Kyzylorda-news.kz. Кәсіпкерлікті дамыту – қашаннан халықтың ахуалын жақсарту мақсатындағы негізгі бағыттардың бірі. Бүгінгі мемлекеттік саясаттың, стратегиялық бағдарламалардың бірқатары кәсібін дөңгелетемін дегендерге қолдау білдіруге бағытталып отыр. Мұндағы мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл қазіргі таңда бір жүйеге түсті. Оған өзіміздің аудандағы кәсіп иелеріне қарап-ақ көз жеткізуге болады. Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған «Ауыл аманаты» атты жобасы біршама ауқымды жобаларға мұрындық болып отыр.
Негізінен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржыландыру бес бағытта жүргізіледі деп жоспарлануда. Бірінші өңдеу саласына қатысты жобалар, мысалы, жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы, екінші өсімдік шаруашылығын дамыту, үшінші ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, төртінші мал шаруашылығын дамыту бойынша және басқа да бағыттағы бизнес жобалар болып табылады. Жинақталған жобаларды саласына бөлетін болсақ, өңдеу саласына қатысты 9 жоба, оның ішінде сүт өңдеу 1 жоба, жылыжай 2 жоба, ет өңдеу 6 жоба, өсімдік шаруашылығы саласына қатысты 2 жоба, мал шаруашылығы саласында 132 жоба, басқа да салалар 6 жоба бар.
Сонымен қатар зәкірілік кооперацияны дамыту бағытын өңдеу, өсімдік, мал шаруашылығы салаларына қатысты жобаларды ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта 7 кооператив құрылды. Нақтырақ айтсақ, Аққұм ауылынан 1, Таң ауылынан 3, Жалағаш кенті, Аққұм, Аққыр, Есет батыр ауылдарынан 1 кооператив тіркелді. Кооперативтердің біреуі сүт өңдеу бағытында, алты кооператив ет өңдеу бағытында жұмыс жасайтын болады. Қазіргі таңда 1 млрд 50 млн теңгенің 149 жобасының құжаттары тексе¬ріліп, ұсынуға дайын тұр. Бағдарламаның негізінен ауыл азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны белгілі. Сондықтан біз барынша ауыл азаматтарын кәсіппен айналысуға үгіттеп, осындай бағдарламаларға қатысуға жәрдемдесеміз. Жалпы, дайындалған 149 жобаның 105 жобасы ауылдық елді мекендерге тиесілі.
Бір қуантарлығы, бүгінде әсіресе ауыл азаматтарының кәсіп ашуға ынтасы басым. Сол себепті олар мемлекеттен қандай да бір қолдау болса, соған қол жеткізуге тырысады. Біз де қол қусырып отырмай, шалғай ауылдардағы азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Нәтижесі жаман емес. Барлық ауылдық округтерде белсенділік бар. Жобаға қатысуға кез келген адам өтініш бере алады. Ұсынылған бизнес жоспардың қажеттілігі, тиімділігі ескеріле отырып, шешім қабылданады. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұл жоба қатысушыларына 2,5 пайызбен несие беру көзделуде. Егер мал шаруашылығын қолға алғыңыз келсе, 7 жылға, ал басқа кәсіпті нәсібіңізге айналдырар болсаңыз 5 жылға дейін беріледі. Тек бір шарты бар. Үйіңізді кепілге қоясыз. Сондай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, несие тарихы дұрыс болуы міндетті.
Айта кетейік, жеке кәсіпкерлерге 8 млн 600 мың теңге, ауыл шаруашылық коопе-ративтеріне 27 млн 600 мың теңгеге дейін беріледі. Ал бағдарламаны іске асырудың маңыздылығы ең алдымен халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғандықтан ауыл тұрғындарының жоба игілігін көруге бағыт-бағдар беру керек. Осы орайда бүгінде ауданда құрылған жұмысшы топ арқылы ауылдарды аралау жұмыстары жүргізіліп, бағдарламаның мақсат-мүддесін халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында ақпараттық бағытында іс-шаралар атқарылуда.