Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Жалағаш ауданы тұрғындарымен кездесуінде, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге азаматтарды жеке қабылдауында да жұртшылық өздерін толғандырған мәселелерді көтерді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету, жол жөндеу, жұмысқа орналасу, елді мекендерді газдандыру және электр желілерінің қазіргі жай-күйі – жалағаштықтарды алаңдатқан сауалдардың ең негізгілері.
Кездесуде қойылған сұрақтар да, қозғалған мәселелер де жан-жақты зерттеліп, айтылған өтініштер мен ұсыныстар ескеріледі. Жауапты сала басшылары көтерілген мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар алды.

Тұрғындарға олардың шешімі заң аясында қарастырылатыны, орындалуы қатаң бақылауға алынатыны түсіндірілді. Атап айтқанда, М.Шәменов атындағы елді мекен тұрғыны электр бағаналарын ауыстыру, жөндеу туралы ұсынысын жеткізу үшін қабылдауға келген. Бұл жұмысты атқаруға биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген. «Tech Service KZ» ЖШС мердігер мекеме болып анықталған.
Қаракеткен мен Далдабай ауылдарына табиғи газ жеткізу де күн тәртібінде тұр. Демеушілік есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жоба 1 млрд 178,3 млн теңгеге жүзеге асады. Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы – «Сырэнергогазстрой» ЖШС.

