ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды. Бірқатар қордаланған проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн» деген болатын. Қазірде экологиялық апат аймағына баланатын Арал ауданында ауқымды жұмыстар көптеп атқарылып келеді. Бұл жайында ақпарат беттерінде жиі жариялап, Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу, эколгиясын тұрақтандыру мақсатында көптеген бастамалар жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыс жасап жүрген құрылымның бірі "Арал теңізі балықшылар" қоғамдық бірлестігі.
Арал теңізінің балықшылар қоғамдық бірлестігінің атқарылып жатқан қызметтері және теңіздің қазіргі жайкүйі мен болашағына бағытталған жобалары ауқымды. Осы уақытқа дейін де аталған бірлестіктің қыруар жұмысы жайлы басылым бетінде тұшымды мақалалар мен қуанышты жаңалықтарды жиі жазып келдік. Теңіздің келешегіне бағытталған, балық өсіруге қолайлы жағдай тудыру секілді тиімді жобаларды жүзеге асырып келе жатқан құрылымның қарқынды жұмысы бір сәтке де толастаған емес. Экологияның қалыпына келуі жолында жауапты жұмыстар жасап келе жатқан бірлестік директоры Айнагүл Баймахановамен тілдескен едік.
Айнагүл Үдербайқызы 1991 жылы өз жұмысын бастаған «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі 1996 жылдан бастап алғашқы шетелдік серіктестермен бірлесіп жұмыс жүргізе бастағанын тілге тиек ете келе, өткен жылғы атқарылған жобаларға тоқталды.
– Атап айтсақ, осы кезге дейін балықшы ауылдардың әлеуметтікэкономикалық жағдайын көтеру мақсатында біраз жұмыс жүргіздік. Оның ішінде 15 балықшы ауылдық округ тұрғындарымен кездесу жүргізіліп, ауыл тұрғындарына қажетті деп саналатын заттарды барынша қоғамдық бірлестік есебінен алып бердік. Олардың қатарына Аманөткел ауылдық округіндегі жедел жәрдем көлігі, Қызылжар елді мекені тұтынатын ауызсу таситын көлік және өзге елді мекендердің медпункттері мен балабақшаларындағы барлық жиһаздарды атауға болады. Жұмыспен қамту мәселесі бойынша да Тастүбек, Бөген, Қамбаш елді мекендерінен түйе өсіру саласы мен авто жөндеу орталығы, Шөмішкөл елді мекенінен азықтүлік дүкені, Жалаңаш, Аманөткел, Қаратерең елді мекендерінен халық сұранысы бойынша бірнеше балық қабылдау, өңдеу орталығы ашылды. Және бірнеше ауылдық округке балықшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында 15 вагон үй барлық жабдығымен қондырылды, 200-ден аса жан балық өңдеу курсын оқып, сертификаттарға ие болды. Балықты қолдан өсіру мен теңіз, көл суларын тазалау жұмыстары үшін арнайы қондырғылар алынып, бірнеше жылдан бері жұмыс жасауда. Жалпы қазіргі таңда да бірлестік есебінен атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Алдағы уақытта да арнайы жоспарлар бойынша жұмыстар жасайтын боламыз, – деді.
Сондай-ақ USAID қорының қолдауымен көлдерді көне аулардан, пластик қалдықтардан тазалау жобасы іске асқан. Бұл да – бүгінгі таңдағы теңіз үшін ең қажетті дүние әрі басты мәселе. Көл айдындарының тазалығы үшін істелген бұл жоба қазірде межеге жетіп, алдағы уақытта тағы бір тың бастама қолға алынбақ.
Нақтырақ тоқталсақ USAID қорының қолдауымен жиналған қоқыстарды өңдеп, асфальтқа төселетін плиткалар шығаруды көздеп отыр. Бүгінде барлық қондырғылар әкелініп, USAID қорының өкілдері ауданда болып, жұмыс басталғалы жатыр. Сонымен қатар осы мақсатта Арал қаласынан пластик қалдықтарын өңдеу цехын да іске қосқан.
Сондай-ақ құрғаған теңіз табанына сексеуіл отырғызу жұмысы ұдайы істеліп келеді. Биыл да осы шара қолға аланып, бірқатар еріктілер Аралдың ахуалын түзетуге үлес қосты.
Бүгінде аңызға айналған Арал теңізі кезінде көлемі жөнінен әлемдегі төртінші көл саналған. Осыдан жарты ғасыр бұрын Арал жағалауында 2 балық комбинаты, 10 балық зауыты, 70-ке жуық балық қабылдау бекеті болған. 30-дан аса кәсіптік бағалы балық түрі ауланған. Олардың қатарында бекіре, қаяз, жайын, ақбалық, шемайке, тісті, алабұға, шортан, сазан, айнакөз, тыран, торта, табан, қызыл қанат, шабақ, мөңке, дөңмаңдай, камбала секілді өзге де балық түрлері болған. Ал 1960 жылдардың ортасына дейін Арал қаласынан Орта Азияның Нөкіс, Мойнақ, Шаржау қалаларына жолаушылар таситын кеме қатынасы жұмыс істеді. Қазақстаннан Өзбекстанға тасымалданатын тауардың 70 пайызы, Түркіменияға жеткізілетін жүктің 25 пайызы көрші елдерге Арал теңіз порты арқылы шығарылатын.
Міне, осының барлығы бүгінде аңызға айналып бара жатқандай. Десе де әлі күнге дейін Аралды көзбен бір көруді армандайтындар аз емес. Оған ауданға жыл сайын шет елдерден арнайы келіп жататын туристер мен өзге де қонақтардың санынан байқауға болады. Солардың бірі америкалық Каролина Солэмен екен. Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының бірінде тағылымдамадан өтіп жатқан ол бала кезден Арал теңізін көруді армандаған екен. Ол экожоба туралы естіген бойда жолға шығады. Мыңдаған шақырымды артқа тастап, теңіздің бүгінгі ахуалын, құрғаған табаны мен көкке көтерілген аппақ тұзды көрген ол сезімін жасыра алмай:
– Теңіздің осындай жағдайға жеткені өте өкінішті. Бір кездері біз тұрған жердегі теңіздің тереңдігі 40 метр болған деп жатыр. Ал қазір адам сенгісіз. Бүтін теңіздің құрғап қалуы – экологиялық апат. Осы экожобаға үлес қосқанымды мақтан етемін, – деді.
Иә, бүгінде теңіздің ел аумағындағы құрғаған аумағы 2 млн гектардан асады. Одан жыл сайын 100 млн тонна тұзды шаң ауаға көтеріледі. Осының алдын алу үшін егемендік алғалы бері 550 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылды. Бүгінде алғашқы сексеуілдер орманды алқапқа айналғанын көз көріп жүр. Мамандардың айтуынша 1 түп сексеул 4 тонна құмның көшуіне тосқауыл болады десек, пайдасы да орасан деуге болады. Сондай-ақ өлі аумақта бүгінде тіршілік пайда болған.
Бұл жолы да Каролина атсалысқан экожобаға қатысушыларға жергілікті орманшылар 10 мың дана сексеуіл көшетін әзірлеген. Еріктілер топ-топқа бөлініп, жұмыстың қиындығына қарамастан ауданның экологиясын қалпына келтіруге пайдасы тигеніне қуанышты екендіктерін жеткізді.
Жалпы экологиялық апат аймағы саналған Аралдың басына талай қиындық түсті. Тіпті экологиялық коэффиценттерді алып тастау жайлы да сөз қозғалып, жабық аймақ ретінде қарастыруды көздеген уақыттар болды. Бірақ осы салада жүрген азаматтар оған жол бермеген. Солардың бірі Қуанышқали Шапшанов жайлы да айта кеткен жөн болар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістандағы Ұлттық құрылтайда: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты Адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс» деген болатын.
Ал сол "Адал адам" ұғымына сай азаматтар ма бар ма? Әлбетте, Ондай жандар біздің арамызда да жүр. Оның еңбегі мен ерлігін, туған жерге деген махаббатын, ең бастысы еңбекке деген адалдығын замандастары бос қосқан тұста жиі айтып жүреді. Мақтан етеді. Расында мақтауға емес, ол азаматпен мақтануға тиіспіз. Себебі бүкіл аралдықтардың мұңын мінберде сөйлеп, Аралдың алдындағы перзенттік борышын, теңізді өлкенің тағдырын жасқанбай айтқан Қуанышқали Шапшанов болатын.
Қуанышқали Рахманбердіұлы 1943 жылы Арал ауданы, Құланды ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, Қызылорда қалалық атқару комитетінде нұсқаушы, облыстық комсомол комитетінде лекторлар тобының жетекшісі, облыстық партия комитетінің лекторы және нұсқаушысы, Қазалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық әкімшіліктің аппарат жетекшісі болып абыройлы қызмет атқарған ел ағасы 11 жылдан астам уақыт аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасын басқарып, Германия, Израиль, Латвия, Литва және Ресейде өткен халықаралық форумдар мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар мінберінде Арал теңізінің зардабы туралы баяндамалар жасап, өңірдің экологиялық ерекшеліктеріне сәйкес қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосты. ОСы бағытта Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде 200-дей ғылыми-публистикалық мақала жазып, «Арал өңірінің экологиясы», «Қызылорда облысының экономикасын экологияландыру», «Сүтқоректілер көбеюінің биотехнологиясы мен эмбриоинженериясының негіздері» монографияларын шығарған.
Иә, бүгінде сол адалдықтың арқасында бүкіл аймаққа абыройлы болып келе жатқан ақсақалдың өз уақытында қандай ерлік жасағанын көпшілік біле бермейді. Бірақ шындыққа жаны құмар, адалдығы өзін өзгеден ерекшелеп тұратын еңбек ардагері, Аралдың құрметті азаматының абыройдан арды биік қоюын біз кейінгі ұрпаққа да өнеге етіп айтуымыз қажет. Осы мақсатта Қ.Шапшановқа қоңырау шалып, жағдайды сұрадық.
Бір кездері "Аралдың болашағы жоқ. Экологиялық коэффиценттерді алып тастау қажет" деген хабар шығып, ол ел арасында лезде тарап кетті. Осы кезде аралдықтардың қиын жағдайын, ахуалды айтатын, жоғарыға жеткізетін адам қажет болды. Дәл сол сәтте көгілдір экран арқылы Аралдың тағдырын, мұндағы халықтың жанайқайын, ауру-сырқаудың өршіп, теңізден қол үзген халық шынымен көмекке мұқтаж екенін айтып, атқарушы билікке қарсылығын танытып, экологиялық коэеффиценттерді сақтап қалу үшін күресті. Тіпті осы әрекеті үшін сол уақыттағы аймақ басшысының қабылдауында болып, қызмет пен халықтың күйі таразыға түскенде елдің сөзін сөйлеп, қызметтен шектетілген.
Бірақ кейін аймақ басшысы ауысып, жаңадан келген облыс әкімі Қуанышқали Рахманбердіұлына ризашылығын білдіріп, қызметке қайта тағайындаған.
Былтыр ғана мерейлі 80 жасқа толып, өмірлік жары Несіпгүл әжеймен бірге ұл-қызының, ұрпақтарының қызығына бөленіп отырған ақсақал баршаның құрметіне бөленді. Ол абыройды емес, абырой оны іздеген жанның бұл еңбегі аралдықтар үшін өшпес ерлік әрі айта жүретін өнеге. Азаматтықтың символикасы десек артық болмас.
