Kyzylorda-news.kz. Жаз бойы атыз жағалаған Сыр диқандары биыл негізгі дақыл күріштен 503 мың тонна өнімді қамбаға құйып, әр гектарынан 56,5 центнер өнім жинады. Ал дәнді дақылдан - 13,7 мың тонна, майлы дақылдан - 4,8 мың тонна, мал азықтық дақылдан - 290 мың тонна, көкөніс және бақша өнімдерінен - 493,1 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ, Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойы аясында облыс орталығында жеті ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, мың тоннаға жуық өнім қала тұрғындарына тиімді бағада ұсынылды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев хабарлады.

«Биыл Сыр диқандары тағы да бір жауапты маусымды ойдағыдай аяқтады. Көктемгі егін егу маусымында 193,4 мың гектар жерге дән себілді. Ал 89,0 мың гектарға Сыр маржаны орналастырылды. Жалпы биыл егілген егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың гектарға артық. Қызылорда облысының негізгі экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығына тікелей қатысты болғандықтан  саланы дамыту аса маңызды. Өңірде жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығы саласының үлесі 6 пайызды құрады. Сондай-ақ, 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында  157 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 1,6 пайызға артса, негізгі қорға 9,3 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 7,9 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған болса, бүгінде 4 жоба іске қосылды. Ендігі кезекте қалған жобалар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Жақында облыс әкімінің қатысуымен «Алтын дән - 2023» мерекелік шарасы өтті. Шарада  аймақ басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан үздіктерді ҚР Премьер-Министрінің «Алғыс хатымен», ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек Ардагері» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен  марапаттады. Сондай-ақ, «Абзал и К», «Ер Әлі» ШҚ, «Таң ЛТД» ЖШС, «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен шаруа қожалықтарындағы озат еңбеккерлерге 17 автокөлік табысталды», - деді басқарма басшысының орынбасары Қайратбек Әубәкірұлы.

Айта кетейік, Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойы аясында «Алтын дән» мерекелік шарасы барлық аудандар мен Қызылорда қаласында жалғасын тауып, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталатын болады. 

Тағы да оқыңыз: