Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа қоғамдық сананың түбегейлі өзгерісіне ұласуы керек. Мен Түркістанда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзімде жаңа қоғамдық этика туралы айттым. Алқалы жиыннан соң Құрылтайдың кейбір мүшелері маған өз ұсыныстарын жолдады. Олар елімізде құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажеттігіне назар аударуда. Шын мәнінде, мұны өте маңызды бастама деп ойлаймын. Оны жан-жақты талқылап, қарастыруымыз керек. Мен бұған дейін Адал азамат ұғымын ұсындым. Осы орайда жастарымызға арнайы Үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, Сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады», – деген болатын. Анығында солай, келешегі кемел еліміздің болашақ беталысы қазіргі жастардың қолында.

Оны Арал ауданының жастары да сезініп, түйсініп, келер күнге үлкен үмітпен, зор сеніммен нық қадам басуды көздейді. Себебі бүгінде елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлінуде. Оған қатысты сан түрлі пікірлердің облыстық, мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқылануының өзі оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындығын аңғартады. Еліміздің ертеңгі болашағы үшін жастардың бүгіннен бастап тәрбие алуы мен отансүйгіштік қасиеттерінің дамуына ықпал жасауымыз қажет. Ең әуелі жастар бойына рухани-адамгершілік, саяси-интелектік, құқықтық тәрбие басым болған жөн. Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себепті жастардың ойын да, бойын да түзу өсіру халықтың басты парызы. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры.

Осы бағытта жұмыс жасайтын аудандық «Жастар ресурстық орталығы»2019 мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында арнайы жеке ғимаратпен қамтамасыз етілген болатын.Бүгінде аудандық жастар ресурстық орталығында 21,5 штат бірлігіжастарға қызмет көрсетеді. Сонымен бірге аудан орталығынан кейінгі Сексеуіл кентінде 1 маман, Бекбауыл ауылдық округінде 1 маман жұмыс істейді және ауылдық округтерде жастар саясатын жүзеге асыру да арнайы мамандарға жүктелген.

Мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екендігін дәлелдеуде. Бүгінде олар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

– 2023 жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында аудандық бюджеттен 56 млн. 984 мың теңге қаржы қаралған. Орталық қызметін ұйымдастыруға 54 млн. 341 мың теңге бөлініп, 2 млн 643 мың теңге қаржыға 1 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.Өткен жылы 2023 жылдың есебі аясында жастар ресурстық орталығымен 12 бағыт бойынша 127 шара ұйымдастырып, 8000-нан астам жас қамтылды.Атап айтар болсақ, «Жас маман», «Дін және жастар», «Еріктілер мектебі», «Жастар қоғам назарында», «Мен спортты таңдаймын», «Жас кеңесші» жобалары аясында үздіксіз кездесулер мен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, «Ашық есік» акциясы және кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлермен «Jas kasipker» жобасы бойынша 17 бейнеролик түсіріліп, жастарға ұсынылды. Және Жақсықылыш мен Сексеуіл кенттерінде, ауданның 6 ауылдық округінде жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бағытында арнайы кездесу өткізген болатынбыз. Жастардың көңілін көтеру, жазғы демалысты қызықты өткізу мақсатында да 12 тамыз – «Жастар күні» аясында кең көлемдегі «OPEN AIR» шарасы өткізіліп, шараға Қазақстан эстрадасының жас өнерпаздары қатыстырылды.Сонымен қатар тек мәдени шаралар ғана емес, өткен жылы көп орын алған кәмелетке толмаған жастардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып, ұдайы кездесу мен рейдтік тексеру шаралары болып тұрады, – деді орталық басшысы Ақтілек Есекеев.

Жастардың бұдан өзге де атап айтарлық жұмыстары жетерлік. Солардың бірі Арал аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Жас толқын» еріктілер тобы 2017 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда аудан көлемінде 35 ерікті топ ауқымды іс-шаралардың басы қасында жүр. Осы бағытта аудан еріктілері өткен жылы 47 іс-шараға белсене қатысқан. Сондай-ақ «Taza Qazaqstan» Республикалық тазалық акциясына 35 ерікті жас150 түп ағашты егу жұмыстарына белсене атсалысты.

Қайырымдылық акциясы да назардан тыс қалмағанын атап өтсек болады. Қаладағы жалғызбасты аналарды еріктілер үнемі азық-түлікпен және тұрмыстық заттармен қамтамасыз етіп жүр. Қолынан келгенше көмек көрсетіп, үлкеннің алдындағы жастың міндетін адал атқарған еріктілерге қарттардың да алғысы шексіз.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға қолдау көптеп көрсетілуде. Әсіресе кәсіп ашқысы келетін жастарға арналған түрлі несие түрі бар. Олардың пайыздық мөлшерлемесі де аз. Осындай қолдаудың бірі өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жастарды шағын несиелеу бағдарламасы бойынша ауданда 24 жас кәсіпкерге жалпы құны 112,8 млн. теңгені құрайтын несие берілді. Мемлекеттік қайтарымсыз грант есебінде 1 млн. 380 мың теңге көлемінде 51 жасқа грант берілді. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 16 жас кәсіпкерге жалпы құны 102,1 млн. теңге құрайтын несие берілген болатын.

– Осы жылдың сәуір айынан бастап аудандық жастар ресурстық орталығы ауданға қарасты 21 ауылдық округте және 2 кентте «Мүмкіндіктер керуені» жобасын іске асырмақ. Жоба барысында кент және ауылдық округ жастарын кең көлемде қамту үшін «ВИА-АРАЛ» вокалды ансамбльімен бірлесіп жанды дауыстағы концерттік бағдарлама ұйымдастыру жоспарда бар. Шарада мемлекеттік жастар саясатын кеңінен насихаттау, жеңілдікпен берілетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның және «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен несие беру үшін түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады.Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектерге «Мамандық таңдау – басты бағдарымыз» және «Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында сала мамандарымен кездесу ұйымдастыру жоспарлануда.Жыл басынан бері аудандық жастар ресурстық орталығы әдеттегі 12 бағыт бойынша түрлі бағыттағы жұмыстарын жоспар аясында әзірлеп, жастарға ұсынып бастады. Бұдан бөлек ағымдағы жылы «Ашық есік» акциясы ай сайын ұйымдастырылып, жастарға аудан бойынша бос жұмыс орындары ұсынылатын болады, – деп жастар жетекшісі алдағы жоспарлармен бөлісті. 

Облыс әкімінің бастамасымен жуырда Қызылорда облысының 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынбақ. Ғимараттың құны шамамен 1,5-1,8 млрд. теңгені құрайды.

Жобаның пайдалы тұсы ақсақалдар мен жастар бір-бірімен араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады.Жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибе алмасады. Бір ғимарат ішінде мәдени-көпшілік шаралар, концерттер, мерекелік кештер өткізу оны тұрғындар жиі келетін мәдениет ошағына айналдырады. Осылайша Сыр өңірінде қай жағынан да ұтымды, бірегей жоба қолға алынбақ. 

Жастарға артылған сенімнің ақталғаны ауданның дамуынан-ақ көрінеді. Бүгінде ауданның қоғамның өміріне белсене араласып, өздері де көптеген шараларды ұйымдастырып, бос жүрген жастарға қолдау білдіретін «Жастар ресрустық орталығының» жұмысына сәттілік тілейміз.

Мемлекет басшысы "жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет", – деп айтқандай, аудан жастарының арасынан нағыз елдің ертеңі деп айтуға тұрарлық жандарды кездестіруге болады. Енде солар жайлы айта отырсақ.

Қазіргі ел басындағы қиын-қыстау заман екенін жасыра алмаймыз. Қарғын судан қиындық көргендер қандай көмекке болса да зәру. Ал сіз кішкентай бала соларға көмек бере алады деп ойлайсыз ба? Ойламасаңыз оқыңыз.

Ерікті болу – бүгінгідей еліміз үшін қиын сәтте жастардың патриоттық сезімінің өлшемі. Еліміздің батыс аймақтарында болып жатқан жағдай кімнің де болса жүрегіне батқаны анық. Осындай уақытта жас та, үлкен де бірігіп қолынан келгенше, шама-шарқынша аямай көмек беріп жатыр. Жақында Аралдың ғаламтор желісіндегі жаңалықтарының арасынан Мүбәрак Бұрхан есімді жастың жинаған ақшаларын Құлсарыға көмекке беріп жатқанын көрдім. Сәби жүректің бұл ақадалісі мені бей-жай қалдыра алмады. Видеоны көре сала бірден Бұрханды іздестіре бастадым. Табу қиынға соқпады. Содан оның өзі туралы, бұл қадамы туралы сұрауға кірістім.

Ауданымыздағы Сазды елдімекені бұрыннан бізге түрлі жақсы істерімен, жастардың ауызбіршілігімен танылған. Бұрхан да осы ауылдың баласы. 2011 жылы дүниеге келген Бұрхан бүгінде небәрі 6 сынып оқушысы. Оқуда озат, қатарының алды болып өсіп келе жатқан жастың бұл іске баруына не түрткі болғанын сұрағанымда Бұрхан:

-Бұл ақша ата-анамның күнделікті жұмсауға берген ақшалары. Өзімізде барлығы бар, әзірге ата-анамыздың қамқорлығында болған соң інім екеуміздің артық ақшаларымызды келесі оқу жылына дайындық ретінде жинағанмын. Ондағы ойым құрал-жабдықтарымызды сатып алу болатын. Қазір Құлсарыда болып жатқан оқиғаны естіп, Аралдан да көмек баратынын білген кезде менің де қолұшын созғым келді. Осылайша қалаға келіп, ақшаны арнайылап бергенмін. Ол кезде артық ойым болмаған, – деп ағынан жарыла жауап берді.

Иә, бала Бұрханның бұл сөзі мен ісінен оның тәрбиесі мен мінезі көрініп тұрғандай-ақ. Отбасында ата-әженің, әке мен ананың орнын біліп, ақылын тыңдап өскені анық байқалады. Баламның мінезі ашық. Достары көп. Өнерге де жақын. Мектепте болған әрбір шараға қатысады, өте белсенді.

Әжесіне жақын, сол кісінің жағдайын жасап, әңгімелерін тыңдап жүреді. Бізге үйдің шаруасына да көмектеседі. «Мынау сенің шаруаң» деп тәтелерімен, інісімен келіспей қалғанын көрмедім. Ақша жинап жүргенін бұрыннан байқағанмын. Жалпы баланың қаржылық сауаты болғаны жақсы ғой. Сондықтан ештеме демегенмін. Біршама уақыттан бері «ақшамды көмекке апарып бергім келеді» деп айтып жүрген. Біз қолдадық, оның дұрыс екенін айттық, нәтижесінде өзіңіз көргендей арнайылап апарып берді. Бұрханның елінің баласы болғанына қуаныштымыз, – дейді анасы Гүлжанат Жетекеева.

Сөз соңында:

-Мен әрдайым қолдан келген көмегімді елден аямаймын, елге көмектессем жаным жадырайды. Алдағы уақытта да ерікті ретінде көмек бергім келеді. Ерікті болу — жүректің қалауы. Қиын жағдайда қарт адамдарға, балаларға бір жағына шығысып көмектесудіборышым деп білемін, – дейді жас волонтер.

«Баланы жастан» дейді халқымыз. Жас та болса «елім, халқым» деген үлкен жүректі кішкентай Бұрханның талабына нұр жаусын дейміз.

Ендігі кезек өнерлі балақай жайлы болсын. Барша қазақтың көзайымына, сүйіктісіне айналған балақай жайлы көбісі біле бермес. «Судың сүзілмейтіні, өнердің үзілмейтіні»секілді қазақтың қай өнерін болса да ғасырдан-ғасырға жеткізіп, мерейін асырып, төл өнерімізді төрге оздырып отырған баршаға үлгі боларлық жандар аз емес. Қазақ халқы қашанда жақсы жарымен, жақсы атымен және жақсы баласымен мақтанған емес пе?! Бала дегеніміз – ол біздің болашағымыз әрі айнамыз.Осы ретте, «өнерлі бала сүйкімді» демекші, Хабибулла Қыдыралеев киелі сахна төрінде ән шырқап, көпшілікке өз өнерін паш етіп жүрген жайы бар. Яғни бүгінгі біз сөз еткелі отырған жас өнерпазауылдың, ауданның ғана емес, облыс мақтанышы.

Бірнеше жылдан бері Республика көлемінде ұйымдастырылатын «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасы бүгінде көпшілікке танымал әрі сүйікті бағдарлама. Онда әр жанның өз қатысушысы бар. Баланың өнеріне тамсанып, оған шын ниетпен жанкүйер болатын жандар аз емес. Осыдан біраз бұрын біздің ауданның да жанын сала жанкүйерлік еткен қатысушысы Хабибулла болған еді. 

Хабибулла Қарақұм елдімекенінде өнерлі отбасында дүниеге келген.Отбасының кенжесі болса да мінезі жұмсақ, үлкеннің тәрбиесін көрген, қарапайымғана бозбала 5 жасынан бастап әншілік өнермен айналысады. Бастапқыда арнайы мақсат, арман қоймай бастауын алған әкеден дарыған бұл өнер түбінде өзін көрсетпей қоймады. Отбасындағы, әулетіндегі әншілік өнерді дәріптеп жүрген жандардың үлкен ықпалы болғанын жас дарынның өзі де жоққа шығармайды.

Жалпы әулетіміз өнерге өте жақын. Әкем де, оның бауырлары да жастайынан ән айтқан. Ал немере ағам Кеңес Әлімжанның бүгінде Қазақстанға танымал әндері бар. Ол кісілердің ықпалы көп болды деп айта аламын. Өзім арнайы вокалдан сабақ алмасам да туыстарымның, ата-анамның осы жолда бетімді қақпай, керісінше, үнемі мені қолдап, барын үйреткеніне рақмет айтамын. 

Әншілік өнерде алғашқы қадамды мектептегі іс-шараларда бастаған болатынмын. Ауылдағы мектепте музыка пәнінен сабақ берген Ақжанов Бақыт ағай мен Ақжанова Үміт апайдың көмегімен вокалдық біліммен сусындадым. Сол кісілердің арқасында қызығушылығым оянып түрлі аспапта ойнауды да үйрендім, тіпті үйімдегі бір бөлмені арнайы дайындап, аспаптар, дыбыс жазатын құрылғылар мен кәсіби микрофон тұратындай жағдай жасадым, – дейді Хабибулла Шарапатұлы. 

«Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасын алғаш 2022 жылы әпкесі Ағия көріп, інісінің қатысып көруіне ұсыныс тастапты. Іріктеу үшін арнайы видео жолдап, қабылданғаннан кейін Астана қаласына кастингке барып, Дастан Оразбековтің тобына қабылданады.

-Жоба Астана қаласында наурыз айында басталды. Наурыз – мамыр айларында тәтеммен бірге сол қалада болдым. Жобаның 2-ші кезеңінен кейін, өкінішке орай, жолым болмай, жобадан шығып кеттім. Оған ешқандай өкінішім жоқ. Жалпы өзімнің әншілік қырымды шыңдауға, шамамды біліп, жіберген қателеріммен жұмыс істеуге үлкен сабақ болды, – дейді жас талант.

Хабибулладан бұл жобадан кейінгі әсерімен бөлісуді сұрағанда:

-Жобаға дейін де түрлі байқауларға қатысып, жүлделі оралатынмын. Оның ішінде ең үлкені Ташкент қаласындағы халықаралық байқау болатын. Дегенмен сол уақытта өткен карантинге байланысты қатыса алмадым. Ал жоба маған кішігірім танымалдылық әкелді. Одан кейін Алматы қаласында өткен «Бозторғай 25» байқауында супер гран-при жеңіп алдым – деді.

Бүгінде Хабибулла Қыдыралеев Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледждің 1-курс студенті. Қазір де өнер жолындағы бозбала жақында Төреғали Төреәлінің жеке концертінде өнер көрсетсе, өткен жылы «Жібек Жолы» телеканалының «Төрлетіңіз» бағдарламасына қонақ болды.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп қазақ атам бекер айтпаса керек. Кішкентай ғана ауылда туып, ата-анасының, ұстаздарының қолдауымен осындай жетістікке жеткен ол, расымен де, біздің мақтанышымыз. Хабибулла Шарапатұлына тек болашақта да осы қарапайымдылықтан таймай, өнерінің өрге жүзуін тілейміз.

Келесі сүйінші жаңалық та жастарға байланысты. Қаладағы №19 мамандандырылған резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қос бірдей қуанышты  тойлауда. Оның себебі – аудан тарихындағы қос бірдей чемпион. Иә, бокс және грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының Чемпионатында алтыннан алқа таққан екі спортшы қызымыз да Аралдың тумасы, осы спорт мектебінің оқушысы мен түлегі. 

Спорт – еліміздің ең ден қойған бағыттарының бірі. Жастар арасында салауатты өмір салтын сақтау, оны өзгеге үлгі ету кеңінен дәріптеліп келеді. Соның ішінде арнайы мамандандырылған спорт мектептерінің шәкірттерінің жеткен жетістіктері бір төбе. Солардың бірі – №83мектептің 7«А» сынып оқушысы Оразбекқызы Дана.

Дана 2011 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Отбасының ерке қызының бокспен айналысып жүргеніне 4 жыл уақыт болыпты. Бұл туралы:

-Дана 4 жылдан бері спортпен айналысады. Боксқа ынтасы, қызығушылығы өте зор. 2 жылдан бері жақсы дайындық үстіндеміз. Оның бұл жарыста жоғары нәтиже көрсететініне сенімді болғанмын. Нәтижесі тіпті ойлағанымнан да асып түсті. Дан еңбегімізді ақтады. Осылайша әйелдер боксынан тұңғыш чемпион атанды. Бұл өзінің де, ата-анасы мен біздің де ортақ жеңісіміз. Бұл Қазақстан Республикасы чемпионаты 2010-2011 жылы туған кіші жасөспірім қыздар арасында өтті. Чемпионат тамыз айында Абу-Даби қаласында өтетін Азия біріншілігіне қатысатын Қазақстан Республикасы құрама командасына іріктеу болып табылады, – дейді бапкері Мыңжасаров Мақсат мырза.

Дана үлкен отбасының кенжетайы. Оның бұл спортқа келуі туралы анасы Қатшагүл Қозыбекова:

-Дана кішкентай кезінен спортқа жақын болды. Өзі қызығып, боксты жақсы көретін. Жалпы отбасымыздың спортқа көзқарасы өте жақсы. Сондықтан Дананың өзі де тек бокспен ғана емес, теннис, футбол, баскетбол, волейбол спорт түрлерімен қатар айналысады. Бәрінен де жүлделі орындары, дипломдары бар.

Қызымның мінезі өте сабырлы. Ортаға тез сіңісіп кетеді, достары да жетерлік. Әкесі үнемі «қызымды чемпион қыламын» деп айтып отыратын. Тілегі қабыл болып, қызым үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Бапкер ағайларына айтар алғысым шексіз, – дейді.

Дананың сан қыры туралы мектептегі ұстаздары да жасырмайды. Ол туралы сынып жетекшісі Пернегүл Тәуіпбайқызы:

-Дана өте алғыр қыз. Мінезі ашық, жайдарлы. Сыныптастарының арасында да өзіндік беделі бар, қоғамдық шараларға да белсене атсалысады. Оқуда озат. Әсіресе алгебра, геометрия сынды жаратылыстану бағытындағы пәндерге өте қабілетті. Дананың болашағына үлкен сеніммен қараймыз. Алда ауданның, облыстың, тіпті республиканың атын шығаратын чемпион болуына тілектеспіз, – деп пікірін білдірді.

Иә, жоғарыда айтып өткендей бұл чемпионат біз үшін жетістікке толы болды. Қос чемпион қызымыздың екіншісі – Петропавл қаласында өткен U15 жасөспірімдержәне U20 жастар арасындағы әйелдер күресінен 39кг салмақ дәрежесінде «Қазақстан Республикасының чемпионы» атанған РаянаЖамсапқызы. 

Раяна бүгінде Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс-Баһадүр Сейітқұлұлы атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 7 сынып оқушысы. Оған дейін қаладағы спорт мектебінде тәрбие алып, спорттағы жолының негізін қалаған болатын.

-Раяна біздің спорт мектебіне ағасына еріп келген болатын. Ол кезде қыздарға арналған сабақ өткізілмегендіктен, Раяна ұлдармен бірге дайындалып жүрді. Өзі өте ер мінезді, пысық қыз. Кей сәттерде ер балалармен де күреске шығып, жеңіп кететін еді. Оның икеміне қарап-ақ болашағына үлкен сенім артатынбыз. «Қызбын» деп ұялмай жарысқа шығуының өзі үлкен жетістік еді.

Биылғы жетістіктері өте тамаша. Ол жарыс барысында өткен жылғы республика чемпионы атанған қызды жеңіп, оның еңбекпен келген жеңісі. Алда жаз айындағы Азия ойындарына дайындалады. Қызымызға сәттілік тілейміз. Ол біздің мектептің, ауданның мақтанышы. Оның жолын қуатын ізбасарлары көбейе берсін деймін, – деп Раянаның қаладағы №19 мамандандырылған резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі ағайы Бауыржан Жүсіпов ізгі тілегін жеткізді.

Бір қызығы, Раянаның туған ағасы Жамсапұлы Рамазан осы чемпионатта еркін күрестен 44 кг салмақ дәрежесінде күмістен алқа таққан болатын.

Жалпы ел чемпионатында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары табысты өнер көрсетті. 

Атап айтар болсақ, жоғарыдағы чемпиондардан басқа грек-рим күресінен 57 кг салмақ дәрежесінде Махамбет Мирас жеңімпаз атанса, 68 кг салмақ дәрежесінде Бақытбекұлы Әділет қола жүлде иеленді. 

Мирас Махамбет Аралқұм елді мекеніндегі №61 орта мектебінде білім алып,қазіргі таңда Астана қаласындағы  Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат - колледжінің 9 сыныбында оқиды. Әділет Бақытбекұлы Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы.

Спортшылардың жаттықтырушылары – Қожекенов Талғат, Төлебаев Бахтияр, Таңатаров Ардақ.

Иә, спорт жетістігі – бәрімізге ортақ қуаныш, ортақ жетістік. Алдағы Азия ойындарына жолдама алған балуандарымызға тек қана сәттілік тілейміз. Еліміздің байрағын көкке көтеріп, тұғырдың биігінен көрінуіне тілектеспіз.

Тағы да оқыңыз: