Kyzylorda-news.kz «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғалы Жалағаш ауданына қарасты ауылдық елді мекендерде кәсіппен айналысқысы келетіндердің қатары артқан. Жалпы өңірде кәсіпкерлік саласында серпін бар. Бүгінде Жалағаш кенті мен 8 ауылдық округ бойынша «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы өндіріс, асыл тұқымды мал шаруашылығы, қызмет көрсету, өсімдік шаруашылығы бағытында 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылған.

Осы орайда бағдарламаның тиімділігі мен қаржы ұйымының талаптарын түсіндіру үшін аудан әкімінің орынбасарлары мен тиісті сала басшылары тарапынан былтыр Жалағаш кенті және ауылдық округ тұрғындарымен 30 кездесу ұйымдастырылған. Аудан әкімінің хаттамалық тапсырмасында кент және ауылдық округ әкімдері «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кемінде екі жобадан қаржыландыру тапсырылған. 

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» партиялық  жобасын жүзеге асыру үшін былтыр Сыр өңіріне 3 млрд теңге бөлініп, бағдарламада қарастырылған негізгі 5 бағыт бойынша 406 жоба қаржыландырылған, яғни 33 кооператив, 373 жеке кәсіпкерге 2,5 пайызбен несие берілген. Биыл облысқа 4 млрд 600 млн теңге бөлініп, 575 жобаны қаржыландыру, 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Қазіргі таңда комиссия жұмысы басталып, негізгі оператор ретінде «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның облыстық филиалы анықталған.

Жоба аясында тағы да жағымды жаңалық бар. Енді «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін электронды ақпараттық жүйе әзірленуде. Портал жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуды көздеген адамға тиісті өтінімді үйден шықпай-ақ қашықтан беруге мүмкіндік туғызбақ. Жүйе жобасы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылды.

Ауыл тұрғындарының табысын артттыруға бағытталған бағдарламаға қатысушыларға жеңілдетілген несие беру үрдісін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіруде. Олардың кеңселері облыс орталықтарында орналасқан. Бұл ретте шалғайдағы ауылдардан келіп, өтінім беру қиындық тудыруда. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзінше, өтінім беруші жүйеге электронды қолтаңбасы арқылы тіркеліп, бағдарламаға қатысуға қажетті мәліметтер мен құжаттарды жүктейді. Қолданушының рұқсатымен оның жеке деректері тексеріліп, базаларда бар кей мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда өтінім бірнеше сатыда қарастырылады. «Ауыл аманаты» арқылы несие алуға ниетті азамат жеке кабинеті арқылы құжаттар нақты қай маманның қарауында тұрғанын көре алады. Жуырда электронды жүйені Жамбыл облысында пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, бағдарламаға қатысушылар үшін барынша жағдай жасалмақ. Жетілдірудің түпкілікті мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру екені сөзсіз. Сондықтан берілетін несиелер ауылдағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуі тиіс. Бағдарламасы арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер тиісті базалар арқылы тексеріледі. 

Тағы да оқыңыз: