Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмыстарының бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшамды әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заң қабылдануға тиіс" деп кәсіпкерлерге жасалатын қолдаудың қаншалықты артатынын баса айтқан болатын. Міне, осы бағыттағы жұмыстар қазірде ел көлемінде ауқымды түрде жүргізіліп жатыр. 

Қазір экологияның ортасында отырған халықтың басы ауырып, балтыры сыздамайтыны жоқ. Және ерте жастан артроз, остеохондроз, грижа, буын ауруларының азабын тартып, төсекке таңылып жатыр. Мұндайда дерттің нүктесін тауып ауруды ыдырату үшін медициналық массаждың көмегі ауадай керек-ақ. Қазіргі күні емдеудің осы түрін кәсібіне айналдырып, халық саулығы жолында қызмет етіп отырған жандар бар. Солардың бірі – Аягөз Ералиева.

Аягөз Арал қаласының тумасы. Ол есепшілік мамандықты еншілеген жан. Бірақ уақыттың ағымымен жүрек қалауы мен қол ептілігі медициналық массажға деген қызығушылықты оятты. Осылайша ол 2022 жылдан бастап түрлі дертті болған жандарды қол шипасы арқылы емдеп алғысына бөленіп жүр. 

– Бұл да кез-келген адамға беріле бермейтін тылсым қасиет. Қолдағы энергия арқылы өзге бір адамның бебеулеткен науқасын дөп тауып, оны айықтыруға  бар күшіңді саласың. Әдетте бұл түрлі екпелер арқылы емес, денеге қол күші арқылы массаж жасаумен жүзеге асады. Ең алғашқыда мен бұл салаға келемін деп мүлде ойлаған жоқпын. Бірақ мені бір тылсым күш осылай жетелеп тұрды. Кейін анам грижада жүре алмай сал болып қалған кезде оны аяқтан тұрғызу үшін барымды салуым керек болды. Осылай өзімнің массаждың қыр-сырын қалай меңгеріп алғанымды өзім де аңғармай қалдым. Кейін биоэнергиялық күміс қолғаппен жасайтын болдым, – деген кәсіпкер осы салаға өзінің қалай келгендігін айтып берді. 

Осылайша Аягөз анасын аяққа тұрғызған соң массаж саласын терең меңгеруді мақсат етіп, Ақтөбе қаласына барып арнайы оқып қайтады. Кейін де білімін жетілдіру мақсатында мамандардың курстарына қатысып жан-жақты шыңдала түседі. Сонымен қоса биоэнергиялық күміс қолғап аппаратын сатып алып халыққа қызмет көрсете бастады. 

–  Негізінен бұл массажды жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға жасауға болмайды. Көбіне буын ауруларына, аяққа тұз жиналған, бел грижасына ұшырған адамдар менің қызметіме жүгініп жатады. Мақтанғаным емес біраз адам дертінен айығып, батасын беруде. Курс 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 10 күнге созылады. Сонан соң аз уақыт демалған науқас келесі курстарды ала бастайды. Кейбір адамдарда бірінші кезеңде нәтижеге қол жеткізіп жатады. Олар кейінгі екі курсты қажетсіз деп табады. Бірақ емді толық алған дұрыс, – дейді массажист маман. 

Аягөз жуырда көршілес Қазалы қаласы мен Төретам кентіне сол жақтағы тұрғындардың шақыруымен барып қайтқанын айтады. Ондағы халық массаж маманының емін қабылдап, өз дертінен айыққанға ұқсайды. Тіпті 1,5 жастағы аяғын баспай, жүрмей қалған бүлдіршіннің буындарына тиген салқынды биоэнергияның көмегімен сейілтіп, тәй-тәй бастырған. 

Кәсіпкер халық денсаулығын көздеген бұл кәсібіне қажетті құрылғыларды өз қаражаты есебінен алған. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар мен басқа да түрлі жеңілдіктерді алуға «бағым шаппай келеді» деп қалды өз сөзінде. 

Өзі жас болса да көпбалалы ана атанып, отбасылық бақытқа бөленумен қатар, кәсібін дөңгелетіп, халықтың батасын алып отырған кейіпкеріміз алдағы уақытта өзінің білім білігіне одан әрі жетілдіре түсуді мақсат етуде. Және ол үшін таяққа сүйеніп, төсек тартып дәрменсіз болып қалған жандардың шамшырағын жағып, алғысын алудан асқан бақыт жоқ.

Тағы да оқыңыз: