maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Дубайдағы саммитте "2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз. Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы аталған қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде "Біртұтас су" атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз", - деді. Расында Арал мәселесі баршаны алаңдатып отыр.

Өткен аптада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев «Халықаралық Аралды құтқару қорының» Қазақстандағы атқарушы дирекциясы директорының міндетін атқарушы Зәуреш Әлімбетованы қабылдады.

Кездесуде қор басшысы мекеме тарапынан алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың барысын баяндады. Қазіргі таңда «Халықаралық Аралды құтқару қоры» Арал теңізінің экологиялық ахуалын жақсарту бойынша бірнеше жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Теңіз табанынан ұңғыма қазып, жабайы жануарлар үшін суат орнын қалыптастырған. Сондай-ақ теңіздің ұлтанына сексеуіл егуге өз септігін тигізуде. Бұдан бөлек, тек теңіздің ғана емес, ауданның кейбір қордаланған мәселелерін шешу бойынша да тиісті шаралар қабылдауда. Аудан басшысы елдің әлеуметтік әлеуетін арттыруда еселі еңбек етіп жүрген халықаралық қорға алғысын білдірді. Теңіз суының тұздыланып бара жатқанына байланысты ащы суға төзімді, нарыққа бағалы балық түрін өсірудің маңыздылығына тоқталды. Мұнымен қоса балық қорын көбейту мақсатында тоғанда балық өсіру жобасын жүзеге асыруды бірлесе атқаруға шақырды.

Бір замандарда «портты қала» атанған Аралдың өткені тарих, ал бүгіні кешегісіне мүлдем ұқсамайды. Кешегі портқа балаңызды ертіп барып, «Бұл жерге кеме келген, жүк артып, көш түзеген. Қайнаған қызу тіршілікке ілесіп балықшы аталарың бұл теңізде бейнет кешкен» десеңіз, сенбеген болар еді. Ақиқаты сол, кешегі 50- 60 жылдарға дейін Сырдария мен Амударияны қатар емген қарт Аралдың бүгінгі тағдыры аянышты халде. Міне, сол жылдардан бастап, сүрлеулі-соқпақты жолға түскен теңіз-ананың жағдайы біртіндеп нашарлай берді. Енді, міне, араға салған 60 жыл 60 ғасырдан әрі өмір сүрген теңізді тұзды суға айналдырды. Жағдай мұнша күрделене түсерін ешкім ойламаса керек-ті. Адамзат қолынан жасалған алапат катастрофаның зардабын бүгінде тұтас дүние тартты. «Қайтсек теңізді қайта қалпына келтіреміз?» деген тағдырлы ой талай пендені мазалағаны рас. Бұл жағдай әлем елдерінің де назарына ілігіп, айдынды Арал осылайша ғалымдар мен экологтардың тәжірибе алаңына айналды. Ал солай болса да бұл Аралдың мүшкіл халінен бүгінгі буын, біз ешқашан теріс айналмақ емеспіз. Ертеңіне алаңдаған ел арада осыншама уақыт өтсе де ата кәсіптен қол үзбей, теңізбен тілдесті, бірге күн кешті. Десе де сол балықшы қауымның бүгінгі несібесі де ортайып бара жатқан секілді. Демек алаңдауға негіз жоқ емес. Оған мысал ҚР Парламеті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов осы аптада Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға Аралдағы балық аулау мәселелері жөнінде депутаттық сауал жолдады. 

– Арал ауданының халқы кездесуге барған сайын Кіші Арал теңізіндегі судың азайып бара жатқанын үнемі еске салады. Теңізді өлке жұртының басты қорқынышының бірі – байырғы ата кәсібінен айырылып қалу екені жасырын емес. Өйткені бұл өлкенің тұрғындары экологиялық зардаптан әбден тағдыр тауқыметін тартқан. Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін атап өтті. Осыдан кейін саладағы қордаланған мәселелер азая ма десек, керісінше одан сайын көбейіп барады, – деген мәжілісмен бұл саладағы мәселені жан-жақты қаузап, биік мінберден үн қатты. 

Айтуынша, Кіші Арал теңізінде балықтың 20-дан астам түрі бар. Несібесін теңізден табатын тұрғындар осы күні балықтың 16 түрін аулап келеді. Арал халқының шырылдауының жөні бар. Су азайған сайын судың тұздылығы да жоғары болады. Балық өмір сүру үшін тұздылық 12 промиллден аспауы қажет. Бұдан жоғары болса, балықтың өсімі қалыптаспайды. Қазір су айдынындағы тұздылықтың мөлшері - 12 промиллден жоғары. Өкініштісі, сонда да балық аулау лимиті әлі төмендемейді. Балық шаруашылығына қатысты ғылыми институттар қаншама зерттеу жүргізіп, тиімсіз тұстарын сан мәрте дәлелдесе де, уәкілетті органдар бұған құлақ аспайды? Бұл үлкен сұрақ, әрі күмән тудыратын жағдай. Демек осы саладағы ғалымдар бекер мәселе қозғамайтынын ескерген жөн. 

Бұдан бұрын да, Арал теңізіне қатысты халық қалаулысы тарапынан депутаттық сауалдар жолданды. Парламент қабырғасына келген уәкілетті орган өкілдеріне салаға қатысты сан-алуан сұрақтар қойылып та жатыр. Ал жауаптары судағы балық секілді. Тұрақсыз әрі мардымсыз. 

– Арал теңізінің арқасында қаншама халық күн көріп отыр. Осы күні өңірде 9 балық өндірісі (зауыт) және 20-ның үстінде шағын цехтар жұмыс істеп келеді. Аталған кәсіпорындарда 2500-нан астам адам жұмыс істеуде. Негізі зауыттар 24 000 тоннаға дейін балық сақтауға қауқарлы. Өнімнің жетіспеушілігінен кәсіпорындар өндірістік қуатына толық көше алмай отыр. Ал осыдан кейін тұздылыққа шыдайтын балықтың түрлерін (камбала, пилингас) қалай жерсіндіреміз? – деді Мәжіліс депутаты М.Жайымбетов. 

Тағы бір мәселе, теңізді өлкеде заңсыз балық аулаудың дерегі өте көп. Бұған тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы арнайы бекеттер белгілеп, салмақ өлшейтін таразымен қоса сапалы бейне бақылау жүйесін орнату қажет. Сонда ғана мұндай жағдайларды тежеп, қадағалау орнатуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, заттай дәлелдеме ретінде алынған броконьерлердің аулаған балықтары барлық жағдайда жарамсыз күйде қалады. Осыған алаңдаушылық білдірген М.Жайымбетов:

– Тәркіленген балықтар зауыт пен цехтардағы тоңазытқыштарға қойылады. Кәсіпорындарда сақталған әрі өңделмеген балықтар ішкі істер органдары арқылы сотқа жолданып, тиісті шешім қабылданып, заңды күшіне енемін дегенше айтарлықтай уақыт өтеді (7-8 ай сақталады). Бұл аралықта сот шешімін орындау үшін жергілікті атқарушы органдар да тиісті рәсімдерді жүзеге асыруы қажет. Оның ішінде, бірнеше ай бұрын тәркіленген балық өнімдерін әкімдікке қарасты мемлекеттік орган (аудандық экономика және қаржы бөлімі) электронды сауда-саттыққа шығаруы қажет. Осындай созбалаңға салынған процедуралық кезеңдерден кейін ешбір кәсіп иесі тәуекелге барып, жарамсыз күйге жеткен өнімді сатып алғысы да келмейді. Ал тәртіп сақшылары әшкере етіп анықтаған балық өнімдерін бағалау мен сақтауға бюджеттен қаражат бөлінеді. Логикаға мүлдем сәйкес келмейді?! – деп сөзін салмақтай түсті. 

Шындығында, айдынды өлкедегі осы проблемалық мәселелерге уәкілетті органдар жедел назар аудармаса, Аралдағы балық шаруашылығымен айналысатын шаруалардың «Еңбегі еш, тұзы сор» болғаны болған. Осыны ескерген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты М.Жайымбетов: 

– Жыл сайын балық қорына келтірілген зиянды анықтау және оны келешекте болдырмау мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп түбегейлі мониторинг жүргізу, сондай-ақ балықтың қорын анықтап, нақты өсу динамикасын қалыптастыруға шара қабылдау керек. Және де Кіші Арал теңізі учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғаларды заң шеңберінде тіркеу тетіктерін қарастыру маңызды. Броконьерлерге қатысты жұмысты қатаң тәртіппен ретке келтіріп, шара қолдануға құқығы бар күштік құрылымдарды жедел іске қосу керек. Балық шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын жүйелендіру де күн тәртібіне қойылу керек. Апат аймағындағы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында нақты іс-шараларды қабылдау қажеттігін ұсынамын, – деп сөзін қорытындылады.

Қызылордада өткен «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбындағы көшпелі отырыста облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "Көкарал" бөгетін сақтап қалу» жобасы туралы айтты. "Көкарал" тек Арал өңірі ғана емес, республикадағы өте маңызды нысан екенін, Президент тапсырмасымен бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осы орайда, республикалық бюджет есебінен "Көкарал" бөгетін сақтап қалу жобасының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. 2022 жылы Арал ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияда «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы қаралған болатын. Нәтижесінде республикалық бюджеттен қаржыландырылған 4,3 млрд. теңгенің жобасын Су ресурстары және ирригация министрлігі іске асыруда, – деді аймақ басшысы. 

Айта кетейік, жоба шеңберінде зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, Қарашалаң көлі арқылы теңізге екі арна және Тұщы көлі арқылы бір арна қазылып, Кіші Арал теңізінің солтүстік бөлігінде су айналымы қалыптасады. 

Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту үшін Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жүргізілді. 

«Көкарал» бөгеті 2005 жылғы қараша айында пайдалануға берілген. Бөгеттің ұзындығы 13 шақырым. Тоспа салынғаннан кейін теңіздің құрғаған ұлтанының 870 шаршы метрі сумен жабылды. Теңіздегі су көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды. Сондай-ақ судың минералдылығы 23тен 17 г/л дейін азайып, балық түрлері артты және бекіре тұқымдас балықты өсіруге қолайлы жағдай жасалды. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін артты. 

Еске салсақ, былтыр 3 айда Кіші Аралға 1 млрд 200 млн текше метр су келді. Кейінгі жылдары Кіші Арал теңізіндегі су көлемі 8,5 млрд текше метрге дейін азайып кеткен еді. Жазда су тапшы, ал қыста көп болғанымен Аралға жетпей жатты. Былтыр қаңтар, ақпан, наурыз айларында су мол болып, оңтайлы мүмкіндікті барынша пайдалануға жұмыс жасалды. Нәтижесінде Аралға жылдық норма 3 айдың ішінде жіберілді.

Аймақтың экожүйесін қалпына келтіру және Арал теңізінің экологиялық апатының зардаптарынан қорғау мақсатында 2024 жылы 1-3 наурыз аралығында «Сыр қорғаны – сексеуіл» жобасы өткізілмек. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі, Халықаралық Аралды құтқару қоры және Almaty Management University ұйымдастырған жоба еріктілері Қызылорда облысының ерекше табиғатымен танысып, еліміздің қазынасына айналған Арал теңізін қорғауға алмақ. 

Бұл Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуілдің 10 мың көшетін отырғызу арқылы экологиялық апат аймағының бірегей экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған экологиялық жоба. Еріктілер сексеуіл көшеттерін отырғызу арқылы топырақтың эрозияға ұшырауын болдырмауға және тұз бен құмның күллі әлем бойынша таралуын тоқтатуға өз үлестерін қоспақ. 

Әрине, Қызылорда облысы аумағының 7 миллион гектар жерін қамтыған жасыл желектің басым бөлігі – сексеуіл. Жобаның басты мақсаты – шөлейтті аумақта күй талғамай өсетін ағаш қорын молайту жұмыстарын жүргізу. 

«Аспара Мұнай» ЖШС басқарма төрағасының кеңесшісі және AlmaU Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Линник Андрей Григорьевичтің жетекшілігімен өткізілгелі отырған жоба 18 жасқа толған ұрпақ үшін экожүйені сақтауға өз үлесін қосқысы келетін, құбылмалы жағдайларға тез бейімделе алатын еріктілерден құралмақ. «Біздің басты мақсатымыз – сексеуіл отырғызу арқылы Арал теңізінің бойындағы тұз бен құм көшкінін ұстап тұруға көмектесіп, оның дүниежүзіне таралуына жол бермеуге және қоршаған орта мен адамзат денсаулығына кері әсерін азайтуға үлес қосу» дейді жоба жетекшілері. 

«Сыр қорғаны – сексеуіл» бағдарламасы аясында Арал теңізінің экологиялық мәселелерін шешуге Қазақстан патриоттары қауымдастығы, ел еріктілері, азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғам жанашырлары, кәсіпкерлер мен студенттер білек сыбана кіріспек. Сондай-ақ эко-жоба аясында көне Жібек жолының ізімен саяхаттап, Қазақстанның киелі орындарын аралау да мақсат етілген. Соның бірегейі жер кіндігінде орналасқан күллі Түркі халықтарының абызы Қорқыт-ата мемориалды кесенесіне бару. Әлемдегі экологиялық апат аймағында орналасқан жалғыз табиғи резерват «Барсакелмес» қорығына кіретін Арал теңізінің жүрегіне саяхаттау сапары табиғат жанашырларына ұмытылмас әсер сыйлайтыны анық. Мәдени бағдарламаға Арал теңізінің құрғаған түбінің экожүйесін қалпына келтіру тақырыбында Халықаралық Аралды құтқару қорының сарапшысы Мария Заднепровская мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сергей Азимов пен форсайт-әңгімелер өтпек. 

Сексеуіл – Арал теңізінің эндемигі. Ол топырақты ұстап тұруға, желдің әсерінен оның эрозияға ұшырауына жол бермейді. Шөлді дала өсімдігінің тамыр жүйесі өте қуатты. Жоба болашақ ұрпақ үшін аймақ экожүйесінің тұрақты дамуы мен сақталуы, сондай-ақ ғаламшарлық экожүйелерді сақтау үшін негіз болып табылады. 

Қазіргі таңда тартылған Арал теңізінің жер көлемі 4 жарым миллион гектардан асып кеткен. Тәуелсіздік алғалы экологиялық шаралар нәтижесінде теңіз табанының біраз бөлігі сексеуілді орманға айналды.

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданға жұмыс сапарымен келген Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының өкілдерімен кездесті. Жиынға мекеме, үкіметтік емес ұйымдарының басшылары мен табиғат пайдаланушылар қатысты.

Алдымен аудан басшысы Арал теңізінің қазіргі жағдайы мен Кіші Теңізді сақтап қалу бағытындағы теңіз ұлтанына сексеуіл егу, жергілікті халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған қордың атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. Сонымен қатар, Арал теңізінің ахуалы мемлекет басшысының назарында екендігін айтып, ауданға қарасты «Тұщы» және «Домалақ» көлдерінде тоғанда балық өсіру жобалары қолға алынатындығын жеткізді. 

Одан соң жиында Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Серікәлі Мұхаметкәрімұлы сөз алып, алдағы уақытта теңізге қатысты су мәселелерін шешу, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған жобаларды қаржыландыруға қолдау білдіретіндігін айтты. 

Кездесуде балық шаруашылығы саласының ардагерлері Ә.Әйімбетов, З.Ермаханов және «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Баймаханова өңірдегі балық шаруашылығының даму барысы мен жоспарланған жобалардың тиімді тұстары туралы ойларын ортаға салды. 

Жиында барысында қатысушылар тарапынан қор басшылығына бірнеше елді мекендердегі құм көшкінінің алдын алу, шалғай орналасқан ауылдарға жедел жәрдем көлігі, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына арналған инклюзивті сыныптардағы білім алушылардың және Қамыстыбас елді мекеніндегі интернат оқушыларының тасымалына көлік қажеттігі айтылып, түйе жүнін өңдеу, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу сынды бірнеше жобаларды қаржыландыру мәселесі ұсынылды. Кездесу соңында аудан әкімі Халықаралық Аралды құтқару қорына бұдан басқа да бірқатар жобалар ұсынылатындығын айтып, ортақ мәселелерді шешу мақсатында келген қор өкілдерінің жұмыстарына сәттілік тіледі. 

Бұдан бөлек, Аралды құтқару қорының өкілдері аудан жастарымен бірге ағаш көшеттерін отырғызып, үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Атап өтейік, еліміз биылғы жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ететін болады.

Қазіргі күні Арал теңізінің тартылуы бүкіл әлемнің назарын аударған үлкен проблемаға айналып отыр. Құрғаған теңіз табанынан көтерілген шаң мен тұз ауаға айтарлықтай зиянын тигізуде. Және ол жергілікті тұрғындардың денсаулығына да өзінің жағымсыз салдарын әкеліп отыр. Осыған байланысты 1993 жылы Орталық Азиядағы бес мемлекеттің қатысуымен Қызылорда қаласында Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылған. Қор жұмысының басты мақсаты – Арал теңізін құтқару, Арал өңірінің табиғатын сақтау, Аралды құтқаруға халықаралық қаржы ұйымдарының көмегін тарту.

Бүгінде Арал өңірінің негізгі экологиялық проблемасы Арал теңізінің құрғаған түбінен көтерілетін шаң-тұзды дауылдар болып қала береді. Қазақстандық климатологтардың болжамы бойынша Арал теңізінің үстіндегі ауаның орташа жылдық температурасы 2030 жылға қарай 1,7 градусқа, 2050 жылға қарай 2,5 градусқа артады деп отыр. Осыған байланысты Халықаралық Аралды құтқару қорының табиғатты қалпына келтіру бағытында атқарып жатқан жұмыстары турасында аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова баяндама жасап тұшымды ақпаратпен бөлісті. 

– Арал теңізінің құрғатылған түбінің қазақстандық аумағы шегінде ағаш және бұта өсімдіктері құрғату алаңының 15-20 пайыздан аспайтынын, ал табиғи өздігінен өсу процесі жаңа құрлықтың пайда болу қарқынынан едәуір артта қалатынын ескере отырып, институт ғалымдарының алдына дефляциялық процестерді және атмосфераға тұз-шаң шығарындыларын азайту мақсатында Шығыс жағалауының қалыптасқан құрлығын орманмелиоративтік игеру мүмкіндігін зерделеу мақсаты қойылды. «Арал теңізінің құрғаған түбінде ағаштармен жабылмаған жер учаскелерін орманды қалпына келтіру жоспарын жобалау және әзірлеу» жобасы дайын. Суару жүйесін ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жобасы қаралды. 500 гектар учаскеде Сексеуіл плантациясын суару жүйесін ұйымдастыру және жер асты қорларымен қамтамасыз ету үшін Арал теңізінің құрғатылған түбінде іздеу-барлау жұмыстарының жобасы әзірленді. Алдағы уақытта теңіздің тартылған ұлтанына сексеуіл отырғызу арқылы топырағын қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстарды атқаруға түрлі қаржы ұйымдарына жобалар ұсынылу үстінде, – деді ол өз сөзінде. 

Осы жылы Арал теңізінің құрғаған түбінде «Оазис» құру жөніндегі жоба бойынша 36 гектарға сексеуілдің 31 000 көшетін отырғызу, 300 гектарға құм жинайтын бороздар жасау, тұқым себу жұмыстары қолға алынғалы отыр. Тағы бір айта кететін жайт «Aral tenizin saqta» депозиттік картасын шығаруға меморандумға қол қойылған. Карта кэшбек сатып алулардан Арал теңізінің құрғаған түбінің экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі жобаларды іске асыруға жұмсалатын болады. 

Жиынға қатысқан тұрғындар атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, сұрақтарын жолдады. Сонымен бірге өздерінің ұсыныстілектерін де жеткізді.

Тағы да оқыңыз: