maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға түрлі жағдай жасап келеді. Жастарды қолдау мақсатында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен кәсіпті дамытуға несие ұсынылды. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының да игілігін халық көріп жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту елдің экономикалық даму индиксін көтерудің тетігі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды аралдықтар да сезінуде. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер саны артып, жаңадан бой көтерген нысандар қала ажарын айшықтаумен қатар, ел игілі үшін қызмет көрсетуде.

Аудан орталығында кәсіпкерлерге арналған  «Кәсіпкерлік үйі» бой көтерген болатын. Қазіргі таңда нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік беруде. Сондай-ақ  тұрғындар таңдау еркіндігі болуы үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» және «Еуразиялық» банкінің қаламызда бөлімшелері ашылып, қаржы ұйымдарының саны 6-ға жетті. Нәтижесінде теңізді өлкеде кәсіппен айналысушылар қатары көбейген.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен кәсіпке ниетті жандарды көтеруге бағытталған жастарға бағытталған 2,5 пайыздық несие мен «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын. Аталған бағдарламаның несие мөлшерлемесі де 2,5 пайызды құрайды. Жобаға құжат тапсыру бастаған шақтан бастап Арал ауданының кәсіпкерлері де өздерінің бизнес идеяларын ұсынды. Солардың бірі жартылай дайын өнім шығару ісін қолға алған кәсіпкер Жұлдыз Күшжанова болатын. Бұл жөнінде газеттің өткен санында тақырыпқа арқау еткен болатынбыз.

Кәсіпкер өз сөзінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсібіне қажетті техникаларды алу үшін 2,5 пайызбен несие алғандығын айтты. Құжаттарын рәсімдеуге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалы қызметкерлері көмек көрсеткен. Қазіргі таңда Жұлдыз мемлекет қолдауы арқасында өз кәсібін кеңейткен табысты кәсіпкерге айналып отыр.

Жыл сайын ауданда кәсіппен айналысушылар қатары артып келеді. Әркім өзінің қызығушылығы мен тың идеясын табыстың көзіне айналдырып, жұмыссыздықтың санын азайтумен қатар өзі де табысқа кенеліп, халықтың мұқтажын өтеуде. Әрине мұндай бастама мен нәтиже алдағы уақытта да жалғасын табатынына бек сенімдіміз.

Сондай – ақ мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты Адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс» - деген болатын өз сөзінде. Әсіресе адал еңбек етіп табысын ақын көрсету кәсіп иелері үшін басты талап. Осыған байланысты декларциялау енгізілген болатын.

Биылғы жылдан бастап декларациялаудың үшінші кезеңіне сәйкес заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер , жұбайларымен бірге декларация тапсыратын болады. Осыған байланысты декларациялау қалай жүзеге асырылады деген сауалға аудандық мемлекеттік кірістер комитетінің мамандарымен кікірлесіп жан-жақсы жауап алған едік. 

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету болып табылады.

Мысалы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «кіру» декларациясын 580 мың адам тапсырды. Олар мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары. Екінші кезеңде, 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайларын қамтыған  2,1 млн адам тапсырған.

Ал үшінші кезеңде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. 

Осыған байланысты биылғы жылы декларациянықалай тапсыру керек деген сауалған аудандық  мемлекеттік кірістер комитетінің бөлімінің басшысы Әбдікеров Еркебұлан кеңінен түсіндіріп берді.

– Бұл талап жұмыс істемей тұрған және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады. Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайтындықтан, 2024 жылы аталған нысан басшыларына декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды. Сондай-ақ, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке практикамен айналысатын адамдар ұсынбайды. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік банктегі 3,5 млн теңгеден жоғары ақша, шетелдік компаниядағы қатысу үлесі,бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарты яғни, тұрғын ғимараттағы үлесі, инвестициялық алтын,  зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн. теңге  шегіндегі қолма-қол ақша, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары және құны 3,5 млн. теңгеден асатын басқа да мүлікі көрсетіледі. Бағалауды өткен жылғы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзіміне дейін  яғни осы жылдың 15 қыркүйектен кешіктірмей жасау қажет, - деді. 

Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.

– Активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясын толтыру кезіндегі шарттардың бірі 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша борыштар мен талаптарды көрсету болып табылады. Яғни, азаматтар декларацияда басқа жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздарын көрсетуі керек. Сондай-ақ, басқа тұлғалардың осы жеке тұлғаға қайтаруы тиіс қарыздары көрсетіледі.Салық кодексінің нормаларына сәйкес қарыз шарттары нотариалды куәландырылуға тиіс. Банктік қарыз шарттары декларацияда көрсетілуге жатпайды, - деп түсіндірді Еркебұлан Әбдікеров.

Жалпыға бірдей декларациялау азаматтарға кірістерінің мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз етуі тиіс. Салық төлеуден жалтарған адамдарды анықтап, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Көлеңкелі айналымдарды қысқартудың тиімді әдістерінің бірі қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу болып табылады. Яғни мобилді аударымдар, терминалдар мен банк картчкасы арқылы төлем жасау.Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының дерегіне сүйенсек өткен жылдың  9 айдың қорытындысы бойынша елімізде қолма қолсыз төлем жасау 86% - ға артқан.

Қазақстандықтар 1000 айлық есептік көрсетікштен асатын асыл тұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар немесе құс бағып отырған болса.

– Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап шетелдік банктердегі шоттарға түскен қазақстандық азаматтардың кірістері туралы мәліметтер алып отыр. Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, негізгі елдер – бірікке Араб Әмірліктері,  Ұлыбритания, Түркия, Франция және басқа да елдерді қамтиды. Келіп түскен мәліметтер жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемелерін айқындау мақсатында ғана салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылады. Сондықтан шетелдік шоттарға кетіп жатқан жерлестеріміздің  қаражатын бақылау қиындық тудырмайды, - дейді ол.

Сондай-ақ азаматтар декларациялау кезінде кез келген қате немесе анық емес көрсетілген мәліметтерді салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы түзете алады.

Бастапқыда автоматты камералдық бақылау – жеке тұлғаларда декларацияның болу,болмауы тексеріледі, декларацияда кірістер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады. Одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.

– Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке шықпай-ақ жабық контурда жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді.  Мемлекеттік техникалық қызмет тоқсан сайын мемлекеттік кірістер комитеті жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізеді. Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге мөлшерінде айыппұл  қарастырылған. Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет – төленбеген салықтар сомасынан 200 пайызды айыппұл, қайталап бұзғаны үшін – 300 пайызы мөлшерінде қарастырылған, - деп түсіндірген Еркебұлан Өмірсерікұлы декларациялаудан ешкімнің шет қала алмайтынын түсіндірді. 

Комитет басшысының айтуынша 2025 жылдан бастап жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбаған жағдайда жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірістері, мүлікті сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактісі  болмауының растамасы болып есептеледі екен.

Мұндай адам мүлікті сатып алған жағдайда оның құны кіріс деп танылады және табыс салығы салынады. 

Жалпыға бірдей дектарациялау көлеңкелі табысқа кенелу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттің қолға алған алғышарты болып табылады. Заң алдында адамның бәрі бірдей. Сондықтан бұл ашықтық пен айқындыққа бастайтын ең тиімді жол.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: