Kyzylorda-news.kz Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасында талқыланып жүрген АЭС салу жөніндегі референдумның қашан өтетенін айтты.
“Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз", – дейді мемлекет басшысы.
Президент атом электр станциясы туралы референдум секілді маңызды шешімдердің жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс екенін атап өтті.
“Референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын”, – деді Тоқаев.
Фото: Ақорда