Kyzylorda-news.kz 2024 жылы Сырдария ауданында 34,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 21,9 мың гектар жерге егіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды. Бұл туралы Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

– 2024 жылы аудан бойынша барлығы 131 мың тонна астық қамбаға құйылды. Суды үнемдеу мақсатында ауданда 13 шаруашылық құрылымы 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Шаруашылықтар жаңбырлатып суару әдісімен 100 гектар жерге әртүрлі дақылдар орналастырып, нәтижелі өнім алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Б.Сәрменбаев басшысы.

Сырдария брифинг.jpg

Былтыр мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 5,9 млрд. теңгені құрайтын 327 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына ауданда 2693 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2626 болып, тіркелгендерге үлесі 97,5 пайызды құрады. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында құны 138 млн. теңгенің 14 жобасы қаржыландырылды. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» бойынша құны 1,7 млрд. теңгенің 47 жобасы екінші деңгейлі банкттер тарапынан субсидияланды. «Ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 139 адамға 205,3 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді.

Сырдария брифинг 1.jpg

«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 1,6 млрд. теңгенің 72 жобасы қолдау тапты. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Қызылорда филиалы арқылы құны 1,5 млрд. теңгеге 25 ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтары алынды. Сондай-ақ, өткен жылы құны 1 млрд. теңгеге Сырдария ауданындағы Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағанбетов ауылдары газдандырылып, аудан халқын табиғи газбен қамту деңгейі 45 пайызға жетті. 

– Шаған және Нағи Ілиясов ауылдарына құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Елді мекен тұрғындары биыл табиғи газдың игілігін көретін болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан халқын газдандыру деңгейі 61 пайызға жетеді деп күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд. теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда.  Жаңа бу газ қондырғылары аудан аумағында салынады, оған 270 гектар жер бөлінді. Жоба нәтижесінде ауданымыздың экономикасын дамытуға септігін тигізеді, – деді аудан басшысы.

Сырдария брифинг 2.jpg

Аймақ басшысының бастамасымен өткен жылы «Руханият» жылы деп жарияланды. Айтулы жылда Сырдария ауданының мәдениет саласына үлкен қолдау көрсетіліп, клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмысын бастады. 

– Аудан орталығында неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Руханият» орталығы бой көтерді. Өткен жылы орталықтарда 35 жаңа үйірмелер ашылып, онда 504 жастар мен жасөспірімдер шығармашылықпен қамтылды. Ауданның мәдениет мекемелері былтыр 1436 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары 1272 байқауда 238 жүлделі орындарды жеңіп алды. Сонымен қатар құны 185,4 млн. теңгеге Бесарық ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті және Аманкелді, Жетікөл, Н.Ілиясов, Шаған, Іңкәрдария, Ақжарма, Қалжан ахун елді мекендеріне «ЛЭД» экран, музыкалық аппаратуралар мен аспаптар, басқа да құрал- жабдықтар алынды, – деді Б.Сәрменбаев.

Сырдария брифинг 3.jpg

Мемлекет басшысының бастамасымен халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасымен өткен жылы аудан бойынша 273 млн. теңгеге 18 жобаға өтінім беріліп, 10 жоба қолдау тапты.

– «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Абай-Дәулет» серіктестігі демеушілігімен Бесарық ауылында 3000 шаршы метр қамтитын ғимаратта шағын өндірістік аймақ ашылды. Ғимаратта 12 кәсіпорын орналасып, жеке кәсіпкерлер нысанды ақысыз, тегін пайдалануда, – деді аудан басшысы.

Сырдария брифинг 5.jpg

Айта кетейік, ауданда 25 көше күрделі жөндеуден өтті.

– 2024 жылы жол саласына 1,4 млрд. теңге қаржы бөлініп, Тереңөзек кенті және Бесарық, Қоғалыкөл, Ақжарма, Қалжан ахун, С.Сейфуллин елді мекендерінде 21 шақырымды құрайтын 25 көше күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде, аудандық бюджеттен бөлінген 247 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі 7 көшеге, 138 млн теңгеге Бесарық ауылындағы 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Б.Сәрменбаев.

Сырдария брифинг 7.jpg

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасымен 725 млн теңгеге Тереңөзек кенті, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді ауылдарында 14,5 шақырым ауыз су құбырлары қайта жаңғыртудан өтті.

- Аудандық бюджет есебінен 22 млн теңгеге Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Н.Ілиясов елді мекендерінің су мұнаралары жаңарды, 118 млн теңгеге Сәкен Сейфуллин және Іңкәрдария ауылдарында қосымша барлау-өндірістік ұңғымасы орнатылып, пайдалануға берілді, - деді аудан басшысы.

Сырдария брифинг 8.jpg

Сонымен бірге өткен жылы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары негізінде Тереңөзек кентінде 140 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған тұрғындарға табысталды.

- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен құны 174 млн. теңгеге Тереңөзек кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарлама аясында құны 73,2 млн. теңгеге аудан орталығында 6 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілуде, - деді Берік Сәрменбаев.

Сырдария брифинг 9.jpg

Аймақ басшысының бастамасымен үшінші рет өткізілген «Үлгілі елді мекен» байқауының нәтижесінде Тереңөзек кенті жүлделі орынға ие болып, тазалық жұмыстарына 2 арнайы техника берілді. 

- Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданда «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» апталықтары ұйымдастырылып, санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Осыған байланысты Тереңөзек кентінде 465 млн. теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауға арналған полигон пайдалануға берілді, - деді аудан әкімі.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: