Kyzylorda-news.kz Кәсіпкерлік саласына қарқын беруді көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың жалағаштықтар бүгінде игілігін көруде. Әсіресе бұл бағдарламаның негізгі мақсаты елді мекендерде жұмыссыздық мәселесін болдырмауға бағытталуы екі қолға бір күрек таппай жүрген жандар үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр. Олай болмағанда ше, жұмыс іздеп барған адамнан іскер азамат қалыптастыруды көздейтін мемлекеттік бағдарлама өңірде кәсіпорындар қатарының артуына сеп болуда. 

        Екі жүзден астам аудан халқының кәсіп ашуына демеу болған “Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы биыл да іс бастаймын деген жалағаштықтарды қаржылай қолдауға кірісті. Бұрынғыдай емес, жұртқа берілетін қайтарымсыз қаржының көлемі де артқан. Нәтижесінде аудан халқы бағдарлама игілігін көріп, өз жобаларын жүзеге асырудың қамына кірісті. Елмен бірге комиссия мүшелері алдында өз жобасын қорғаған аққошқарлық Айбатыр Сардарбекұлы да Еңбекте жылқы шаруашылығын қолға алсам дейді. 

Бұған дейін бірнеше мекемеде жұмысшы болған ол бір айлықпен бүтін бір отбасын асырап, жеке табысты арттыру мүмкін емес екенін айтады. Осы ретте мал шаруашылығын қолға алуды көздеген ауыл тұрғыны мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінуді жөн деп табады. Себебі Айбатырда шаруашылық бастап кету үшін қосымша қаржы көзі де жоқ еді. 

– Өзім тек Жалағашта ғана емес, облыс орталығына барып та жұмыс жасадым. Алайда айлықпен алысқа бармайтынымды түсіндім. Осылайша кәсіпке аяқ бассам деген ой келді. Ол үшін мен өз жобамның тақырыбын мал шаруашылығына бағыттадым. Себебі өндіріс ошағы болашақ ауылда болғандықтан аграрлық өңірде кәсіптің бұл түрімен айналысушы жан үшін шығын аз болатынын жақсы білемін. Комиссия мүшелері менің жобамды бірауыздан қолдап, маған осыдан бірнеше жыл бұрын 583 400 теңге қайтарымсыз қаржы үлестірді. Тиісті қаржыға екі жылқы алып, әуелі мал басын көбейтудің қамына кірістім. Кейін, яғни мал басы көбейгесін оларды бордақылап, жеке табысқа жұмыс жасадым, – дейді жоба авторы. 

Айекең осыдан бірнеше күн бұрын сатып алған жылқысын шаруагер жақындарының үйіріне қосып қойған. Мұнан кейін 4 млн теңге пайыздық үстемақысы төмен несие алуға болатынын естіген ол қазір соның жұмыстарына кірісіп кеткен. 

– 583 400 теңгемен мал алып, оның басын көбейту көп уақытты қажет етеді. Сондықтан комиссия мүшелерінің маған берген кеңесі табылған ақыл болды. Енді 4 млн пайыздық үстемақысы төмен несие алуға талпынып жатырмын. Қаражат қолға тисе, көп ұзамай мен де ауылда үйір жинаймын. Бір жағынан өрісте мал басы арта береді. Келесі кезекте бордақылап сату арқылы жеке табысымды да еселеймін. Бірақ бордақылау ісін кейін қолға аламын. Қанша қаржы алсам да алдымен бір-екі жыл мал басын көбейтемін, – дейді кәсіпкер. 

Ауыл тұрғындары үшін мал шаруашылығы қолайлы кәсіп екені айтпаса да белгілі. Сондықтан Айбатырдың бұл жобасы болашақта өз жемісін берері анық. Оның үстіне кәсіпкердің алдымен мал басын көбейтуіп алуды мақсат етуі бізді қуантып отыр. Ата кәсіпті алға оздыруға талпынған Айекең осылайша мемлекетке салмақ салмай өріске мал өргізсем дейді. 

Кейіпкеріміз іс бастауда мемлекеттік бағдарлама игілігін көрген аудан тұрғындарының бірі ғана. Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы бағдарламамен Жалағашта 200-ден астам жоба өз жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда қаржылай қолдау тапқан жоба авторлары бір жағынан жеке табысын арттыруға қол жеткізсе, келесі кезекте ауданда аталған саланың алға басуына өз үлестерін қосып отыр. 

Тағы да оқыңыз: