктестіктің жеке қаражаты есебінен ауылда үлкен орталық салынуда. Алдағы уақытта бұл жерде жергілікті тұрғындарға тойхана, әлеуметтік дүкен қалтқысыз қызмет етеді. Жұмысшылар нысан құрылысын 80-90 күнде аяқтауға бел буып отыр. Демек, бұл орталық алдағы күзде ел игілігіне беріледі. Иә, бұл жай ғана орталық емес, халыққа үлкен пайдасы тиетіндіктен алдағы жұмысына жан-жақты тоқталғанның айыбы жоқ шығар. Баукең мұндағы әлеуметтік дүкенде азық-түлік өнімдері аудан былай тұрсын, облыс орталығындағы төмен бағада тауар сататын сауда орталықтарының бағасымен бірдей болатынын айтады. Ал тойхана халыққа тегін құдайы ас, той-томалақ өткізуге беріледі. Тек дастарханға қоятын заттарын алып келсе болғаны. Сондай-ақ бұл жерде алқалы жиындар мен кездесулер, кеңестер өтетіндей қонақтарға, ауыл азаматтарына жағдай жасалады.
Келер жылы «Бал Диқан» шаруа қожалығы ауылдан спорт кешенін салуға ниеттеніп отыр. Бұл жобасы жүзеге асса, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға, елді спортқа баулуға үлкен қолғабыс болары сөзсіз. Біз айтып отырған жобалар – Мырзабай ахунда биыл жүзеге асқан және келер жылдың еншісіндегі жұмыстар. Болмаса «Бал Диқанның» ауыл үшін әлі де қолға алатын жұмыстары мұнымен шектелмейді. Баукеңнің өтініші бойынша оны әзір жария етпеуді жөн көріп, алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.
Айтпақшы келер жылдан бастап жергілікті шаруашылық кәсіп ашамын деген ауыл азаматтарына пайызсыз қаржы үлестіруге бел буып отыр. Кейін кәсібі жанданған жергілікті тұрғындар тек алған қарызын қайтарады. Бұл ауыл халқы үшін үлкен көмек екені сіз бен бізге айтпаса да түсінікті.
Міне, Мырзабай ахун ауылында осындай тірлік болып жатыр. Елдің ауызбіршілігі мығым, азаматттардың туған жерге деген құрметін жоғарыда айттық, кәсіп ашуға жергілікті тұрғындардың талабы таудай. Мұндай игі бастамаларды жүзеге асыруды мақсат еткен елдің ертеңі жарық болары сөзсіз.