Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау деген сөз. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп елге қызмет етіп келеді. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер. Мәдениетке серпін беру шындығында да қажет" дегенін баршамыз білеміз. Расында қазақтың болмысы мен ұлттық келбетін бейнелейтін мәдениеттің алар орны ерекше. Әсіресе ақындары "Аралым менің осындай,өнер мен дәулет қонған жер" деп жырға қосқан Аралдың қосар үлесі көп. Бүгінде теңізді өлкенің осы бағыттағы қарқыны қалай деген сауалға жауап іздеп аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бауыржан Махатовпен сұхбаттасқан едік.
– Бауыржан Ібірашұлы, Сыр өңірі, соның ішінде Арал аумағы қай уақыттан мәдениеттің мекеніне айналғаны белгілі. Қазір аудандағы мәдениет ошақтарының жұмысы қай деңгейде?
– Арал ауданы бойынша 76 мәдениет және спорт мекемелері қызмет көрсетуде. Ал осы мекемелерде 348 адам еңбек етеді. Олар өз кезегінде жастарды, балаларды да осы салаға бейімдейді. Өнер, спорт бағытындағы жұмыстардың нәтижелі болуына бұл бірден-бір мүмкіндік. 131 үйірмеде тәлім алып жатқан 1697 қатысушының әрқайсысы өз бағытында үйреніп, оның жетілдіреді, көпшілікке танытады. Осыдан-ақ біздің бөлім қаншалықты ауқымды жұмыс тындырып отырғанын анық аңғарсаңыздар болады. Жыл басынан бергі аудан бойынша атқарылған 1929 мәдени-көпшілік шараларда тек қызметкерлер емес, жастар да үлес қосты. Оның қатысып, көріп жүрген жандар жақсы біледі.
– Осы уақытқа дейін халық арасында "Маяк" деп аталып кеткен қазіргі аудандық мәдениет орталығы ересек буын өкілдері үшін ерекше ыстық. Бірақ заманауи үлгідегі Арал аудандық мәдениет үйі бүгінгі таңда көпшілік шараның өтетін орнына айналды. Жалпы қай уақыттан бері көрермендердің асыға жиналатын ортасын біз ұмытып қалдырып жүрген жоқпыз ба?
– Расында аудандық мәдениет үйінде 2023 жылы 918 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 33724 көрермен қамтылды. Мұнан бөлек осы мәдениет үйінің мұндай шараларды қабылдауға мүмкіндігі жоғары. Соңғы талаптарға, сұранысқа сай. Мәселен жыл бойына өткен шараның 36-сы онлайн жүйесінде жүргізілгенін қарасақ, бұл да осы мүмкіндіктің арқасында іске асқан шара деуге болады. Жалпы түрлі форматта өтетін шаралардың қайсысын болса да толықтай қабылдауға мүмкіндігі бар.
Бірақ бұл ретте Арал аудандық мәдениет орталығын ұмыт қалдырдық деу өте қате пікір. Бұл орталықтан да жыл бойына көрермен арылмады десек болады. Нақтырақ тоқтала кетсек биыл мұнда 60 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 8830 көрермен қамтылды. Бұлардың қатарында ауқымды жыр кештері, байқаулар, кештер, концерттер бар. Халық өте көп жиналып, өнерді, өлеңді, өнерпазды құрметтейтініне аудандық мәдениет орталығында талай мәрте куә болдық.
– Бауыржан Ібірашұлы, жалпы бұл бөлімнің жұмысы өте ауқымды және жауапты деуге болады. Өнерді, халықтың мәдени, рухани тұрғыдан қалыптасқан болмысын сақтап қалу өзіңіз басшылық етіп отырған бөлімге тікелей байланысты. Бүгінде басты мәселе кітапқа қызығушылықтың азайып кетуі болып отыр. Ол жасырын емес. Оқырман тарту мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Аудан кітапханалары бойынша 8 кітапханада «Коворкинг» білім орталықтары жұмыс істейді. Кітапханаларға келген оқырман талабын, сұранысын сапалы қанағаттандыру және сервистік қызмет көрсету дәрежесін арттыру мақсатында «РАБИС» бағдарламасы бойынша барлығы 39 кітапхана тапсырыс, іздеу, тіркеу модульдерімен жұмыс атқарады. Аудан бойынша электронды каталог қорына 494978 дана кітаптар енгізілді. Аудандағы барлық кітапханаларда жоспарға сәйкес, түрлі тақырыпта конференциялар, әдеби кештер, мерекелік кештер, семинарлар, байқаулар өткізіліп тұрады. Осының нәтижесінде оқырмандар саны артып келеді. Әсіресе жастардың қызығушылығы күн санап артуда.
– Аудан өнерпаздары жетістіктері турасында не айтасыз?
– Жетістік бұл тек өнерпаздың ғана жетістігі емес, ауданның жетістігі. Біз солардың көрсеткен нәтижесімен мақтануымыз керек. Біздің жұмысымыздан әркез хабардар оқырмандар, тілеулес, қолдаушы жандар бар. Олар бұл жайттың барлығынан хабардар. Десе де атап айтатын дүниелер өте көп. Мәселен Арал ауданында өткен ақын Жарасқан Әбдірашевтің 75 жылдығына орай «Дала, сенің ұлыңмын!» атты республикалық жазба ақындар мүшайрасында Аида Мырзабекова бас жүлдеге ие болды. Бұл жергілікті ақындардың арасында да поэзияның шыңын бағындырар жастардың әлі де көп екенінің анық көрінісі.
Мұнан бөлек «Алты Алаштың ардағы» атты дәстүрлі облыстық ақындар айтысында Бексұлтан Орынбасаров бас жүлде, Қызылорда қаласында өткен «Таланттар топ жарған» бишілер байқауында «Жұлдызай» би тобы I орын алды. «Мінекей мейірманың өкілдері» атты республикалық байқауда «Тамаша» халықтық әзіл-ысқақ театры III орын иеленді.
Жалпы жастардың белсенділігі өте жоғары. «Үйренейік, ізденейік, жас маман» атты облыстық байқауында Арал аудандық мәдениет үйінің жас маманы Абылайхан Бектасов «Бас жүлде» иеленді. "Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың!" атты дәстүрлі республикалық халықтық отбасылық ансамбльдер байқауынан «Қадырқұловтар» отбасылық ансамблі «Арнайы жүлдемен» марапатталды. «Жұлдызды жұп» ретро ән орындаушылардың облыстық байқауына аудандық мәдениет үйінің әншісі Дәулеткерей Қуантқанов мен №59 мектептің оқушысы, «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасының қатысушысы Қыдыралиев Хабибулла қатысып, «Бас жүлде» иеленді.
Қызылорда облысының 85 жылдығына орай "БІЗ САЛҒАН ӘНДЕР" атты облыстық вокалды аспапты ансамбльдердің ретро фестивалінен Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы «Арал» вокалды аспапты ансамблі «Арнайы сыйлықпен» марапатталды. Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Арал ауданының 95 жылдығы аясында жерлес сазгер, ұлағатты ұстаз Дабыл Омаровтың әндерінен «Біз – тәуелсіз Қазақстан ұланымыз» атты облыстық әншілер байқауынан өнерпаз Пак Амелия ІІ орын иеленді.
– Біздің аудан бүгінде чемпиондардың мекеніне айналды. Бұл спортшыларымызға халықтың берген бағасы. Спорт саласындағы серпін жайлы өзіңіз не айтасыз?
– Аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 31 208 адамды құрап отыр. Бұл аудан халқының 39 пайыздық үлесі. Бұл Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытудағы басымдылығының бір айғағы.
Аудан көлемінде үстіміздегі жылдың осы кезге дейін аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 75 спорттық іс-шара, оның 5-і республикалық, 6-уы қалааралық, 50-і аудандық, 14-ті кент, ауылішілік, мекемеішілік өткізілді. Жыл басынан бері ауданның спортшылары біршама жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішінде Қазақстан Республикасының ресми жарыстарында аудан спортшылары 57 медальға ие болды. Оның 30 алтын, 13 күміс, 14 қола.
Сонымен қатар, грек рим күресі бойынша спорт шеберіне кандидат 10, бокс спорты бойынша 5, еркін күрестен 1 спортшы тіркелді. Унифайт спорты бойынша 1 спортшы спорт шебері атанды. I спорттық разряд бойынша волейболдан 3 спортшы аталынды.
Әмбебап жекпе-жектен тамыз айында Қырғызстан Республикасында Азия чемпионатынан аудан спортшылары 7 алтын және қазан айында Грузияның астанасы Тбилиси қаласында өткен әлем чемпионатында 7 алтын, 1 күміс медальдар иеленді.
Гір спортынан Өзбекстан Республикасының Хива қаласында өткен Әлем біріншілігінде 1 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлделеріне ие болды. Алдағы уақытта да бұл саладағы даму тұрақты түрде жалғаса бермек. Себебі талапты, талантты әлі де көп.
– Мемлекеттің басым саясаттарының бірі тіл мәселесі. Осы бағытта арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданғанын жақсы білеміз. ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020– 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша не айтасыз?
– 2023 жылы Мемлекеттік тілдің беделін, сұранысын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу салаларын пайдалану мен оның қолданылу аясын кеңейтуді ынталандыру және дәріптеу жөніндегі іс-шараларға аудандық бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. 3 тілді оқыту курсы бойынша 2023 жылы мемлекеттік тілден 108, орыс және ағылшын тілдерінен 72 адам оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының Арал ауданы бойынша оқытушылары мемлекеттік тілде 96, орыс және ағылшын тілінде 60 адамды оқыту курсынан өткізді.
2023 жылдың қыркүйек айына дейін маңдайша және сыртқы көрнекі жарнама мәтіндерін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабында көрсетілген талаптарына сәйкестендіру мақсатында 4 рейдтік шара өткізіліп, деректемелері мен көрнекі ақпараттары заң талабына қайшы келетін кәсіпкерлік мақсаттағы нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазу және орналастырудың схема-үлгісі ұсынылып, әдістемелік көмек ретінде жадынамалар таратылды. Бұдан бөлек, заңнамада көрсетілген талаптар бойынша «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі мен аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірлесіп дөңгелек үстел өткізілді.
– Ономастика мәселесі де тікелей өзіңіз басқарып отырған бөлімге қарайды. Осы бағытта ауданда жыл көлемінде қандай жұмыстар істелді?
– Қызылорда облысы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес 2023 жылдың қаңтар айында Сексеуіл кенті бойынша 5 көшеге атау берілсе, Сексеуіл кентіндегі «Привокзальная» көшесіне «Алтын Орда» атауын беру жөнінде облыстық ономастика комиссиясына ұсыныс жолданды. Аталған көшелерге атау беру барысында «Тарихи тұлғалар» тізімі басшылыққа алынды. Аудан әкімдігі мен аудандық маслихаттың «Арал қаласындағы №2 мөлтек аудандағы жаңа көшелерге және Сексеуіл кенті мен Жіңішкеқұм, Құланды, Шижаға, Сазды, Қызылжар елді мекендерінің көшелеріне атау беру туралы» 2023 жылғы 23 маусымдағы №64 «Бірлескен қаулы және шешімі» негізінде облыстық ономастика комисиясына 12 ұсыныс жолданды. 2023 жылдың 28 қарашасында ономастика мәселелері бойынша түскен ұсыныс, өтініштер бойынша аудан әкімі жанындағы ономастика мәселелері жөніндегі жұмысшы тобының отырысы өткізіліп, көше атауына байланысты – 14, «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізуге қатысты – 16 ұсыныс қаралды.
– Биыл 95 жыл толып отырған ауданымыздың тарихы тереңде жатыр. Оның айқын дәлеліне айналатын біздің тарихи-мәдени мұраларымыз. Соларды қорғау және пайдалану туралы жасалған қандай бастамалар бар?
– Арал ауданы бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи-мәдени мұра обьектілерінің жалпы саны – 61. Оның ішінде республикалық маңызы бар – 1, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген – 39, алдын-ала есепке алынған тарихи-мәдени объектілері – 21. Осы кезге дейін аудандағы барлық алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген, тарихи-мәдени мұра объектілеріне ескерткіш мәртебесін беру немесе алдын-ала есепке алу тізімінен шығарып тастау үшін тарихи-мәдени мұра обьектілеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізілген. Қазіргі таңда, аталған сараптама нәтижесінде тиісті мекеме тарапынан облыс әкімдігінің қаулы жобасын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Аудан бойынша барлығы 9 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын белгілеу жобасының құжаттары дайындалған. Облыс әкімдігінің хаттарына сәйкес, Бекетай және Қосаманкесенелерін қалпына келтіріп, қайта жаңғырту үшін ғылыми-жобалау құжаттамасын әзірлеуге Аманөткел, Қосаман ауылдық округтерінің әкімдіктері тарапынан 2023 жылдың қыркүйек айында бюджеттік өтінім ұсынылды. Қазіргі таңда, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізімінде археологиялық ескерткіштерге жататын 16 неолит дәуіріндегі адамдар тұрақтары бар. 2013-2014 жылдары арнайы лицензиясы бар тұлғалар тарапынан төлқұжат пен есеп карточкаларын дайындау барысында Сексеуіл және Ақеспе маңындағы 2 тұрақтардан басқа обьектілердің орналасқан орындарын анықтау қиындық туғызған. Сонымен қатар қазіргі таңда табиғи факторлардың әсерінен көпшілік неолит тұрақтарының орны сақталмай, жойылып кеткен.
Осыған байланысты жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміндегі 16 неолит дәуіріндегі тұрақтарға ескерткіш мәртебесінде қалдыру немесе тізімінен шығарып тастау үшін тарихи-мәдени сараптама жүргізу қажет. Сондықтан да, ғылыми-жаңғырту жұмыстарын жүргізуге лицензиясы бар арнайы сарапшыларға барлығы 16 тарихи-мәдени мұра объектілеріне тарихи-мәдени сараптама жасатуға қаражат қажет.
– Жылдың табысты аяқталғанына көзіміз жетіп отыр. Ал осы жұмыстар легі алдағы уақытта қалай жалғасады деп жоспарлап отырсыздар?
– Істелген жұмысқа халық куә ғой. Бірақ ұсыныс-тілектер де қаралуы қажет. Себебі біткен істен бітетін іс қашанда көп болады. Сондықтан алдағы уақытта Арал қаласындағы аудандық мəдениет орталығы мекемесінің ғимаратын қайта жаңғырту үшін тиісті жұмыстар жүргізу, қаладағы аппаттық жағдайда тұрған №1 кітапхана ғимаратын жаңадан салу мүмкіндіктерін қарастыру, елді мекендердегі тозығы жеткен клубтарды күрделі жөндеуден өткізу немесе типтік жобадағы ауылдық клубтарды салу мүмкіндіктерін қарастыру, Арал қаласының мөлтек аудандарына көше тренажерлары және стрит воркаут алаңдарың салуға тиісті жұмыстар жүргізу, Жақсықылыш кентіне мәдениет үйі және балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңын салу мүмкіндіктерін қарастыру, Арал қаласы, кент, елді мекендерде спорттық кешендердің кезең-кезеңімен салынуына жұмыстар жүргізу мүмкіндіктерін іздестіру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету секілді көптеген жұмыстар бар. Мұның барлығы уақыттың еншісіндегі дүние. Қалай болса да халықтың қалауы біздің назарымызда болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
