Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы "Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл" медалі туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жарлыққа сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері және басқа да тұлғалар "Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл" бірыңғай мерейтойлық медалімен марапатталатын болады.
Жарлықтың әзірленуіне ТМД мемлекет басшылары кеңесінің 2024 жылғы 10 маусымдағы "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған бірыңғай мерейтойлық медальді белгілеу туралы" шешімі негіз болғаны айтылған.
Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен соғыс кезінде армия, флот, штабтар мен әскери мекемелерде қызмет еткен әскери қызметшілер, партизандар мен астыртын әрекет етушілер, сондай-ақ соғыс кезінде жарақат, контузия, мертігу немесе ауруға шалдығу салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілер, жұмысшылар мен қызметшілер марапатталады.
Бұдан бөлек, соғыс ардагерлері мен партизандардың, сондай-ақ "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен марапатталғандардың қайта некеге тұрмаған жұбайлары және соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері де медальмен марапатталады.
"Мерейтойлық медальді тапсыру Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары арқылы Қазақстан Республикасының Президенті атынан және оның тапсырмасы бойынша наградталушылар тізімдері бекітілген күннен бастап алты айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады. Медаль наградталушы тұлғаның тізімге енгізілген жерінде табысталады", – делінген жарлыққа берілген түсіндірмеде.
Мерейтойлық медальмен бірге марапатталушыға медаль куәлігі де тапсырылады. Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Фото: Ақорда