Kyzylorda-news.kz. «Қызылқұмды игеру!», «Екінші тың ерлері!» Бұл сонау алпысыншы жылдардың басында Қармақшы ауданында жаңа құрылып жатқан шаруашылықты өркендетуге белсене кіріскен әр азаматтың жастық жалынына оранған, ерекше мақтаныш сезімімен айтатын сөздері еді. Үлкенді-кішілі жиналыстардың мінбесіне көтерілген лауазымды кісілер де баяндамасына осы сөздерді тұздық етіп, көбірек қолдануды үрдіске айналдырған. Себебі, қызығынан қиындығы басым мал шаруашылығына адам тарту, олардың жауапкершілігін арттыру ісінде әрқайсысын арқадан қағып: «Сен осындай ерекше істерге ұйытқы болған тарихи кезеңдегі еңбек майталмандарының бірісің» деп, ынталандырып отыру мәні зор мәселенің бірі болатын. Малшы еңбегін мақтаныш тұтуға, әсіресе шопан таяғын жаңа ұстаған жастардың жігеріне жігер қосуға ықпал ететін, саяси салмағы басым сөз қолданыстарының бірі болды бұл.
Ауылдың ұранына айналған бұл сөздердің мән-мағынасын онша ұғына қоймасақ та балаң көңілмен «тың игерушілердің балаларымыз» деп біз де кеуде қағып, қомпиып жүруді мәртебе көріп өстік. Ферма бастығы Ілекеңнің домбыраға қосып, сылқытып отыратын «Аққырға жайған мал семіз» әнін кластағы тәрбие сағаттарында көзімізді жұмып алып, бар нақышына салып айтуды мақтаныш көретінбіз.
Ал ауылдағы электрик Ықыластың сөзіне жазылған белгілі жырау Сәрсенбайдың Бегалысының «Қуаңдария вальсі» жастар арасында көп айтылып, осы күнгі тілмен айтқанда «хитқа айналып» кетіп еді.
Кім не десе де негізгі тіршілігін мал өнімдерін өндіру, мемлекетке ет, жүн, қаракөл елтірісінің түрлерін жоспарлы өткізіп отыру ісіне бағыттаған шаруашылық құрылымы, оның жанындағы түрлі қызмет көрсету мекемелері 2500-ден астам тұрғыны бар ауылдың барлық азаматын түгел жұмыспен қамтыды. Шаруашылық әдісімен салынған екі мезгілде 600-дің үстінде оқушы білім алатын мектеп, ауылдық клуб, кітапхана үйлері бірінен соң бірі бой көтеріп, ауыл көркіне көрік, ажарына ажар қосып тұрғандай еді.
Ертеңгілік жолдама қағаздарына қол қойылған соң бірінен соң бірі гараждан шығып түрлі бағытқа бет түзеген машина, тракторлар жүректен шығып, тұла бойға тарайтын қан тамырлары тәрізді тарамданған қара жолдарды қуалай жүйткіп, тіршілік тынысын нәрлендіре түсетін.
Осындай қызу тірліктен бойына қуат алған жас шопандар мен жүргізушілер, механизаторлар мен құрылысшылар малшы тойларында еңбек майталмандары атанып, дүркіреген қызу тірліктің тайқазанын талай тасытып еді-ау!
Айтатыны жоқ, Жетіасар даласынан Өзбекстанның Тамды ауданы шекарасына дейінгі жердегі ұлан байтақ жайылымды тиімді игеру, ол үшін мал азығындық дақылдар мен жемшөп дайындайтын Есболат, Қаратай, Шәргелтай сияқты үлкен-үлкен шабындық массивтерді, Жанжігіт, Бақанды, Таңатар сияқты арналарды тиімді пайдаланып, ел игілігіне жарату мал шаруашылығы мамандарының тынымсыз да ізденісті істеріне байланысты болатын.
Бұл жолы үш фермаға топтастырылған қырық мыңға жуық қойы, жүздеген түйе, жылқы сияқты ірі қара малы болған Қуаңдария деп аталған үлкен кеңшардың құрылған күнінен бастап, экономиканың жаңа нарықтық жүйесіне көшкен уақытқа дейін шаруашылықтың басшылық қызметтерін біліктілікпен атқарған іскер маман, елге сыйлы болған ағалардың бірі туралы қалам тербеп көрмекпіз.
...Жоғарғы оқу орнын бітіру қарсаңында отау құрып, бас қосқан екі жастың тойында халыққа енді танылып келе жатқан жас ақын Өтеген Күмісбаевтың:
«Қармақшылық Сламбек,
Сыр сазанын жеп өскен.
Қазалылық Раушан,
Қырдың гүлін теріп өскен», – деп басталған арнау жырымен қанаттанып, бес жыл бойы алған білімін, азды-көпті игерген тәжірибелік дағдыларын туған жерді түлетуге арнамақ болған жас мамандар Сламбек пен Раушан қол ұстасып Қармақшы ауданын бетке алған-ды.
Сламбек Жақсылықұлы Алматыдағы зооветеринарлық институтынан «Ғалым-зоотехник» мамандығын иеленген жас түлек болса, Раушан Тәжіғұлова – Қыздар педагогикалық институтын физика-математика мамандығы бойынша бітірген жас ұстаз болатын.
1962 жылы алғаш келгенде Сәкеңе аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас зоотехнигі қызметі ұсынылды. Мамандығы бойынша атқарған бұл жұмысында түрлі салада қызмет атқаратын азаматтармен араласып, аудандағы мал шаруашылығының өркендеу бағытын бағдарлау мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1963 жылғы қараша айындағы №901 «Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында қой шаруашылығын өркендету арқылы шаруашылықтар ұйымдастыру туралы» қаулысын жүзеге асыру мақсатындағы қарбалас жұмыстар 1964 жылдың қаңтар айында басталып кеткен еді. Осыған орай облыста мал шаруашылығын өркендетуге бағытталған 6 шаруашылық құру белгіленген болса, Қармақшы ауданы бойынша Ақжар, Ленин атындағы іргелі шаруашылықтардан Қуаңдария, Жаңақала кеңшарлары бөлініп, өз алдына ірге көтеріп жатты.
«Жас келсе – іске» дегендей, қазығы енді қағылып жатқан жаңа шаруашылыққа жіберіліп, «Қуаңдария совхозының бас зоотехнигі» деген мәтіндегі бұйрықты қолына ұстаған сәтте Сәкеңнің сәл абдыраңқырап қалғаны да рас. Дегенмен жаңа қызметке кірісе келе өзіне аударылған ел ықыласы мен аудан басшыларының сенімі көңілде селкеуленіп тұрған қобалжу сезімін аз уақытта-ақ сейілтіп жіберді.
Жұмысқа келген алғашқы күннен-ақ жылдар бойы сырын ішіне бүгіп жатқан Қызылқұм бөктерін бірнеше белдеуге бөліп, жаз жайлау, қыс қыстауға ыңғайлы жерлер мен көктемде мал төлдетіп, күзде күйек алатын жерлердің жобалық сызбаларын жасады. Тәжірибелі шопандар мен ауыл ақсақалдарынан топ құрып, Қосшың, Оңғарбай бағытын, Егізкөк, Қырыққұдық жерлерін аралап қайтты. Жаңадарияның өткел берер тұстарын межеледі. Қолда бар мал мен қызмет көрсететін техниканың жалпы есебін алды. Сөйтті де Қызыл беттегі малды екі фермаға бөліп, Сыр бойының Аралық мал жайылымындағы малды өзінше ферма етіп, әзірге орнында қалдыра тұру жөнінде алғашқы ұсынысын жасады. Сонымен бірге бас зоотехниктің алдында ағып тұрған әр бұлақтың су көлемі қанша, айнала жайылымы неше отар қойды көтереді, мал өнімдері дегенде қаракөл елтірісін дайындаудан басқа жабағы жүн қырқымы мен күземді қай жерден алу керек деген сияқты мәселелер бірінен соң бірі тізбектеліп тұрды.
Малшы қыстауларына қысқы мал азығын даярлайтын шабындық болмағандықтан шөпті Иманалы жерінен дайындау туралы сол жердегі шаруашылық басшыларымен келісімдер жасау жұмысы да өз алдына бір бөлек шаруа еді. Өзі бір естелігінде жазғанындай, 60 -70 мың тонна шөпті Қармақшы кеңшары жеріндегі Иманалыдан 170-180 шақырым болатын қыстық мал қораларына жеткізу де оңай болған жоқ. Оның үстіне шөп бос тасылатын еді. Осы арада шабылған шөпті престеуді 1967 жылы ғана алғашқы болып қолға алған Қуаңдария шаруашылығы болғандығын да айта кету керек.
Бұл уақыттардағы жаңадан кеңшарлар құрып, мал шаруашылығын жоғарыда айтылған «екінші тың» деңгейіне көтерудің негізгі алға қойылған мақсаттары дұрыс болғанымен байланысы тұрақты қалыптаспаған, қатынас жолы жоқ, Қуаңдария арнасына су әлі келіп болмаған жағдайларды еске алсақ мұндай ауқымды істі жолға қоюда кездесетін қиындықтар шаш етектен еді.
Сәкеңнің жұмыс ұйымдастыру ерекшелігінің бірі деп, бір іске жұмылған азаматтардың туыстық, жекжаттық қатынастарын, құдандалық сыйластығын, құрбы-құрдастық көңіл жақындығын жетік біліп, жұмыс барысында оларды ыңғайына қарай топтастыра білетін ептілігін айтар едік. Кім қандай іске ынталы, кімнің қандай іске қабілеті бар, белгілі бір жұмысты орындауды кімге тапсырып, қасына кімді қосу керек деген сияқты мәселелерге жете мән беріп отыратын.
Алыс жайылымда көбінесе жалғыз үй отыратын малшы тіршілігінде барлық нәрсе үнемі қолмен қойғандай бола бермейді. Бас ауырып, балтыр сыздаған кезде азық түлік азайып, автолавканың шаңы көріне қоймағанда қабақтардың тырысып, басшыларға батырып-батырып айтар қатқыл сөздерін жұптап, даярланып жүретін шопандар да аз болмайды.
Осыны білетін Сәкең ауылдағы аурухана басшыларымен, жұмысшылар кооперациясындағы азаматтармен күнделікті байланысып, олардың малшыларды аралауына тиімді маршруттар белгілеуге де уақыт бөлетін. Себебі жайылым жағдайына қарай жаз айларында жекелеген шопандардың қоныс аударып отыратын жағдайлары жиі болып тұрады.
Шопан қыстаулары мен мал қораларын салатын құрылысшылар басшыларымен бірігіп жасалатын жұмыстардың ауқымы тіптен көп. Ферма шопандары бас қосқан жиындарда аз шығын жұмсап, мол пайда табудың негізгі көзі – малды жайып семірту, өлім-жітіміне жол бермеу, мал басын өз төлі есебінен өсіру екендігін жете түсіндіруге баса назар аударатын. Ол үшін жайылымға шыққан отарға Қызылқұмның кең даласын жосықсыз шиырлата бермей, қойды байырқалап жаю, күннің ыстығында малды таңертең күнге қарай айдап, түскі ыстықта көлеңкеге қарай жүргізу, малды түнекке шығару арқылы салқын кездерді көбірек пайдалану сияқты ұсыныстар беріп, оның орындалуын бақылап отыруды дағдыға айналдырған. Ферма басшылары мен мамандарынан да көбірек талап етері осы. Шаруашылық ыңғайына қарай жаңа тапсырмалар беру, жаңа өріске қоныс аудару кезінде өзі шаршап, әлденеге разы болмай жүрген адамды ырқына бірден көндіре қою қай маманға да оңай шаруа емес ол уақытта.
Шопандардың біріне туыс, біріне жиен, біріне балдыз болатын жолын тауып алған Сәкең әркіммен өз тілінде сөйлесудің үлкен шебері еді. Мал өрісінен жаңа келіп шайға енді отыра берген малшының көңілін серпілту үшін шай үстінде көңілді әңгімелер айту, болмаса домбыраны шертіп жіберіп, тыңдаушысының жүрек пернесін дәл басатын әуендердің біріне салып, терісін кеңітіп алу – ойға алған жұмыстың оңтайлы шешілуіне әкелетін тура жол екенін де жақсы білетін. Шаруа жайына жетік, іскер маман шаруашылықтағы күрмеуі шешілмей жататын күрделі мәселелерді құзырлы орындардың алдына уақытылы қойып отыратын. Бірде жыл қорытындысын жасап, алдағы жылға міндеттемелер белгілейтін кеңшар жұмысшы-қызметкерлері түгел қатысқан үлкен жиын болды. Күн тәртібіндегі мал шаруашылығының жайын баяндап тұрған Сәкең атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстармен бірге аудандық партия комитеті бюросынан келген өкілдің қатысуын пайдаланып, кеңшар бойынша кемшін жатқан бірсыпыра күрделі шаруалар жөнінде айта бастады. Және оны ұзатыңқырап жіберді ме, төралқа үстелінда отырған аудандық атқару комитетінің төрағасы:
– Сіз трибунаны пайдаланып, еңбекшілердің құлағына жақпайтын әңгімені айтпаңыз, – деп үстелді қойып қалғаны!
Құлаққа неге жақпасын, жағатын-ақ әңгіме айтылып жатыр ғой, – деген мазмұндағы сыпсың-сыбыр әңгімелер естіліп, зал қозғалақтап кетті. – Осы кісінің өз құлағына жақпай қалған жоқ па екен? – деген сияқты сөздер де әр жерден естіліп қалды.
Ол кездің жиналыс тәртібінде көбінесе үнсіз өтіп кететін мұндай репликаларға залдағылардың мән бере қалғаны аңғарылған соң өкіл жиналыста мұндай әңгіменің өрби түскенін қаламады ма, үнсіз отыра берді.
Сәкең болса:
– Кейде шаруашылықтың қаржылай мүмкіндігінің аз болуына байланысты шешілмей жататын мәселелерге қол ұшын беріп, қолдау білдіре ме деп құлағыңызға салып жатқанымыз еді ғой, – деп бір қарады да, баяндамасын үзбеген қалпы жалғастырып әкетті.
Шаруашылықтың өзіне қатысты тетіктерінде жетістіктер мен кемшіліктерді маман ретінде жан-жақты сараптайтын және оның шешілуіне қатысты объективті ұсыныстар айтумен бірге орындаушыларына тиісті талап қоя білетін принципшілдігін де осындайда айта кету орынды деп ойладық.
Кеңшар басшылығы арасында жүргізілетін кадр мәселелерінің кейбір шешімдері бойынша №2 малшылар фермасын, кеңшардағы ірі қара фермасын басқарған кездері де болды. Білім, біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесінің арқасында мұндай шағын құрылымдарды басқаруда еркін қимыл мен ерекше ыждағаттылық танытып, әріптестеріне үлгі көрсетіп отырды.
Отбасындағы тәрбие ісінде де Раушан апаймен бірлескен жұмыстары ауыл тұрғындарын сүйсінтетін. Үлкені – Ләйліден бастап, Әбдімәлік, Жадыраға дейін балдарының бәрі мектепті үздік оқыды. Өздері қалаған жоғарғы оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша абыройлы қызметтер атқаруда.
Ақын жанды ағамыздың домбырамен ән салып, жыраулар мақамымен дастан-қиссалардан үзінділер айтып беретін кездері де бар еді. Өлең де жазатын. Бірде үйінде отырып оқып берген бір өлеңіне қызығып, жазып алған едім. Мазмұны өз өмірінен хабар бергені бір бөлек, өлеңнің формасында елеулі бір ерекшелік болатын. Бірнеше шумақтан тұратын өлеңнің әр жолының алғашқы әріптерін жоғарыдан төмен қарай оқығанда: «Сламбек Жақсылықұлы» деген жазу шығатын. Өкінішке орай, ұзақ уақыт сақтап келген осы өлеңді соңғы кезде жоғалттым. Бірақ үйіндегі жазбаларында болуы керек деген үміттемін.
Кеңшардың қоғамдық өміріне де белсене араласатын ол кейінірек кәсіподақ комитетінің төрағасы, халық депутаттары ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
1994 жылдан облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер атанып, өмірінің соңына қарай Қызылорда қаласына қоныс аударды. Бұл кезде де өзінің буырқанған жастық кезеңдерінен ел ағасы болған шағына дейін үздіксіз еңбек еткен Қуаңдариясынан қол үзген жоқ. Оның әрбір азаматымен тығыз байланыста болып, сағынышты хаттарын өлеңмен жолдап отырды.
Кейін білгеніміздей, Сламбек Жақсылықов 1938 жылы 1 қаңтарда Қармақшы ауданы, Карл Маркс атындағы колхозда дүниеге келген. Әкесі – Жақсылық Жүрмәнұлы 1945 жылы Мәскеу қаласы түбіндегі жұмысшылар колониясына алынып, сол жақта қайтыс болған. Анасы – Тазагүл Ыбырайқызы қарапайым колхоз жұмысшысы. Үш бала өсіріп, 1951 жылы көз жұмады.
1946 жылы мектепке барып, 1956 жылы №29 Ворошилов мектебінің оныншы сыныбын бітіреді, 1957 жылы Алматыдағы зоотехникалық-ветеринарлық институтына түсіп, 1962 жылы жоғарыда айтқанымыздай, «ғалым-зоотехник» мамандығын алып шығады.
Жастайынан бас қосып, саналы ғұмырын бірге өткізген жары Раушан Тәжіғұлова апайымыз қазір өзі өсірген 8 баладан 14 немере көріп, олардан өрбіген құдайдың берген шөберелерінің ортасында отырған бақытты әже. Ал оның қуаңдариялық шәкірттері ұлағатты ұстаздың өнегелі істерін, сәлем бере үйіне барғанда түйе сүтімен араластыра сапырып берген ашытпасы мен сексеуілдің шоғына төңкеріліп, қып-қызыл боп піскен қазанжаппайын сағынышпен еске алып отырады.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ