Жақында ғана өткен педагогикалық практика менің өмірімде үлкен бір сынақ болды. Әдетте, біз докторанттар ғылыми жұмыс, теория, зерттеу деп жүріп, өзімізді тек «ғалым» ретінде көруге дағдыланып кетеді екенбіз. Бірақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Әлеуметтану» мамандығының 2-курс студенттеріне дәріс бере бастағанда, бұл түсінігім бір сәтте астан-кестен болды. Сапалық әдістер туралы лекция оқу — ол жай ғылым емес, ол адамдармен тіл табысудың нағыз мектебі екен.
Шынымды айтсам, алғашқы күні аудиторияға кіргенде іштей қатты қобалжыдым. «Менің айтқаным оларға қызық па?», «Осылардың алдында оқытушы болып тұруға лайықпын ба?» деген күдік маза бермеді. Психологтар мұны «импостер синдромы» дейді екен, бірақ мен үшін бұл жай ғана «адам алдындағы жауапкершілік» болды. Өзіңді нық ұстап, оқытушы екеніңді сезіну үшін білім ғана емес, ішкі рухтың мықтылығы керек екенін түсіндім. Басында студенттермен арадағы жас айырмашылығының аздығынан ба, әлде өзімді әлі шәкірт сезінгендіктен бе, олармен қалай сөйлесу керектігін білмей біраз қиналдым.
Студенттермен қарым-қатынаста «алтын ортаны» табу — нағыз әлеуметтанулық эксперимент сияқты. Олармен тым жақын болып кетсең, сабақтың берекесі қашады, ал тым қатал болсаң, олар сенен қаша бастайды. Мен барынша ашық болуға тырыстым. Студентті «білмейтін бала» емес, «ертеңгі әріптесім» деп қабылдағанда ғана арамыздағы мұз еріді. Семинарларда «кеуде соқпай», олардың пікірін тыңдай бастағанымда, сабақ жанды пікірталасқа айналды.
Бірақ бәрінен де қиыны — ғылымның ауыр тілін қарапайым халықтың тіліне аудару екен. «Интерпретация», «феноменология» деген сөздерді оқулықтағыдай айтсаң, студенттердің көзі сөніп қалатынын байқадым. Сондықтан бәрін өмірден мысал келтіріп, қарапайым тілмен жеткізуге тырыстым. Студенттің көзінен «енді түсіндім!» деген ұшқынды көру — оқытушы үшін ең үлкен бақыт екенін сонда сезіндім.
Осы практика кезінде көкейіме түйген ең басты нәрсе — білімнің махаббатсыз құны жоқтығы. Біз кейде «менікі ғана дұрыс» деп ақиқатты бетке басамыз. Бірақ махаббатсыз айтылған ақиқаттың өзі — қатыгездік. Студенттің қатесін түзеткенде де, бағасын қойғанда да, оны мұқату емес, оның өсуіне жаның ашып, жанашырлықпен айтпасаң, ешқандай нәтиже болмайды екен. Оқытушы болу үшін екі шартты берік ұстану керек: біріншісі — айтып тұрғаның шындық болуы керек, екіншісі — оны махаббатпен, жаныңды салып айта білуің керек. Сонда ғана студент сені қабылдайды, сенің соңыңнан ереді.
Әрине, сабақ үстінде студенттердің телефонға телміріп, немқұрайлы отырған сәттері де болды. Ондайда ашуланбай, «неге олай?» деп өзіңнен сұрау керек екен. Өз эмоцияңды басқару және сабыр сақтай білу — оқытушының ең үлкен құралы.
Қысқасы, бұл бірнеше апта мен үшін тек практика емес, нағыз өмірлік сабақ болды. Ұстаздық — тек ақпаратты беру емес, ол — адамның жанына сәуле түсіру. Нағыз ұстаз болу үшін алдымен өз ішіңдегі менмендікті жеңіп, ақиқатты махаббатпен жеткізе білетін рухани деңгейге көтерілуің керек екен. Осыны түсінгенде ғана менің әлеуметтанушы ретіндегі, докторант ретіндегі жолым жаңа мағынаға ие болды.

Нұрсұлтан Қаражан. 
Әлеуметтанушы. 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 
1-курс докторанты

Тағы да оқыңыз: