Kyzylorda-news.kz Бұл нысанның бүгінде ауыл халқының қажетіне жарап тұрғанын күнделікті келіп жатқан жергілікті тұрғындардан байқауға болады. Бірі қан қысымының жоғары екенін айтып, дәрігерлерден кеңес сұраса, енді бірі басқа да аурулармен диспансерлік есепте тұрғанын айтып, ем-шара қабылдауда. Оларға жалпы тәжірибелі дәрігер Мардан Тастемірұлы басшылық ететін ұжым сапалы қызмет көрсетуде. 

Біз барған күні дәрігер де бос емес, алдында қан қысымын өлшетіп Сағатбек қарт отыр. Дәрігерлік емхананың басшысы жас демесеңіз, келген науқастарды қандай дерт мазалайды, оның емі қандай, бәрі-бәрі Мардан Тастемірұлына таңсық емес. Түркістан қаласында 5 жыл, Шымкентте  2 жыл білім алыпты. Енді жиған тәжірибесін туған жердің, сондағы елдің қажетіне жаратып жатыр.

Айта кетейік, Жалағаш ауданына қарасты Аламесек ауылдық округінен ашылған жаңа амбулаторияның лабораториялық құрал-жабдықтарымен көршілес Жанадария және Еңбек ауылы тұрғындарына да медициналық қызмет көрсетуде. Құрылысты салған «Асар» ЖШС ғимараттың келушілерге жайлы болуына баса мән бергені көрініп-ақ тұр. Онда тіркеу орны, қабылдау, дәріхана, оқшаулау, физотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдай жасалған.

– Ауылдық емхана мәселесі қанша әкімнің тұсында көтерілді. Тіпті халықтың түйткілді мәселесіне айналды десем де болады. Былтыр жыл соңында елдің көкейінде ұзақ жылдардан бері жүрген мәселеге нүкте қойылды. Ауданға облыс әкімінің бұған дейінгі сапарында да осы мәселені көтергенбіз. Бүгінде сол талап-тілегіміздің жерде қалмағанына халықтың көзі жетіп отыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы біздің аймақта 100 пайыз жүзеге асып жатыр деп толық айта аламын. Мұнан бөлек ауылда жол сапасына қатысты мәселе де жоқ емес, оны да бұған дейінгі ауданға сапарында аймақ басшысының назарына салдық. Енді Аламесекте жол құрылысы қарқын алып, қуанып жатырмыз. Осылай ел ішіндегі мәселелерге мән беріп, оның шешіміне жұмыс жасаса, біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл елге ортақ қуаныш қой, ауыл тұрғындарының бұл жобаны көптен күткенін осында келушілердің көптігінен аңғару қиын емес, – дейді ауыл тұрғыны Гүлсім Жаханова. 

Расында бұл жобаны жергілікті халықтың асыға күткені өтірік емес. Сондықтан ауыл ардагерінің сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Халықтың емхана мәселесін осыған дейін бірнеше рет көтергеніне де куә болдық. Былтыр ел күткен жоба қаржылай қолдау тапты. Енді құрылысы аяқталып, ел игілігін көруде. Жергілікті халықтың денсаулығына қалтқысыз қызмет етуге бұл нысан жан-жақты жабдықталған. 

– Қазіргі таңда Жаңадария ауылынан да науқастар келуде. Күніне 20-25 адам осындағы мамандардың көмегіне жүгінеді. Күндізгі стационар бөлімінде 5 төсек орын бар. Адамдар күнделікті қатынап, сонда ем алады, осындағы мамандардың кеңесіне жүгінеді, – дейді жалпы тәжірибелі дәрігер Мардан Тастемірұлы.

Аламесекте 1888 тұрғын бар. Оның ішінде 477-сі – 14 жасқа дейінгі бала. Ауылда 195 зейнет жасындағы қарт бар. Елді мекенде 57 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Дәрігерлік емхананың басшысы ауылда түрлі аурулармен 350 адам арнайы есепте тұратынын айтады. Диспансерлік есептегі адамдар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуда.  

Тағы да оқыңыз: