Кеше Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасы аясында «Бата беру – баба салты» атты облыстық байқау өтті.
Тағылымды іс-шараның басты мақсаты – ұлттық мүдде мен халық рухын жаңғырту, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бата беру дәстүрін дәріптеу, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Байқауға жасы 65-тен асқан ардагерлер қатысты. Қатысушылар аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен іріктелді. Атап айтқанда, облыс аудандарынан 3 ардагерден, Байқоңыр қаласынан 3, Қызылорда қаласынан 6 ардагер бақ сынады.
Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар ел есінде қалған тарихи тұлғалардың баталарын нақышына келтіріп орындады.
Екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрлер бойынша өз баталарын ұсынды. Ал үшінші кезеңде халқымыздың салт-дәстүрлеріне қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді.

Байқау барысында ақсақалдар халқымыздың асыл мұрасы саналатын бата беру дәстүрінің тәрбиелік мәнін танытып, кейінгі ұрпаққа өнегелі сөздері мен ақ тілектерін арнады.
Іс-шара аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.

Байқау қорытындысы бойынша 3 орынды Арал ауданынан Шүкірбай Абдуалиев, Сырдария ауданынан Джамаладдин Жанахметов, Жаңақорған ауданынан Абуталип Сүйіндіков иеленсе, 2 орынды Қызылорда қаласынан Мұхит Ешмұрат, Байқоңыр қаласынан Дәріқұл Махамбетов иеленді. Ал жүлделі 1 орынмен Қызылорда қаласынан Серікбай Құлбатыров марапатталып, бас жүлдені Шиелі ауданынан Көшербай Боранов қанжығасына байлады.
Жүлделі орын иегерлері арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.
Аталған байқау ұлттық дәстүрді ұлықтап, ақ батаның қадір-қасиетін дәріптеген, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған тағылымды іс-шара ретінде қорытындыланды.

