Kyzylorda-news.kz Ауылшаруашылығы саласын әдетте «асырсаушы сала» деп жатады. Расында бұл сала елдің қазанын толтырып, бүйірін қампайтады емес пе? Кешегі қамбаны астыққа толтырған Алтын күздің алсаңыз болды ауылшаруашылығы саласының неге бұлай айтылғанына дәлел жетіп жатыр. Бұдан басқа да бұл саланың әлеуеті нендей бағдарламалармен артып келеді? Жалпы ауылшаруашылығы саласында соңғы 11 айда атқарылған жұмыстың ауқымы қандай? деген сұраққа бірге жауап іздесек.

Аймақ бойынша аудандар бөлінісімен есептесек, Арал ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі жөнінен екінші орында тұр екен. Бұл жақсы нәтиже. Осы саланың жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен есептік нәтижелерін білмек болып аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбановпен хабарластық. Айтуынша Арал ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы (ВП) 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 14 313,0 млн. теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104,1 пайызға артқан.

– Жалпы, біздің аудан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы бойынша аудандар арасында екінші орында, Қызылорда қаласын аудандарға қоса есептегенде үшінші орында тұрмыз. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 58 090 бас мүйізді ірі  қара, 100 492 бас қой мен ешкі, (оның ішінде: қой 64 324 бас, ешкі 36 168 бас), 48 125 бас жылқы, 36 765 бас түйе және 4 107 бас құс (тауық) бар. Осы малдарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 100,4 пайызға, қой мен ешкі 102,7 пайызға, жылқы 110,9 пайызға, түйе 103,6 пайызға және құс 100,4  пайызға орындалды, – бөлім басшысы Ж.Жұбанов

Ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбейген. Осы жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысымен ет өндіру (тірілей салмақта) 4 146,4 тонна, сүт өндіру (сиыр сүті) 9 504,5 тонна, жүн өндіру 127,5 тонна және жұмыртқа өндіру 122,4 мың дана болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл бағыттағы жұмыстар біршама артқан. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталы 11 айдың қорытындысымен 96,9 млн. теңгеге, тамақ өнеркәсібі бойынша 341,3 млн. теңгеге инвестиция тартылған. Мұның барлығы аудандағы ауыл шаруашылығы саласының айтарлықтай ілгері басып, өңдеу өнеркәсібі бойынша біршама жақсы нәтижеге қол жеткізгенін байқатады.

Ал 2022, 2023 жылдары екі жыл қатарынан облыс көлемінде төрт түлік санының өсу динамикасын қалыптастырған және олардың өнімдерін өндіруде жоғары жетістіктерге жеткені үшін ауданымыз «Озат аудан» номинациясы бойынша марапат төрінен көрінгенін жұртшылық жақсы білетін болар. Мұның себебін Ж.Жарасұлы былай түсіндіреді.

– Мұндай нәтижеге жетуімізге мал шаруашылығына бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға ауыл шаруашылығы құрылымдарының белсене қатысуы басты себеп болды. Аудан бойынша 2023-2024 жылдарға мал қыстау кезеңіне ауданның барлық нысандағы шаруашылықтары бойынша 146,0 мың шартты мал басына 181,0 мың тонна мал азықтық шөп және 31,0 мың тонна жем дайындау жоспарланған. Бүгінгі күнге,181,5 мың тонна мал азықтық шөп (100,2 пайызға), 31,1 мың тонна жем (100,3 пайызға) дайындалды. Өткен жылдан қалдық шөп 59,7 мың тонна, – дейді бөлім басшысы.

Демеушілердің қолдауы арқылы және жол қауіпсіздігі мен адам денсаулығын сақтау мақсатында ауданның бірнеше бөлімдері арқылы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы жануарларына қарғы тағу (жарық шағылыстырғыш лента) жұмыстары аудан үстімен өтіп жатқан көлік магистарлы бойындағы ауылдық округтерде жүргізілген. Жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бағытындағы жарық шағылыстырғыш лента тағу жұмыстары Аққұм, Ақирек, Аралқұм және Сапақ ауылдық округтері бойынша жалпы саны 300-ге жуық төрт-түлік малдарына жүргізілген.

Бұл саланың негізгі критериі егін шаруашылығы саласы бойынша қолға алынған жұмыстың нәтижесімен өлшенеді. Арал ауданының ауыл шаруашылығы саласының 2022-2024 жылдарға егін шаруашылығы және өндірілетін өнімді дамытуға арналған даму жоспарын іске асырудың Жол картасына сәйкес, 2023 жылға аудан бойынша барлығы 1500 гектар жерге егіс егуді межеленген. Оның ішінде: 21 гектар картоп, 87 гектар көкөніс, 342 гектар бақша, 238 гектар ескі жоңышқа, 460 гектар жаңа жоңышқа және 352 гектар басқа дақыл түрлері. Десе де су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұр.  Кешегі маусымда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде қолға алынғандығын айтты бөлім басшысы. 

– Уақытында Аманөткел ауылдық округіндегі «Camel Pro» шаруа қожалығы 100 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа дақылын ексе, Сексеуіл кенті, Атанши, Қосжар, Аралқұм ауылдық округітері бойынша 20 гектардан астам жерге тамшылатып суару әдісімен көкөніс, бақша дақылдарын орналастырды. Сонымен қатар, Сексеуіл кенті және Ақирек ауылдық округіндегі жеке қожалықтар 25 гектар жерге подпленка әдісімен көкөніс, бақша дақылдарын екті.

Дегенмен бүгінгі күнге, жеке, заңды және шаруа қожалықтары бойынша барлығы 1359,5 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Атап айтқанда: 22,9  га картоп, 99,15 га көкөніс, 363,77 га бақша, 177,25 га ескі жоңышқа және 347,25  га жаңа жоңышқа және 349,2 га күздік жоңышқа дақылдары. Осы егілген егістің 689,7 га шаруа қожалықтарында, 105,9 га заңды тұлғаларда және 214,72 га жеке қожалықтарына тиесілі. Аталмыш егістік жерлерді суару үшін қосымша 2 дана мотопомпа (су айдау насосы) Халықаралық Аралды құтқару қоры арқылы сатып алынып берілді, – дейді Ж.Жарасұлы.

Сонымен қатар, өз-өзімізді азық-түлік өнімдерімен және мал азықтық шөппен қамтамасыз ету үшін 2023 жылға егістік жерлерді ұлғайту бойынша Ақирек, Аманөткел, Қосжар және Қаратерең ауылдық округтерінің жер учаскелеріне далалық өлшеу жұмыстары жүргізіліп, конкурс тәсілімен жалпы көлемі 774 гектар жер учаскелері шаруашылықтарға табысталған.

Көктем шыға соқа сүйреп, қарбалас қам-қарекетке күн шыға кірісетін жекелеген тұрғындар да жаз бойы еткен еңбектің өтеуін жерден тілейтін жандар қатарынан. Бір айта кетерлігі жеке тұрғындар бойынша 76 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межесі облыстық басқармамен белгіленіп берілген болса бұл меже бүгінге күнге дейін артығымен орындалған. Яғни, аудан бойынша ұжымдық негізде 137 отбасы 101,5 га жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Оның ішінде 5,2 га картоп, 18,3 га көкөніс, 68 га бақша және 10 га жаңа жоңышқа дақылдары бар.

– Қазіргі таңда егілген егіс дақылдары бойынша статистикалық ақпаратқа сүйене отырып жобамен картоптан 216,3 тонна, көкөністен 1450,3 тонна, бақшадан 4377,1 тонна және ескі, жаңа жоңышқадан 838,4 тонна өнім алынды. Егін шаруашылығын дамыту мақсатында соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылы егілген егісті осы кезеңмен салыстырғанда аудан бойынша егіс көлемі 543,7 гектарға артық егіліп, одан алынатын өнім көлемі біршама артқандығын көруге болады. Келер жылы егіс маусымында жергілікті халықтың сұранысына сәйкес картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егуге жер бөлу бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – дейді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов.

Иә, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Арал ауданында жылдық қуаттылығы 23900 мың тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Мұны ұдайы айтып та келеміз. Соның бесеу қазіргі таңда балықты терең өңдеумен айналысып келеді. Атап айтқанда «Agrofish 2020», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң», «Aral Sea food» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары балық өңдеу ісі бойынша жан-жақты мүмкіндікке ие. Бұлардың ішінде Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісіне ие екі кәсіпорын бар. Оның бірі Арал балық өңдеу зауыты болса, екіншісі Арал сервистік дайындау орталығы ЖШС. Ал қалған төртеуі («Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», Zhalgasbay) шағын балық өңдеу зауыттары балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Бұдан бөлек 15-ге жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехтары жұмыс жасап келеді. Ал осы өндіріс ошақтарының аудан бойынша балық аулу және оның өңдеу жұмыстары бойынша көрсеткен көрсеткіштері қанша деген сұраққа келсек.

– Ауланған балық осы жылғы желтоқсан айының мәліметі бойынша 5 523 тоннаны құраса, өңделген балықтың осы кезеңмен салыстырғандағы үлесі 3 959 тоннаға жетті. Балық экспортты бойынша 01.12.2023 жылға – 2 083 тонна. экспортталды. Ауданда балық шаруашылығын дамыту бойынша басты мақсатымыз  ауданымызда тоғанды балық шаруашылығын өсіру. 2023 жылы тоғанды балық шаруашылығын іске асыру бойынша 2 жоба іске қосылды. Яғни, Жаңақұрылыс ауылдық округінен «Қожағұл-Ата» шқ және Қаратерең ауылдық округінен жеке кәсіпкер «Ә.Жанайбеков» тоғанды балық шаруашылығын құрды, – дейді Ж.Жұбанов.

Естеріңізде болса ауданда осы балықшы қауымның мерейін асырып, көңілін көтеретін VІІ-ші балықшылар слеті қыркүйек айының 20-сы күні жоғары деңгейде аталып өткен болатын. Слет аясында «Арал өңіріндегі балық шаруашылығын дамыту және Кіші Арал теңізінің болашағы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өзекті мәселелер талқыланды, бірқатар ұсыныстар берілді. Бұл да ата кәсіпті жандандырып, ел әлеуетін еселеуде еңбек көркін қыздырып жүрген батыр халықтың бір мерейі еді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық сала бойынша нақты бағыттарын айқындап берді. Басты міндет – ол елімізді азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету және азық-түлік тауарларының бағасын реттеу. Бұл, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шараларын қабылдау арқылы, ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпалын тигізбек. Осы бағытта ауданның 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасы» бекітіліп, 3 бағытта (мал, егін және балық шаруашылығын дамыту) іске асырылуда. Мақсаты – агроөнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығы секторын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтермен өзін-өзі қамтамасыз ету.

– Жол картасы аясында барлығы 30 жобаны іске асыру, жобамен 792 млн. теңге инвестиция тарту және 200-ге жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарланса, бекітілген 30 жобаның бүгінгі күнге 23 жобасы орындалып, ауданға ауыл шаруашылығы саласы бойынша 281,8 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 43 адам жаңа және маусымдық жұмыс орындарымен қамтылды, – бөлім басшысы Ж.Жарасұлы.

Пайдаланбаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Республика аумағынан пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасы берілді. Бұл мәселе де бүгінде күн тәртібінде тұр. Осыған сәйкес, 2022 және 2023 жылдары облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязовпен ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында облыс бойынша жоспар бекітілген. Бекітілген жоспарға сәйкес әр жылы аудан үлесі 35 000 гектарды құраған. 

– 2023 жылы атқарылған шаралар бөлім тарапынан жалғасын тауып,  жоспар – 28 500 гектарға бекітілді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы нысаналы мақсатына сәйкес игерілмеген (пайдаланылмаған) 28 974 гектарды құрайтын 17 жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жер учаскелерінің басым бөлігі жалпы халықтық үлестен құралған «Құланды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және «Жамбыл» шаруа қожалықтарының қайтыс болған мүшелерінің жер үлестерінен құралды, – деді Ж.Жұбанов. 

Бөлім басшысының айтуынша «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беру» бюджеттік бағдарламасы бекітілген. Қазіргі кезде ереже талаптарына сәйкес, берілетін микрокредиттер сенім білдірілген өкіл (агент) анықтауға конкурс жарияланып, жеңімпаз болып «ӘКК «Байқоңыр» ҰК» АҚ-ы анықталды. Аталған жобаны іске асыру мақсатында облысқа қаржыландыру 2023 жылға 3,0 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыдан Арал ауданының халық санына байланысты 438,5 млн. теңге қаржы тиесілі болса, бүгінде 72 жоба бойынша бұл қаржының барлығы толықтай игерілген.

– 2023 жылдың 21 наурыз күні «Ұлыстың Ұлы күні – наурыз» мерекесі аясында, 17-18 қыркүйек күндері Астана қаласында, 14 қазанда Арал қаласында аудан орталығында, 21 қазанда Қызылорда қаласында «Алтын дән – 2023» іс-шарасы аясында және 4 қараша Арал қаласында аудан орталығында «Алтын күз – 2023» іс-шарасы аясында және 18 қарашада Байқоңыр қаласында, 2 желтоқсанда Қызылорда қаласында Арал ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Бұдан бөлек аудан орталығында 3 мәрте жәрмеңке өтіп, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының ет, сүт, балық және көкөніс өнімдерін халыққа тікелей сатылуы, яғни нарық бағасынан 15-20 пайызға дейін арзандатылуы  басты назарға алынды, – деді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов. 

Иә, халықтың сапалы тұрмысы мен тұтынушылық қажеттілігін үйлестіруде ілкімді жобаларға жан бітіріп, тәуекелшіл бастамаларға мұрындық болған бұл бөлімнің жыл көлемінде атқарған жұмыстарын өздеріңізге жан-жақты таныстыруға тырыстық. Бұл нәтижелі жұмыстардың бір парасы ғана.

Тағы да оқыңыз: