Kyzylorda-news.kz «Ауыл аманаты» жобасы – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған маңызды бастама және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға бағытталған.

Осы орайда «AMANAT» партиясы ауыл халқының еңбек табысын арттыру мақсатында Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқан болатын. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде қолға алынған жоба бүгінде ел көлімінде жүйелі жүзеге асып келеді. Халықтың жартысынан астамы ауылдық жерде тұратын Сыр өңірі үшін бұл жобаның маңызы зор.

Бүгінгі күні өңірімізде жобаның жемісін көре бастаған азаматтар қатары артып келеді. Осы орайда қолынан келетін істі кәсіпке айналдырған жандардың бірі Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің тұрғыны Фариза Ахауова.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын несие алу мүмкіндігін тиімді пайдаланған аудан тұрғыны өз кәсібін бастап, «Фариза» кондитерлік өнімдер өндіру орталығын ашқан. Жоба бастамашысы цехқа құрал-жабдықтар сатып алу үшін «Ауыл Аманаты» жобасы шеңберінде төменгі пайызбен 8,0 млн теңге несие алған.

Жаңа орталықта түрлі кондитерлік өнімдер – торттар, бәліштер, тәтті тоқаштар мен мерекелік өнімдер дайындалады. Өнімдер сапалы әрі табиғи шикізаттан әзірленіп, жергілікті тұрғындардың сұранысына сай ұсынылуда. Кәсіп иесі шағын несиенің көмегімен қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, өндіріс процесін жолға қойған.

Аталған жоба ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, өз ісін дамытуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. «Ауыл аманаты» – тек қаржылай қолдау ғана емес, ауылдың экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды бағдарлама.

Алдағы уақытта кондитерлік өнімдер өндіру орталығының жұмыс аясын кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасының дамуына оң әсерін тигізбек.

Кәсіпкерлік нысан 2.jpg

Тағы да оқыңыз: