Қазір кәсіптің қай бағытын қолға алам десеңіз, мемлекет тарапынан бәріне қаржылай қолдау бар. Мұның бір тиімділігі бұрын іс бастамасаңыз да сізді мемлекет сүйемелдеуге дайын. Бұл қолдау біраз азаматқа үлкен демеу болуы керек, қазір Жалағаш ауданында да кәсіпкерлердің қатары артқан. Ал пайдасы болмаса жұрт жаппай кәсіпкерлікке бет бұрмас еді. Бір қуанарлығы, ауыл халқы да қазір іс бастауға бейім тұр. Ауылдық елді мекендерде наубайхана, шаштараз, тігін шеберханасы сияқты кәсіп көзімен табысқа кенелу оңайға соқпайды. Десе де көзін тапсаң бұл бағытта да қыруар қаржыға кенелуге болады. Ет өнімдерінің бағасында жиі өсім болып жатқанда мал шаруашылығын дамыту – кәсіпкер үшін табысқа кенелудің тиімді жолы. Мұны мәдениеттік Абай Мұстафаев жақсы біледі. Бұрын сатып алған малын бордақылап қайта нарыққа шығарған Абай ағамыз уақыт өте қомақты қаржысыз бұл салада табысқа жете алмайтынын жете түсінеді. Осылайша кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламамен несие алуды көздейді. 

 

Абай Шоңмұрынұлының жылқы малын бордақылауға арналған жобасы 10 млн теңгемен қаржылай қолдау тапты. Тиісті қаражаттың бір бөлігіне кәсіпкер 32 бас жылқы сатып алды. Екі жылдан бері мал бордақылап нарыққа шығарған іскер азамат бұл бағдарламаның үлкен көмек болғанын айтады. 

– Мемлекет ұсынған несиенің көмегін көріп отырған жалғыз мен емес деп ойлаймын. Сондықтан бұл бағдарламалардың кәсіпкерлікті дамытуға үлкен демеу болғанын да жақсы білемін. Бұл сала дамыса, өңірлердің әлеуеті де артады, жұмыссыздық та белең алмайды. Осы ретте біз мұның тек кәсіпкерлік саласының алға басуына ғана жасалып жатқан қолдау емес екенін жақсы түсінуіміз керек. Бұрын пайыздық үстемақысы төмен қыруар қаржыға кенелу деген мүлде болған емес. Қазір осынша көмектің болып жатқаны мемлекеттің де экономикасында тұрақты өсім қалыптасқанын аңғартады. Біздің ауылда жүзден астам азамат кәсіппен айналысады. Аллаға шүкір, қазір олардың басым бөлігі сол қолға алған жобасымен тұрмысын түзеп алды. Мен де екі жылдан бері жылқы бордақылап сатамын. Пайда да жоқ емес, несием де жабылып жатыр, – дейді іскер азамат. 

Ағамызға мал шаруашылығы бөтен сала емес. Бұрыннан осы салада қолтаңбасы бар Абай Мұстафаев мал бағудың да өзіне тән қыр-сырын жетік меңгерген. Мал бағып көрмегендерге жем-суын молынан берсең, көп ұзамай қорадағы түлік домаланып шыға келетіндей көрінер, бірақ мүлде олай емес. Төрт түліктің ішінде әсіресе жылқы бағу оңай шаруа емес. Мәселен, Қамбар атаның тұқымына бағымда әсте молынан жем-шөп беруге болмайды. Бір тойып жем-шөп жеген жылқы 3-4 күн, әрісі 1-2 аптаға дейін тамаққа тәбеті құриды. Ал осынша уақыт дұрыс азық жемеген малдың тез етке шығуы неғайбыл. Бірақ бордақыда түлікті көп баптау кәсіпкер үшін үлкен шығын. Осы ретте іскер азаматтың жоңышқаны қай уақытта қанша салу керектігі, жемді қай уақытта беру қажеттігі жөнінде айтқан ақылы бізді таң қалдырмай қоймады. 

Кәсіпкер ауыл өнімінің нарықта өтімді келетінін айтады. Сондықтан ауыл халқы үшін мал бордақылап сату табысқа кенелудің ең тиімді жолы екенін тағы бір назарға салды. Расында ет сататын сауда орындарында тұтынушы тарапынан үлкендердің аузынан «Қай жақтан келген ет, қай өңірдің малы?» деген сөздерді жиі естиміз. Ал ауылдан келген өнімге тұтынушылар тарапынан үлкен талас болатынын көріп те жүрміз. Сондықтан ағамыздың әлгіндегі пікіріне қарсы айтар уәжіміз жоқ. Дайын өнімді тұтынуды қаймана қазақ біледі, ал оның қандай еңбекпен келетінін бірі білсе, бірі  білмейді. Өрістегі жылқы арнайы бір бақташының назарында болмаса, барымташыға не итқұсқа жем болады. Ал бордақыдағы малдың тез қоң алуы үшін қандай күтім қажеттігін жоғарыда айттық. Сондықтан пайданың көзі осында екен деп шауып барып, шатқаяқтаған кімге болса да тиімсіз. Бастысы, Абай Мұстафаев секілді мақсатпен, жоспармен іс қылсаң болғаны, табыс өздігінен арта береді. Ағамыздың бұл салада мұнан басқа да жоспары жоқ емес, алдымен несиеден құтылса, басқа да кәсіп көзін қолға алуға ниетті. Қалғаны уақыттың еншісінде.  

Тағы да оқыңыз: