Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастар жайында "Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз", - деп сенім білдіргені баршаға белгілі. Бүгінде жастар саясатын дамыту мақсатында Арал ауданында да ауқымды жұмыстар өтіп жатыр.
«Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деп Президентіміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына аса мән беру керек екенін айтқан болатын. Иә, қай заман, қай қоғамда болсын ұрпақ тәрбиесі бірінші орында. Себебі олардың тәрбиесі ұлттың жарқын болашағының кепілі.
Осы орайда ауданымыздағы өнерлі балалар тәрбиелейтін «Өнер мектебінің» маңызы зор. Жеткіншектердің өнер жолында имиджін қалыптастырып, талабын ұштап, түрлі өнер байқауларына қатыстырып келеді. Арал аудандық балалар «Өнер мектебі» 1967 жылы «Музыка мектебі» болып ашылып, алғашында К.Ф.Фатиадин басшылық жасаған болатын. 1972-2002 жылдар аралығында облыстық, республикалық, бүкілодақтық фестивальдердің бірнеше дүркін лауреаты Т.Шүкіров басқарды.
1992 жылы аудандық балалар «Өнер мектебі» статусын алып, ән салу, бейнелеу, би (хореграфия), терме сыныптарымен толықтырылды.
2000-2001 жылдары Ж.Ұзақов, 2001-2002 жылдары Ж.Ә.Төребеков, 2002-2022 жылдар аралығында Т.Алдашев мектеп директоры болып қызмет атқарды. 2023 жылдан бастап Өнер мектебі Омаралиева Гүлмайра Тортайқызының басшылығына өтті.
Иә, бір қарағанда қарапайым ғана ғимарат. Дегенмен ондағы қызу жұмыс оқушылар мен дәріс өткізуші мұғалімдерге, оқушылардың ата-анасына аян. Оқытушы сабақ өткізу барысында мүмкіндік деңгейіне байланысты әр оқушымен жеке талдау жұмысын жүргізіп, дұрыс бағыт беру керек. Сондықтан мұғалім оқушыны алаңдатқан сұрақтарды оқушыға қоя отырып, өзіне жауап іздету керек. Осы тұста мектептегі әрбір үйірмеде барлық баланы өз ерекшелігіне қарай бейімдеп дайындап, кейде жеке дәріс өткізетін сәттер де болады. Ол еңбектің жемісі де жоқ емес. Талантты жастардың алды халықаралық сайыстарда жүлделі орын алып жүр.
– Қазіргі таңда мектепте 294 оқушы 9 бағыт бойынша білім алады. Олардың ішінде домбыра, баян, қобыз, фортепиано, прима, ән салу, би өнері, бейнелеу, терме пәндері бар. Оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық конкурс-фестивальдардың жүлдегерлері.
Мектебімізде 25 жоғары білімді, 5 орта арнаулы білімді және 2 аяқталмаған жоғары білімді педагогтер талапқа сай еңбек етуде. Педагогикалық ұжымның құрамы әркез мектеп түлектерімен толығып отырады.
Мұғалімдер мен оқушылар арасындағы сыйластық, атаанамен тығыз байланыстың арқасында бүгінде «Өнер мектебінің» аудандағы орны жоғары. Көптеген бүлдіршіндер мен оқушы балалардың өнер жолына келуіне себепкер болғанымыз біз үшін де үлкен жетістік, – дейді Өнер мектебінің бейіндік оқыту жөнінде орынбасары Нұрмаханов Қуаныш Жайықұлы.
Шын талантты шәкіртті баптау да, сайысқа дайындау да үлкен қажырлылықты қажет етеді. Ал оның өнерінің әділ қазы алқасынан әділ бағалануын көру, балалар мен ата-ананың алғысын алу өнерге баулыған бапкер үшін ең жоғарғы баға. Осы жолда аянбай еткен еңбектің, төгілген тердің арқасында шәкірттердің жеткен жетістігі көп.
Атап айтсақ, Құрманғазының 200 жылдығы, Ақан Серінің 150 жылдығына байланысты арнайы ұйымдастырылған облыстық «Күй табиғаты» байқауында Ғалымбек Дамир бас жүлдені жеңіп алса, Әділов Диас І орынмен, Тәни Іңкәр жүлделі ІІІ орынмен марапатталып, мектеп абыройын асқақтатты.
Биші қыздардың, оның ішінде «Шаттық» би тобының аты аудандық өнерпаздарға жақсы таныс. Исмагулова Райлә ханымның дайындаған бишілері аудан атын шығарып жүрген өнерлі жастар.
– Би – қозғалыстағы өмір, би – ерекше өнер. Билеу адам өмірін ұзартады. Ширақтықты қалыптастырып, жан мен тән үйлесімін, сұлулығын ретке келтіреді. Сол үшін де биге қызығушы жандар көп. Жалпы өнер жас талғамайтындықтан, кішкентай шәкірттерім де бар.
Биылғы жыл біз үшін сәтті болды деуге толық негіз бар. Биші қыздар Қызылорда қаласында өткен республикалық «Жұлдыз фест» байқауында І және ІІ орындарға ие болды және Дәурен Әбіров атындағы І республикалық балалар байқауында үздік өнер көрсетіп, тағы да І орынды қанжығасына байлады. «Talent show» республикалық балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында «Шаттық» кіші би тобының қыздары І орын алып, Астана қаласындағы балалар күніне орай ұйымдастырылатын фестивальге жолдама алды. Оның бәрі өнерпаз жастарды арнайы қолдаудың арқасында жеткен жетістік. Біз үшін еңбегіміздің ақталғаны деп білеміз, – дейді Райлә Исмагулова.
Сонымен қатар Астана қаласындағы фестивальге вокал сайысынан Қайберенова Гүлім де жолдама алып, аудан мерейін еселеген болатын.
Әр баланың бойындағы талғамын арттырып, өмірге, жақсы қасиеттерге құштарлық сезімін байытып, әсіресе рухани қазынасын барынша молайтып, күш-қуатын, жігерін шыңдау абыройлы міндетіміз. Қазір ауданда өтетін бірде-бір шараны өнер мектебінің дарынды балаларының қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Өнер мектебінің күміс көмей, жез таңдай әншілері мен мың бұралған бишілері, көркемсурет бөлімінің суретшілер көрмесі кез келген ісшараның сәнін кіргізеді. Ауданның мәдени дамуына зор үлес қосып отырған аудандық балалар өнер мектебінде өнердің өрісі әлі кеңейе түсетініне сеніміміз мол.
Сондай-ақ білім саласында да жетістіктер толағай теңіз. Егемендік алып, еңсе тіктеген еліміздің басты жетістігінің бірі – ілім, ғылым жолындағы ізденіс. Соның арқасында өзгелермен бәсекелесіп, оза шабатын деңгейге де жеттік. Оған түрлі білім бәйгесінде қатарынан алға шығып, қабілетімен таңдандырған жастардың жеңісі дәлел. Солардың бірі – қаладағы №220 мектептің 3 сынып оқушысы Әбілбай Асылай Әлібиқызы.
Білімді бала – қашанда ел мақтанышы. Оның жеткен жетістіктері мен алған марапаты өзінің де, ата-ана мен жетекші ұстаздың ерен еңбегінің жемісі. Жақында ғана республикалық ғылыми жоба сайысынан жүлделі ІІІ орын алған Асылайдың осы жетістігі туралы жетекшісі Мадина Үмбетова:
– Асылай алғашқыда «GN» академиясынан арнайы саз балшықтан бұйым жасауды үйренген. Кейіннен қызығушылығы оянып, оқушыммен соңғы 1 жылдың көлемінде осы бағытта көп жұмыс істедік. Бұл – «Саздың сан алуан сыры» тақырыбымен саз балшық туралы ақпарат, оның ішінде түрлі бұйым жасау және адам денсаулығына пайдасы туралы жоба. Әсіресе балшықты илеу арқылы сүйектің қатаятыны, құмыра жасау барысында алақан арқылы денсаулыққа тигізер пайдасы біздің басты назарымызда болды. Сол зерттеу нәтижесінде «Технология және өнер» бағыты бойынша Асылай аудандық, облыстық жобада үздік деп танылып, І орын алды. Республикалық кезеңге жолдама алып, қаңтар айының аяғында Щучинск қаласына барып, жүлделі ІІІ орынмен оралды.
Асылай өте белсенді, ақылды оқушы. Бастауыш сыныпта оқи жүріп осындай жетістікке жету оңай емес. Оған баланың ынтасы, қызығушылығы жақсы болуы керек. Ол осы бетінен таймаса алда алар асуы көп екеніне сенімім мол, – дейді.
Иә, ауданымызда қатарынан суырылып шығып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған дарынды оқушыларымыз жеткілікті. Ол әр ұстаз дер кезінде алдында отырған шәкіртінің табиғи дарынын танып, оны одан әрі дамытуға күш жұмсағанының арқасы. Дарынды оқушы ұлт болашағы екені даусыз. Ал Асылайдай білімді жастар бар кезде болашақтың негізі берік қаланбақ.
Мүмкіндігі шектеулі балалар да мемлекеттік саясаттың игілігін көріп келеді. Ерекше балалар қоғамда өздерін еркін сезінуі қажет. Сондықтан бүгінде ауданымызда айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырудың маңызы зор. Солардың бірі – инклюзивті білім беру жүйесі. Ол – барлық оқушының физикалық, психологиялық жағдайына қарамай, тең білім алуы. Бұл жүйе бірнеше жылдан бері ауданымызда да қолға алынған болатын. Сол бағытта ашылған бірнеше арнайы сыныптың бірі қаламыздағы №64 орта мектебінде орналасқан. Мектепте 2019 жылы ата-аналардың өтінішіне сәйкес 6 оқушымен алғашқы арнайы сынып ашылған болатын. Содан бері 4 жылдың ішінде мектепте 38 оқушы қабылданып, 14 оқушы нәтижелі деңгей көрсетіп, арнайы сыныптан қалыпты жай сыныпқа көшірілді. Қазіргі таңда мектепте 4 арнайы сынып бар, барлығы 24 оқушы білім алуда.
Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған «ЖОЛ КАРТАСЫ» жобасы аясында «инклюзивті қолдау» кабинеті ашылып, арнайы педагог, логопед, педагогасссистент мамандармен толықтырылды және де инклюзивті қолдау кабинеті қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Соның арқасында оқушылардың бойындағы түрлі ерекшеліктерді ескере отырып, мектеп психологтары балаларға педагогикалықпсихологиялық қолдау көрсетіп, түзетудамыту жұмыстарын жүргізеді.
Істелген жұмыстардың нәтижесінде инклюзивті сыныптың 3 сынып оқушысы Ибраев Әли өзін жаңа қырынан ашып, жақсы жетістіктерге жете бастады. Айтар болсақ, Әли алғаш мектепке келгенде педагогассистенттің көмегімен ғана жұмыс істейтін. Уақыт өте келе педагог-ассистент пен сынып жетекшісі оның музыкаға бейімділігін анықтап, музыка пәні мұғалімінің үйретуімен фортепианода ойнап үйренді. Әли өзінің талабы мен қызығушылығының арқасында өткен жылы Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназия базасында өткен облыстық семинарда өз өнерін көрсетті.
Қазір Әлидің мінезі ашылған, ортаға тез бейімделеді. Алғашқы уақытпен салыстырғанда бала түйсігінің дамығаны, ойлау қабілетінің жақсарғаны байқалады. Оның осы уақытқа дейінгі жетістігі мектеп пен ата-ана, оқушы үштағанының жақсы жұмысының көрінісі. Мектептің 2 «в» сынып оқушысы Тәжібек Мадина да семинарда би өнерімен көпшілікті тәнті еткен болатын.
– Тумысынан ерекше балалар қатарына жататын бүлдіршін бүгінде өз қатарының алды деуге болады. Алғашқы уақытта Мадина өте қорқақ болатын. Артық дыбыстың бәрінен қашып, тығылып қалған сәттері де көп болған. Ортамен араласуы да қиындық тудырды. Оның ашылуына анасының да көп көмегі болды. Ол кісі үйінен би билетіп дайындайтын. Осылайша мектептегі іс-шараларда өнер көрсете бастады. Қазір оқуда озат, қоғамда белсенді Мадина көптеген шығармашылық байқаулардың жүлдегері. Оның ішінде аудан, облыс әкімінің алғыс хаттары, ғылыми жобалар мен спорттық сайыстардан алған дипломдары бар. Өткен жылы республикалық
«Дарын» даму орталығы ұйымдастырған «Наурыз – көктем мейрамы» шығармашылық байқауында 1 дәрежелі лауреат атанған болатын, – дейді Мадинаның педагогассистенті Әменова Гүлшахар Еркебекқызы.
Білім ұясында арнайы сыныпқа сабақ беретін пән мұғалімдері ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша арнайы курстардан өткен. Қазір сынып ашық сабақтар мен тәрбие кештерін еркін өткізе алады. Осы тұста ерекше балаларымыздың білімді меңгеріп, сауаттанып, нәтижелі деңгейге жетуіне пән мұғалімдерінің үлесі зор.
Иә, арманы асқақ, қатарынан озат ерекше баланы тәрбиелеу оңай емес. Ал «болам деген баланың белін буатын» мұғалімдер мен ата-ана бар кезде олардың қоғамда алар орны қашанда биік болмақ. Ерекше өнерімен көзге түскен балаларға тек сәттілік тілейміз.
Ал мына бір бүлдіршіннің өнері тіпті бөлек. Блогерлікті өзгелер секілді армандап қана қоймай, бүгінде іс жүзінде танылған ол Аралдың мақтанышы.
Өткен жылы сәті түсіп сіңіліммен халықаралық бишілер жарысына барған болатынмын. Онда 4 жастан бастап ересек оқушыларға дейін түрлі деңгейдегі би топтары қатысты. Сонда Арал ауданынан «GN» өнер академиясының «Smile» заманауи би тобының бүлдіршіндері өнер көрсеткен. Өздері 4-6 жас арасындағы бишілер болса да, қатарластарынан оқ бойы оза шауып, бас жүлдені жеңіп алды. Бүгінгі кейіпкеріміз Мединамен де сонда танысқан болатынмын.
Жаратқан сынақ берем десе жас, кәрі деп таңдамайды. Оны жеңу үшін де бізге мықты төзім, қайсар мінез керек. Мединаның да жүрек ақауы оның өмірге деген құлшынысын оятқан. Ол туралы:
– Медина туғанда өте әлжуаз болды. Жүрек тамырлары әлсіз әрі тесік болып, өмір сүру мүмкіншілігі өте төмен деп, дәрігерлерден «барлық жағдайға дайын болыңыздар» дегенді де естідік. Бірақ берілген жоқпыз. Ұшақпен Астана қаласына барып, арнайы ота жасаттық. 6 сағатқа созылған отаның нәтижесі жақсы шықты. Бүгінде уақыт салып тексеріліп отырамыз. Жаратқанның бұйырған несібесі бар екен. Қазір қызым оқуда да, өнерде де белсенді, – дейді анасы Гүлбақыт Жарымбетова.
Бүгінгідей әлеуметтік желі, ғаламтор дамыған заманда адамның қиялы мен жасай алатын мүмкіндіктеріне шектеу қоя алмаймыз. Қазір кез келген адам парақша ашып, өзінің пікірін білдіріп, кей жағдайда тіпті табыс көзіне айналдыра алады. Біздің бүгінгі Медина да ауданда «блогер бүлдіршін» атанған.
Медина Ануарқызы жақында 6-ға толды. Өзінің шағын парақшасы бар бүлдіршін бүгінде көптің көзайымына айналған. Оның тәтті қылығы мен ақылдылығы оқырмандарын сүйсінтпей қоймайды. Қызының бұл бастамасы туралы әкесі Ануар Әзберген:
– Бүгінде балалардың көрген дүниесін тез қағып алатын әдеті бар емес пе?! Солай Медина да алғашқыда біздің ұялы телефонымызға түрлі видео түсіре бастаған. Кейіннен қызымыздың қызығушылығын құптап, Мединаға арнайы парақша ашып бердік. Қазір 1 жылдай болып қалды. Өзінің айтқан фото-видеоларын жүктейміз. 6000-нан аса оқырманы бар. Өзі ары қарай да парақшаны дамытқысы келеді, – дейді.
Иә, байқағанымыздай, бүлдіршін балақайдың барлық бастамасына әкесі де өте белсенді араласады. Бір сөзінде «жұмыстан бос уақытымда балаларымның өнерін тамашалаймын. Үйірмеден үйренгендерін қызықтап, одан қалса шығармашылық кештеріне үзбей баруға тырысамын» деген. Көп жағдайда баланың қалауы тек анасына айтуымен, сол кісінің қолдауымен болатындықтан, бұл жағдай көңілімді шын қуантты. Жалпы ата-анасы ғана емес, отбасындағы балалардың жетістігіне ата-әжелері де үнемі батасын беріп, қолдап отырады.
– Осы әулетке 2006 жылы келін болып түскенмін. 5 жыл ата-анамызбен ауылда бірге тұрдық. Кейін жұмыс бабымен батасын алып, бөлек шықтық. Қазір апта сайын барып тұрамыз. Балалар да әжелеріне барып, әрбір жетістігін мақтанышпен айтып отырады. Медина отбасында 4 қыздың кішісі, өзінен кейін інісі бар. Балаларымның бәрі өнерге жақын. Үлкен қыздарым да ән айтып, би билейді, спорттан да алшақ емес.
Медина осындай бөлек өнерімен танылып жүр. Әпкесімен бірге биге де қатысады. Өзіңіз танысқан кездегі «Smile» би тобымен бірнеше қалаға барып, гран-при алды. Ән айтып, шамамыз келгенше клип те түсіргенбіз. Бірнеше рет киім дүкендеріне жарнама жасадық. Оның бәрі Мединаның талпынысы, қызығушылығы. Біз тек қызымыздың әрбір ісіне қолдау білдіреміз. Мектепте де белсенді. Мінезі де ашық, мейірімді. Бұның бәрі әжелерінің тәрбиесі деп білемін. 94-тегі үлкен әжемізден бастап бәріміз үнемі жақсы нәрсеге баулимыз, – дейді Гүлбақыт ханым.
Медина қазір қаламыздағы №62 мектеплицейінің даярлық сынып оқушысы. Оқуда озат, мектептің іс-шараларында белсенді. Жақында әжесімен бірге сайысқа қатысып, мектеп апайларын бір сүйсінтті. Өзін сөзге тартып, болашақ арманы туралы сұрағанда:
– Өскенде үйі жоқ адамдарға үй алып бергім келеді. Қазір блогер Ырысбаланы қараймын. Сол секілді ақша жинап, үй алып, үлкендерге, мама-папасы жоқ балаларға үй беремін. Қазір ата-анама қайырымдылыққ
а ақша салдырамын, – деп бала тілегімен бөлісті.
Иә, баланың балалығы бір бөлек, жақсыны армандап, оған ұмтылуы бір бөлек. Бүгінде көптің мейіріміне бөленген, өзі кішкентай болса да, көпті ойлаған үлкен жүректі қызымыз арманына жетсін дейміз.
