Kyzylorda-news.kz Жалағаш – аграрлық өңір, сондықтан жергілікті халық ауыл шаруашылығында іс бастап, кәсібін дөңгелентіп отыр. Бұл ауданда егінмен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлер көшпелі қазақ тұрмысынан бастап күні бүгінге дейін жалғасқан ата кәсіптің бұл түрінің де көкжиегін кеңейтуде. Жергілікті халық мал басын көбейту, ірілендіру мен асылдандыруға басымдық беруде. 

Төрт түліктің ішінде жылқыны бағу мен оның өнімдерін ел игілігіне жарату, оны баптап, басын көбейту нанталап тірлік емес, кәдуілгі өнер деуге келеді. Қазақ деген текті ұлттың қанына сіңген қасиет, өзгеден ерек болмысын аша түсетін ерекшелік.  Әсіресе қазақтың маңдайына біткен ұланғайыр сайын даланы үйір-үйір жылқысыз елестету мүмкін емес. Төрт түліктің ішіндегі ең қасиеттісі, қадірлісі, тазасы да жылқы. 

Қуантарлығы, бүгінде кез келген қарапайым шаруа үшін кәсіпкерлікті мемлекет қаржылай қолдауға дайын. Жеңілдетілген пайызбен несие, қайтарымсыз грант алып, жұмыс істеп жатқандар көп. Соның бірі Мәдениет ауылының тұрғыны Абай Қыстаубайұлы екі жыл бұрын мемлекеттен 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз грант алып, мал бордақылауды бастады. Бала кезінен ата кәсіптің қыр-сырын үйренген ол тәуекел етіп, жылқы шаруашылығын қолға алыпты. 

Әбекеңнің бұл кәсіпті бастаудағы мақсаты ет бағытында ауылды өз өнімімен қамтамасыз ету. Таңдауы төрт түліктің ішіндегі жылқыға түскен. Ата-бабаларымыздың түліктің ішіндегі ең жақсы көргені де жылқы. Ішсең, сусын, кисең, киім, мінсең, көлік. Бүгінде кәсіпкер қораға 4 бас жылқыны байлапты. 

– Жылқы – атам қазақ баққан мал, оны барлық қазақ бағуы тиіс. Мен осы атакәсіп арқылы отбасымды асырап отырмын. Мына жылқыларды бордақылап, ауыл тұрғындарына келісін 2000-2200 теңгеден өткіземін. Тіпті кейде аудан орталығынан, Қызылорда қаласынан етке сұраныс түсіп жатады. Ет жеймін деген азамат болса, етпен қамтамасыз етуге дайынмын. Ешқандай қиындығы жоқ. Мемлекеттен барлық қолдауды алып отырмыз. Соның арқасында өсіп-өніп отырған жайымыз бар. Мен осы кәсіпті бастағаныма қуанамын. Жасыратыны жоқ, қайтарымсыз грант ақшасын ешқайда жұмсамай, тек осы кәсібіме салдым. Қазір жылқыларым қоңды. Біреуін жақында өткіздім, түскен қаржыға тағы бір жылқы сатып алдым, – дейді Абай Рүстемов.

Кәсіпкердің айтуынша, малға керек жем-шөптен мәселе жоқ, ауыл шаруаларынан сатып алады. Шыны керек, жоңышқаның бағасы жылдағыдан қымбаттаған, мәселен, 1 пресс жоңышқа 800-1000 теңге аралығында бағалануда. Өткен жылы 600-650 теңге маңайында сатылыпты. Дегенмен Әбекең бұған еңсесін түсірмей, керісінше жұмысты ширата түскен. Мемлекеттен қосымша қаржылай қолдау болып жатса, тағы несие алу ойында бар. Сөйтіп келешекте мал басын ұлғайта бермек. Сондай-ақ сауын жылқыларын әкеліп, қымыз өндірісін де дамытуды жоспарлап отыр. Ауылда өскесін болар, кәсіпкер атакәсіптің қыр-сырын бес саусағындай біледі. Бізге байлау¬дағы жылқыларын көрсетіп, бордақылаудың ерекшеліктері мен біз білмейтін әдіс-тәсілдерін түсіндірумен әлек болды.  

Жалпы, бордақылауда малды сапалы ет пен майды көп алу үшін сояр алдында жемге байлап, қолдан семіртеді. Бордақылау мерзімінің ұзақтығы түліктің түріне, малдың жасына, бастапқы салмағы мен қоңдылығына байланысты. Мысалы, қоңы орташаларын 35-45 күн, қоңы төмендерін 50-60 күн бордақылайды. Бұл кезде жылқы тәулігіне орта есеппен 1-1,5 келі үстеме салмақ қосады. Мал бордақылаудың тиімділігін арттыру үшін түліктің барлық түрлеріне ортақ өсіп-даму заңдылықтары басшылыққа алынуы керек. Жас малды бордақылағанда алғашқы кезде оның салмағы ет пен сүйегінің толысуына байланысты жүреді де, үстеме салмаққа азық аз жұмсалады, ал одан кейінгі салмақтың артуы денедегі майдың түзілуіне байланысты болғандықтан, азық шығыны көп жұмсалады. Дені сау мал ғана тез қоң алып семіреді. Сондықтан бордақылауға қойылған мал бақылауда болуы қажет. Бордақылайтын табын құрамындағы малдың тұқымы, жасы, жынысы, салмағы, қоңы бірдей болғаны дұрыс.

Иә, Мәдениет ауылында кәсіппен айналысып, оны отбасылық бизнеске айналдырғандар саны жыл сайын артуда. Негізінен шағын кәсіп иелерінің басым бөлігі атакәсіп – мал шаруашылығына ден қойғандар. Құс шаруашылығы, кондитер өнімдері, наубайхана, көлік жөндеу қызметі, шаштараз секілді кәсіп түрлерімен айналысуды жоспарлап отырғандары да бар. 

Әрине кәсіпке бейімделу – бүгінгі заман талабы. Ауыл тұрғындарының бұл бағыттағы қозғалысы көз қуантады. Атам заманда қолға үйретіліп, көшпелі халықтың қажетіне жараған жылқы малының қадір-қасиеті ерекше. Жылқы тектес халықтың өзі аттан, қазаны оттан түспеген. Көшпелі замандағы халықтың сенімді серігі, көлігі, әрі қорегі де осы. Төрт түліктің ішіндегі ең тазасы, ең тектісі, адам денсаулығына ең пайдалысы да осы жылқы.

Тағы да оқыңыз: