Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда ЖИТС ауруы (СПИД) – әлемді алаңдатып, медицина жетістігіне мойынсұнбай отырған бірден-бір кесел. Ғасыр дертімен күресу жолында көптеген шаралар жүзеге асырылып жатса да әзірге нәтижесі аз.

Үкімет тарапынан аталған жұқпаның алдын алу мақсатында қаржы жұмсалып жатқанымен әзірге бұл аурудың алдын алу үшін егетін вакцина немесе адам ағзасын вирустан толық тазартатын дәрілік препараттар шығарылған жоқ. Сондықтан қазіргі таңда ВИЧ/ СПИД-тің алдын алудағы басты шараның бірі – халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын толассыз жүргізу болып табылады.

Әр жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде, Халықаралық ЖИТС (жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы) ауруынан қайтыс болғандарды еске алу күні өткізіледі. Бұл күн алғаш рет 1983 жылы Сан-Франциско қаласында аталып өтілген болса, қазіргі таңда әлемнің 115 елінде, 1200-ге жуық қоғамдық ұйымдардың атсалысуымен өткізілетін кең көлемді шаралардың бірі болып табылады. 

Биыл Халықаралық ЖИТС ауруынан қайтыс болғандарды еске алу күні 41-ші рет өткізілмекші. Бұл күнді өткізудің мақсаты АИТВ-мен (адамның иммунитет тапшылығының вирусы) өмір сүруші адамдарға моральдік, рухани және психологиялық қолдау көрсету, АИТВ/ЖИТС проблемасының бар екенін қоғамның барлық құрылымдарының есіне салу, біздің әрқайсымыз АИТВ жұқтырған адамдар үшін не істей алатынымызды ойлану. Сонымен қатар АИТВ жұқтырғандардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. «Кемсіту нөл» ұраны арқылы АИТВ жұқтырғандар мен ЖИТС ауруына шалдыққандарға алалау, кемсіту, «таңба басу» сияқты көзқарасты азайту болып табылады. 

ЮНЭЙДС-тің (БҰҰ-ның ЖИТС індетіне қарсы біріккен бағдарламасы) ақпаратына сүйенсек, жер шарында 32 млн астам АИТВ жұқтырғандар өмір сүреді, оның 20 млн ЖИТС індетінен қайтыс болған. АИТВ жұқтырғандардың көбісі 30 жасқа дейінгі жастар. 

Қазіргі таңда әртүрлі үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып АИТВ/ЖИТС-тың алдын алуға бағытталған көптеген іс-шаралар өткізіледі. Олардың мақсаты жалпы халықты оның ішінде жастар мен жасөспірімдерді АИТВ инфекциясынан сақтандыру және олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау. 

ҚЫЗЫЛ ЛЕНТА

1991 жылы сәуір айында ЖИТС проблемасына қоғам назарын аудару мақсатында СПИД-ке қарсы қозғалыстың мүшесі, суретші Франк Мур “Қызыл лентаны” алғаш рет ойлап шығарды. Оны алғашқылардың бірі болып Визуал АИДС ұйымының мүшелері тақты (суретшілер, өнер адамдары, т.б). Сол жылы Фредди Меркуриді еске алуға арналған концертке оның 70 мың табынушысы кеуделеріне ”Қызыл лента” тағып келді. Сол жылдан бастап “Қызыл лента” АИТВ/ЖИТСмен күрес және ЖИТС проблемасын түсіну қажеттігін көтерген адамдардың дауысын біріктірген үміт символы бола бастады. Бұл күндері “Қызыл лента” АИТВ/ ЖИТС-мен өмір сүретін адамдарды алалауға, оларға таңба басуға қарсылық белгісі. Сондай-ақ оларға сыйластық пен дұрыс көзқарасты қалыптастырудың белгісіне айналды. Жақын уақытта АИТВ/ЖИТС-ның емі табылады деген үміттің және ЖИТС ауруынан қайтыс болғандарды есте сақтау белгісі болып қалды. Бұл дүниежүзінде АИТВ жұқтырған адамдардың ынтымақтастық символы болып табылады.

ШИЕЛІДЕГІ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

ХХ ғасыр обасының ең көп дерегі аудандар арасында Шиеліде тіркеліп тұр. Яғни, өткен жылғы деректерге сенсек, Шиеліде 24 адам дерт жұқтырса, көршілес Жаңақорған ауданында 23, Арал 16, Қармақшыда 13, Қазалыда 20 адамнан сырқат анықталған. Қызылорда қаласының өзінен 144 адам індет жұқтырып отыр. «Адам қорқатын бұл статистика жыл сайын артпаса кемімей тұр» дейді Шиелі аудандық спид бөлімінің басшысы А.Сәдуақас.

Тағы да оқыңыз: