Kyzylorda-news.kz Ауылшаруашылығы саласын әдетте «асыраушы сала» деп жатады. Расында бұл сала елдің қазанын толтырып, бүйірін қомпайтады емес пе? Кешегі қамбаны астыққа толтырған Алтын күзді алсаңыз болды ауылшаруашылығы саласының неге мұндай атауға ие болғанына дәлел жетіп жатыр. «Бұдан басқа да бұл саланың әлеуеті нендей бағдарламалармен артып келеді? Жалпы ауылшаруашылығы саласында соңғы 11 айда атқарылған жұмыстың ауқымы қандай?» деген сұраққа бірге жауап іздесек.
Иә өткен жылдың өзінде ауыршаруашылығы саласы айтарлықтай ауқымды істер атқарды. Сол жұмыстар төңірегінде баяндасақ.
Аймақ бойынша аудандар бөлінісімен есептесек, Арал ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі жөнінен екінші орында тұр екен. Бұл жақсы нәтиже. Осы саланың жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен есептік нәтижелерін білмек болып аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбановпен хабарластық. Айтуынша, Арал ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы (ВП) 2023 жылдың қаңтарқараша айларында 14 313,0 млн. теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104,1 пайызға артқан.
– Жалпы, біздің аудан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы бойынша аудандар арасында екінші орында, Қызылорда қаласын аудандарға қоса есептегенде үшінші орында тұрмыз. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 58 090 бас мүйізді ірі қара, 100 492 бас қой мен ешкі, (оның ішінде: қой 64 324 бас, ешкі 36 168 бас), 48 125 бас жылқы, 36 765 бас түйе және 4 107 бас құс (тауық) бар. Осы малдарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 100,4 пайызға, қой мен ешкі 102,7 пайызға, жылқы 110,9 пайызға, түйе 103,6 пайызға және құс 100,4 пайызға орындалды, – дейді бөлім басшысы Ж.Жұбанов
Ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбейген. Осы жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысымен ет өндіру (тірілей салмақта) 4 146,4 тонна, сүт өндіру (сиыр сүті) 9 504,5 тонна, жүн өндіру 127,5 тонна және жұмыртқа өндіру 122,4 мың дана болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл бағыттағы жұмыстар біршама артқан. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталы 11 айдың қорытындысымен 96,9 млн. теңгеге, тамақ өнеркәсібі бойынша 341,3 млн. теңгеге инвестиция тартылған. Мұның барлығы аудандағы ауыл шаруашылығы саласының айтарлықтай ілгері басып, өңдеу өнеркәсібі бойынша біршама жақсы нәтижеге қол жеткізгенін байқатады.
Ал 2022 жыл мен 2023 жылдары екі жыл қатарынан облыс көлемінде төрт түлік санының өсу динамикасын қалыптастырған және олардың өнімдерін өндіруде жоғары жетістіктерге жеткені үшін ауданымыз «Озат аудан» номинациясы бойынша марапат төрінен көрінгенін жұртшылық жақсы білетін болар. Мұның себебін Ж.Жарасұлы:
– Мұндай нәтижеге жетуімізге мал шаруашылығына бағытталған мемлекеттік бағдар ламаларға ауыл шаруашылығы құрылымдарының белсене қатысуы бас ты себеп болды. Аудан бойынша 2023-2024 жылдарға мал қыстау кезеңіне ауданның барлық нысандағы шаруашылықтары бойынша 146,0 мың шартты мал басына 181,0 мың тонна мал азықтық шөп және 31,0 мың тонна жем дайындау жоспарланған. Бүгінгі күнге 181,5 мың тонна мал азықтық шөп (100,2 пайызға),31,1 мың тонна жем (100,3 пайызға) дайындалды. Өткен жылдан қалдық шөп 59,7 мың тонна, – деп түсіндіреді бөлім басшысы.
Демеушілердің қолдауы арқылы және жол қауіпсіздігі мен адам денсаулығын сақтау мақсатында ауданның бірнеше бөлім дері арқылы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы жануарларына қарғы тағу (жарық шағылыстырғыш лента) жұмыстары аудан үстімен өтіп жатқан көлік магистралы бойындағы ауылдық округтерде жүргізілген. Жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бағытындағы жарық шағылыстырғыш лента тағу жұмыстары Аққұм, Ақирек, Аралқұм және Сапақ ауылдық округтері бойынша жалпы саны 300-ге жуық төрт түлік мал ына жүргізілген.
Бұл саланың негізгі критерийі егін шаруа - шылығы саласы бойынша қолға алынған жұмыстың нәтижесімен өлшенеді. Арал ауданының ауыл шаруашылығы саласының 2022-2024 жылдарға егін шаруашылығы және өндірілетін өнімді дамытуға арналған даму жоспарын іске асырудың Жол картасына сәйкес, 2023 жылға аудан бойынша барлығы 1500 гектар жерге егіс егу межеленген. Оның ішінде: 21 гектар картоп, 87 гектар көкөніс, 342 гектар бақша, 238 гектар ескі жоңышқа, 460 гектар жаңа жоңышқа және 352 гектар басқа дақыл түрлері. Десе де су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұр. Кешегі маусымда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде қолға алынғандығына тоқтала келе:
– Уақытында Аманөткел ауылдық округіндегі «Camel Pro» шаруа қожалығы 100 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа дақылын ексе, Сексеуіл кенті, Атанши, Қосжар, Аралқұм ауылдық округітері бойынша 20 гектардан астам жерге тамшылатып суару әдісімен көкөніс, бақша дақылдарын орналастырды. Сонымен қатар Сексеуіл кенті және Ақирек ауылдық округіндегі жеке қожалықтар 25 гектар жерге подпленка әдісімен көкөніс, бақша дақылдарын екті. Дегенмен бүгінгі күнге жеке, заңды және шаруа қожалықтары бойынша барлығы 1359,5 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Атап айтқанда, 22,9 га картоп, 99,15 га көкөніс, 363,77 га бақша, 177,25 га ескі жоңышқа және 347,25 га жаңа жоңышқа және 349,2 га күздік жоңышқа дақылдары. Осы егілген егістің 689,7 га шаруа қожалықтарында, 105,9 га заңды тұлғаларда және 214,72 га жеке қожалықтарына тиесілі. Аталмыш егістік жерлерді суару үшін қосымша 2 дана мотопомпа (су айдау насосы) Халықаралық Аралды құтқару қоры арқылы сатып алынып берілді, – дейді Ж.Жарасұлы.
Сонымен қатар, өз-өзімізді азық-түлік өнімдерімен және мал азықтық шөппен қамтамасыз ету үшін 2023 жылға егістік жерлерді ұлғайту бойынша Ақирек, Аманөткел, Қосжар және Қаратерең ауылдық округтерінің жер учаскелеріне далалық өлшеу жұмыстары жүргізіліп, конкурс тәсілімен жалпы көлемі 774 гектар жер учаскелері шаруашылықтарға табысталған.
Көктем шыға соқа сүйреп, қарбалас қамқарекетке күн шыға кірісетін жекелеген тұрғындар да жаз бойы еткен еңбектің өтеуін жерден тілейтін жандар қатарынан. Бір айта кетерлігі жеке тұрғындар бойынша 76 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межесі облыстық басқармамен белгіленіп берілген болса, бұл меже бүгінге күнге дейін артығымен орындалған. Яғни аудан бойынша ұжымдық негізде 137 отбасы 101,5 га жерге түрлі дақылдар орналастырған. Оның ішінде 5,2 га картоп, 18,3 га көкөніс, 68 га бақша және 10 га жаңа жоңышқа дақылдары бар.
– Қазіргі таңда егілген егіс дақылдары бойынша статистикалық ақпаратқа сүйене отырып жобамен картоптан 216,3 тонна, көкөністен 1450,3 тонна, бақшадан 4377,1 тонна және ескі, жаңа жоңышқадан 838,4 тонна өнім алынды. Егін шаруашылығын дамыту мақсатында соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылы егілген егісті осы кезеңмен салыстырғанда аудан бойынша егіс к ө л е м і 543,7 гектарға артық егіліп, одан алынатын өнім көлемі біршама артқандығын көруге болады. Келер жылы егіс маусымында жергілікті халықтың сұранысына сәйкес картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егуге жер бөлу бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – дейді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов.
Иә, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Арал ауданында жылдық қуаттылығы 23900 мың тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Мұны ұдайы айтып та келеміз. Соның бесеуі қазіргі таңда балықты терең өңдеумен айналысып келеді. Атап айтқанда «Agrofish 2020», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң», «Aral Sea food» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары балық өңдеу ісі бойынша жан-жақты мүмкіндікке ие. Бұлардың ішінде Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісіне ие екі кәсіпорын бар. Оның бірі «Арал балық өңдеу зауыты» болса, екіншісі «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС. Ал қалған төрт («Ар-МКон», «Бөген СДО», «Қуаныш», Zhalgasbay) шағын балық өңдеу зауыттары балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Бұдан бөлек 15-ке жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехтары жұмыс жасап келеді. Ал осы өндіріс ошақтарының аудан бойынша балық аулау және оның өңдеу жұмыстары бойынша көрсеткен көрсеткіштері қанша деген сұраққа келсек:
– Ауланған балық осы жылғы желтоқсан айының мәліметі бойынша 5 523 тоннаны құраса, өңделген балықтың осы кезеңмен салыстырғандағы үлесі 3 959 тоннаға жетті. Сонымен бірге 2023 жылдың 1 желтоқсанына дейін – 2 083 тонна балық экспортталды. Ауданда балық шаруашылығын дамыту бойынша басты мақсатымыз – ауданда тоғанды балық шаруашылығын өсіру. 2023 жылы тоғанды балық шаруашылығын іске асыру бойынша 2 жоба іске қосылды. Яғни, Жаңақұрылыс ауылдық округінен «Қожағұл-Ата» ШҚ және Қаратерең ауылдық округінен жеке кәсіпкер «Ә.Жанайбеков» тоғанды балық шаруашылығын құрды, – дейді Ж.Жұбанов.
Айтар болсақ, ауданда осы балықшы қауымның мерейін асырып, көңілін көтеретін VІІ балықшылар слеті қыркүйек айының 20-сы күні жоғары деңгейде аталып өткен болатын. Слет аясында «Арал өңіріндегі балық шаруашылығын дамыту және Кіші Арал теңізінің болашағы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өзекті мәселелер талқыланды. Бірқатар ұсыныстар берілді. Бұл да ата кәсіпті жандандырып, ел әлеуетін еселеуде еңбек көркін қыздырып жүрген батыр халықтың бір мерейі еді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық сала бойынша нақты бағыттарын айқындап берді. Басты міндет – ол елімізді азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету және азық-түлік тауарларының бағасын реттеу. Бұл өз кезегінде, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шараларын қабылдау арқылы ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпалын тигізбек. Осы бағытта ауданның 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасы» бекітіліп, 3 бағытта (мал, егін және балық шаруашылығын дамыту) іске асырылуда. Мақсаты – агроөнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығы секторын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтермен өзін-өзі қамтамасыз ету.
– Жол картасы аясында барлығы 30 жобаны іске асыру, жобамен 792 млн.теңге инвестиция тарту және 200-ге жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарланса, бекітілген 30 жобаның бүгінгі күнге 23 жобасы орындалып, ауданға ауыл шаруашылығы саласы бойынша 281,8 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 43 адам жаңа және маусымдық жұмыс орындарымен қамтылды, – деді бөлім басшысы Ж.Жарасұлы.
Пайдаланбаған ауыл шаруашылығы мақсатын дағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Республика аумағынан пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасы берілді. Бұл мәселе де бүгінде күн тәртібінде тұр. Осыған сәйкес, 2022 және 2023 жылдары облыс әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында облыс бойынша жоспар бекітілген. Бекітілген жоспарға сәйкес әр жылы аудан үлесі 35 000 гектарды құраған.
– 2023 жылы атқарылған шаралар бөлім тарапынан жалғасын тауып, жоспар – 28 500 гектарға бекітілді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы нысаналы мақсатына сәйкес игерілмеген (пайдаланылмаған) 28 974 гектарды құрайтын 17 жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жер учаскелерінің басым бөлігі жалпы халықтық үлестен құралған «Құланды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және «Жамбыл» шаруа қожалықтарының қайтыс болған мүшелерінің жер үлестерінен құралды, – деді Ж.Жұбанов.
Бөлім басшысының айтуынша, «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беру» бюджеттік бағдарламасы бекітілген. Қазіргі кезде ереже талаптарына сәйкес, берілетін микрокредиттер сенім білдірілген өкіл (агент) анықтауға конкурс жарияланып, жеңімпаз болып «ӘКК «Байқоңыр» ҰК» АҚ-ы анықталды. Аталған жобаны іске асыру мақсатында облысқа қаржыландыру 2023 жылға 3,0 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыдан Арал ауданының халық санына байланысты 438,5 млн.теңге қаржы тиесілі болса, бүгінде 72 жоба бойынша бұл қаржының барлығы толықтай игерілген.
– 2023 жылдың 21 наурыз күні «Ұлыстың Ұлы күні – наурыз» мерекесі аясында, 17- 18 қыркүйек күндері Астана қаласында, 14 қазанда Арал қаласында аудан орталығында, 21 қазанда Қызылорда қаласында «Алтын дән – 2023» іс-шарасы аясында және 4 қараша Арал қаласында аудан орталығында «Алтын күз-2023» іс-шарасы аясында және 18 қарашада Байқоңыр қаласында, 2 желтоқсанда Қызылорда қаласында Арал ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Бұдан бөлек аудан орталығында 3 мәрте жәрмеңке өтіп, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының ет, сүт, балық және көкөніс өнімдерін халыққа тікелей сатылуы, яғни нарық бағасынан 15-20 пайызға дейін арзандатылуы басты назарға алынды, – деді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов.
Иә, халықтың сапалы тұрмысы мен тұтынушылық қажеттілігін үйлестіруде ілкімді жобаларға жан бітіріп, тәуекелшіл бастамаларға мұрындық болған бұл бөлімнің жыл көлемінде атқарған жұмыстарын өздеріңізге жан-жақты таныстыруға тырыстық. Бұл нәтижелі жұмыстардың бір парасы ғана.
Төрт түлігін өргізіп, солардың нәпақа тауып отырған жандардың көптігі осы сөзімізден-ақ белгілі болар. Шындығында солай, шаруашылықты шыратып отырған қожалық иелері, мал шаруашылығымен жылдар бойы айналысып келе жатқан кәсіпкерлердің қарасы көп.
Береке малда. оның барлығы біледі. Алайда оның бес батпан бейнетіне келгенде көпшілігі сөзден іске көшуге тіксініп, мәселені жылы жауып қойғысы келеді. малы көп жандардың жақсы тұрмысы мен жарасымды тірлігі сырт көзге қызығарлықтай көрінгенімен, машақаты мол ата кәсіп әлі күнге көптеген шаруалардың негізгі күнкөрісіне айналып келеді. Бүгінде сондай шаруаны қолға алған мырзағұл Латипов қырдағы Қосаман өңірінде күн кешіп келеді. «Тұрарбек» шаруа қожалығы 2006 жылы құрылған. Шаруа қожалығының орталық қоралары «Талбаз» қыстағы, Қосаман ауылынан 20 шақырым қашықтықта, Сексеуіл кентінен 85 шақырым, Арал қаласынан 140 шақырым жерде орналасқан. Шаруашылықтың техникалық жағдайы жақсы техникалармен қамтылған.
– Мен осы кезге дейін үкіметтен қандай да бір көмек алып көрген жоқпын. Қандай жетістікке жетсем де өз күшіммен келе жатырмын. Қазіргі таңда «Талбаз» қыстауында осы шаруашылығымды дөңгелетіп келемін. Ет бағытындағы қазақтың айыр өркеш түйелерінің санын арттырып, жылқының да мұғалжар тұқымын көбейтуді қолға алдым. Мен осы уақытта жылдың қай мезгілінде болсын алушылардың сұранысына сәйкес жылқыны да, түйені де сойып, ет бағытындағы жұмысты тоқтатқан емеспін. Еліміз бойынша еттің ең арзаны Сексеуілде деп ойлаймын. Сонда да елдің сұранысын аяқсыз қалдырмайын деп, төмен бағада беріп келемін. 2-3 айлап қарызға да жазылып жатыр. Қазірше менің елге жасап жатқан мүмкіндіктерім осындай. Өзіңіз білесіз, мал бағу да оңай емес. Машақаты мол шаруашылық болған соң тәуекелге бел байлайтын кездер көп болады. Сонда да әкеден қалған адал кәсіп болған соң біз осы салаға байланған адамдармыз, – дейді «Тұрарбек» шаруа қожалығының төрағасы М.Латипов.
Мырзағұл Қашқанқұлұлы – жоғары білімді зоотехника саласының маманы. Алматыдағы АЗВИ-дің зоотехника факультетін бітірген. Мал шаруашылығы саласында бір кісідей тәжірибесі бар шаруаның жылқы малын өсіруде ерекше назарда ұстайтын ұстанымдары бар. Мұны әңгімелесу барысында Мырзағұл бізге кеңінен сөз етті.
– Жалпы жылқы өсіру барысында ең басты мәселелер – ол шаруашылықтағы табынның құрылымын, яғни әрбір топтың жынысы мен жасына қарай дұрыс бөлінуіне мән беру. Жылқы шаруашылығында асылдандыру жұмысын жүргізу экономикалық жағынан тиімді. Жылқылар мұндай жағдайда жыл бойы ашық далада табиғи жайылымда болатындықтан, кешенді атқоралар салуға немесе мол мөлшерде жем-шөп қорын дайындауға және еңбек күшін барынша пайдалануға көп шығынды қажет етпейді. Негізгі табынның құрылымы көбінесе шаруашылықтың мамандануына байланысты. Осыған орай шаруашылықтың өнім алу бағыты әртүрлі: етті, сүтті немесе етті-сүтті бағыт болып келеді. Егер шаруашылыққа қымыз керек болса соғұрлым аналық басы көп болады, ал ет өндіру керек болса, соғұрлым етке өткізілетін мал басы көп болуы шарт, – дейді ол.
«Тұрарбек» шаруа қожалығының да асылдандыру жұмысының тиімділігі бар. Іріктеліп алынған қазақ жылқысының ұнамды жұбынан әрқашанда жақсы ұрпақ алуға болады. Олар өзімен жасты төлдерге қарағанда 20-25 килограмға дейін жоғары салмақ береді. Бір жақсы тұқымдық айғырдан жылына орта есеппен 17-20 бас биеден 13-15 бас құлын алынады. Әрбір 100 бас биеден 75-80 бас құлын алуға болады. Мұны да зоотехник-маман Мырзағұл айтып берді.
Бүгінде «Тұрарбек» шаруа қожалығында жылқы төлінің сапасы және төлдегіштігі бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Етті биелерді іріктеп алуға көп көңіл бөлінеді. Қазақ жылқысының қоршаған ортаға бейімделу қабілеттілігі жақсы байқалғандықтан, жоғарыда айтып өткендей, «Құланды» тип аналықтарын Ақтөбе облысының шаруашылықтарынан жақсартушы айғырлармен кіріспе будандастыру арқылы ірілендіріп, оларды таза тұқымды қылу қолға алынған. Нәтиже де жоқ емес. Қазірдің өзінде «Тұрарбек» шаруа қожалығы тек асыл тұқымды «мұғалжар» тұқымы ішіндегі «құланды» тип жылқыларынан құралып, асыл тұқымды тай-құнандар мен байталдарды тұқымдыққа сатумен айналысуды қолға алған. Мұның қатарында ет бағытындағы нәтижелі жұмыстар бар.
– Біз қазіргі уақытта жергілікті сауда орындарына бонитировкадан кейінгі бракка шыққан кәрі биелер мен қорада ұстап бордақылаған еркек жабағы-құнандарды етке өткізумен айналысамыз. Жылқыны сауып, қымыз өндіру жұмысын да қолға аламыз деп отырмыз. Соған байланысты сауын биелерді үйретіп жатырмыз. Бүгін-ертең бұл шаруаны бастандырып кету оңай бола қоймас. Әзірше өзімізге тұтыну үшін аз-маз бие байлап, қымыз баптап отырған жайымыз бар. Дегенмен «ниетке найза бойламас» дегендей, алдағы күндердің еншісіндегі жұмыстарды айта кеткеннің артығы болмас деп ойлаймын, – дейді қожалық жетекшісі М.Латипов.
Иә, еңбек еткеннің ертеңі жарқын екенін бабаларымыз талай айтты. Оны қай заманның қоғамдық өмірі болсын дәлелдеп келеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де қарапайым мал шаруашылығынан қандай нәтиже көруге болатынын, қандай жетістікке жетуге болатынын дәлелдеп отыр. Мұның барлығы әкелі-балалы шараулардың жетістігі. Отбасында балаларын баптап, отағасы Мырзағұлдың қай ісіне болсын дем беріп отырған отанасы Асыл да сырттағы балалары мен елдегі шаруаның жайын бір сәт ойынан шығарған емес. «Осы шаруаға келешек иелік етер Ерасыл болар» деп арасында ой түйіндеп қояды. Бүгінде шаңырақтың кенжесі Ерасыл үлкен қалада оқуда. Қалғандары өз алдына үй болып, өз тіршіліктерін жасауда. Бұл әулет мүшелерінің ең басты ұстанымы – атадан мирас болған мал шаруашылығын шашау шығармай ұстап қалу. Осыны мақсат еткен Мырзағұл әлі күнге аттан түспей, ата кәсіпті ұршықша үйіріп келеді.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
