Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», – деген болатын.
Расында осы саланы дамыту арқылы біз табысқа жетеміз және халықтың ахуалын да арттыра аламыз. Оған дәлел көз алдымызда орын алып жатыр. Қуаңшылықтан қиындық сезілген кезде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен егін шаруашылығын жандандыру жайлы тапсырма берген болатын. Сол кездегі аудан әкімі Серік Сермағамбетов сол тапсырма аясында жұмыс жүргізіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгені баршаға белгілі. Жергілікті өнімнің бағасы да қолжетімділігін көрсетіп, аудан халқы азық-түліктен тарлық көрмей келді. Осыдан болар, жергілікті халықтар арасынан, сондай-ақ сырттан да егіншілікке қызыққан жандар белсенділік танытып, ауданның әр аумағынан арнайы жер алып, осы саланы өрге сүйреді.
Осы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаев басты назарда ұстап отыр. Ал атқарылып жұмыстар жайлы аталған салаға жауапты ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбанов төмендегіше ақпарат берді.
Соңғы жылдары Арал ауданында егін шаруашылығы айтарлықтай қарқынды дамып келеді. Ерте көктемнен бастау алатын дала жұмыстары да өз уақытында тыңғылықты атқарылып, нәтижесінде қамбамыз дәнге толуда. Бұрын егіншілікті бірең-сараң ауылдар ғана тіршілік көзіне айналдырған еді. Бірақ қайбір жылғы елді есеңгіреткен қуаңшылық, аталған саланы адымды алға бастырудың қажеттігін айқындап берді. Және бұл ішкі қажеттілікті толық өтеп, бағаны тұрақты сақтауға да таптырмас тәжірибе болды. Биылғы жылы да диқаншы қауым қыр басында қауырт тіршілікке кірісп-ақ кетті. Қазір жер жырту, каналдарды тазалау сынды жұмыстар істеліп, егін егуге дайындық қауырт жүргізілуде.
Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Арал ауданы бойынша барлығы 1000 гектар жерге егіс егу межеленген екен. Дегенмен жоспар артығымен орындалып, 1010,3 гектар жерге егістік орналатылған. Ал осы жылы 2000 гектар жерді гестік алқабы етуді жоспарлап отырған көрінеді.
Жыл сайын вегетациялық кезеңін нәтижелі өткізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз ету үшін егіс егетін ауыл шаруашылығы құрылымдарына суды тиімді пайдалану, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, суды аз қажет ететін технологияларды пайдалану ұсынылып келеді. Оның ішінде, жаңбырлатып суару, тамшылатып суару, насоспен суару және кезектестіріп суару бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тіршілік көзінің қоын мейілінше сақтауға септігін тигізеді. Себебі соңғы жылдары Сырдарияның суының дейгейі айтарлықтай төмендеп кетуде. Бұл жалғыз бізді емес көршілес мемлекеттерді де алаңдатып отырған мәселе. Осыған байланысты егін науқанында суды аз қажет ететін астық түрлерін егіп, үнемді пайдаланудың тетігін қалыптастыру бірінші кезекте тұрады. Осыған байланысты биылғы жылы халық суды үнемдеу технологиялары бойынша 239 гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр.
2023 жылы егіншілік саласында аудан үшін қамбамыз дәнге толған, қырымыз құлпырып, дихандар мерейі өскен жыл болды. Ауданда 3 шағын жылыжай кешені іске қосылған болатын. Кешеннің игілігін халық көрді. Қияр мен қызанақ сынды бақша дақылдары жылыжайда өсіріліп халыққа тиімды бағада ұсынылды. Бұл бір жағы кәсіпкерлік көкжиегін кеңітсе, екенші жағынан ауылшаруашылық саласының кең етек жаюуына септігін тиігізді. Игі бастама биыл да жалғасын тауып отыр. Аудан тұрғыны шағын жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.
Егілген егістіктің көп көлемін суару бүгінгі күнге каналдар, көлдер және Сырдария өзені арқылы жүргізілуде.Сондай-ақ, егістік пен шабындық жерлерді суаруға 3 дана СНП-500/10 дизельді су насосы және 10 дана ДНУ-200/75 дизельді су насостары бар екендігін айтады аудандық ауыл шаруашылғы бөлімінің мамандары.
Егін егу үшін қажетті техникамен де толықтай қамтылып отыр. Аудан бойынша 27 трактор, 6 соқа, 3 тұқымсепкіш, 20 жүк көлігі және 22 трактор тіркемесі бар. Қазіргі күні аталған техникалардың барлығы дала жұмыстарының уақытылы аяқталып, дән себу жұмыстары өз кезеңінде жүзеге асырылуы үшін аянбай жұмыс істеп жатыр.
Бұрын аудан бойынша тек 2 ауылдық округ бойынша егіс егіп келген болатын. Ал қазіргі уақытта салаға үлкен серпіліс келді десек де болады. Себебі 15 ауылдық округ егін егуге тыңғылықты кірісіп отыр. Бұл тиімділігін көрсетуде. Егін егуді тыңғылықты ізге салған ауыл халқын көкөніс, бақша және мал азықтық жоңышқа дақылдарымен өз-өздерін толық қамтамасыз етіп отыр. Ауданның аумағының үлкендігі мен ауылдық округтарының шалғайлығын ескерсек, бұл халықтың бақша дақылдары мен көкөністі тиімді бағада тұтынуына септігін тигіуде.
Биылғы жылы ең бірінші кезекте су үнемдеу технологияларын қолдану қолға алынуда. Жоғарыда атап көрсеткендей егістік көлемінің артуы су көлемінің кеміне зиянын тигізбеуі керек. Соған байланысты аудан шаруалары осы жылы 200 гектар жерге жаңбырлатып суару, 15 гектар егістік алқабын тамшылатып сурау және 25 гектар жерге подпленка әдісімен жоңышқа, бақша дақылдарын егуді қолға алып отыр.
Осы жылы Ақирек ауылдық округі бойынша 12 гектар, Жетес би ауылдық округі бойынша 5 гектар және Бекбауыл ауылдық округі бойынша 6 гектар жер жыртылды. Жалпы ауданда егіншілікпен айналысып отырған ауылдарда қазіргі таңда жер жырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ерте көктемнен бастау алып, жаз бойы жалғасатын диқаншы халық егін басындағы қауырт жұмыс атқаруда. Жер жыртып, дән салып, оны күтіп баптап, өнімін алған соң нәпақасына жарататын шаруалар асыруашы саланың дауына үлес қосумен қатар аудан халқын көкөніс пен бақша дақылдарымен толық қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етуде. «Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанды баласындай сүйеді» – деген халық мақалын тарқата қарасақ, Жер ананың бойы бусанған шақта еңбек етіп тер төккен диқанға, табиғат ана да кең пейілдік танытары сөзсіз.
Ал Аралда егіншілік туралы сөз қозғалса, алдымен Ақирек еске түседі. Биылғы қауырт кезеңде ақиректік шаруалар қандай жұмыс тындырып жатқанынан да хабардар бола отырыңыздар.
Сыр өңірінің кәсібі қайнаған іргелі ауылдарының бірі – Ақбай, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Елді мекеннің географиялық орналасу жағдайы қолайлы болуынан елдің әлеуметтік экономикалық даму қөрсеткіші жоғары. Ақбай десе қауыны мен қарбызы қатар аталатын ауыл ерте кезден егіншілік саланы дамытумен ел есінде сақталып келеді. Соның арқасында «Ақбайдың қауыны» деген бренд те қалыптасып отыр. Елдің ернін бақша дақылдарына ерте тигізетін ауылдың халқы еңбекшіл, тірлігі түзу. Жалпы егіншілер елінің қалыптасуы туралы толыққанды тоқталып өтсек.
Ақирек ауылдық округінің іргетасы 1964 жылдан бастап Мәстаттан Ақбай елді мекені болып аталып келсе, 2005 жылдан бері Ақирек ауылдық округі болып құрылған. Орталығы Ақбай елді мекені. Елді мекен аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы жер көлемі – 39 861 гектарды құрайды. Мұнда мекен еткен 139 отбасына да, 828 халық жайдары тіршілік етуде. Халыққа қызмет көрсететін әкімшілік, 200 орындық орта мектеп, мәдениет үйі, 25 орындық балабақша, шағын орталық, ветеринарлық пункт жұмыс істейді. Арал сарбұлақ су тарату бөлімшесі, ФАП және күнделікті барлық бағытқа қатынайтын көлік қатынасы тұрғындарға үздіксіз қызмет етуде. Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі егін шаруашылығын кәсіп қылса, енді бірі мал шаруашылығымен айналысады. Екі бағыт бойынша жұмыс істеп отырған ауыл тұрғындарының бүгінде тұрмыстық ахуалы тұрақты деп айтуға толық негіз бар.
Округ құрамында 47 ортақ меншікке негізделген жеке шаруа қожалықтар мен 38 жеке және дара кәсіпкерлер тіркелген. Мұндағы тұрғындардың шаруадан тыс қалып жатқаны жоқ. Бәрі де әл-дәрмені келгенше еңбекке араласуда.
Көктем келсе еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жер анадан несібесін молайтуды әдетке айналдырған ауыл тұрғындары, өткен жылы 307,8 гектар аумаққа егін орналастырды. Оның ішінде шаруа қожалықтар бойынша-290,2 гектар, жеке тұрғындар 47,6 гектар аумақты егіншілікке ыңғайлап, ала жаздай тер төгіп нәпақасын күйіттеді. Нәтижесінде гектарына 10 тоннаға дейін өнім алған диқандар, өндірілген өнімдерін облыс аумағымен қатар, көршілес Ақтөбе облысы және Қостанай, Астана қаласына дейін тасмалдады. Ал биылғы жылы ақбайлық шаруалар 575 гектар аумаққа егін салуды жоспарлап отыр. Бірақ жоспарлы жұмыстың жүзеге асуы аяқ судың жеткілікті мөлшерде жетуіне байланысты болып отыр.
Ауылдың тіршілік көзіне айналған мал шаруашылығы бойынша қоян жылы ауылдық округке қарасты «Сұлтан» шаруа қожалығы жылқы малын көбейту бағытында Қызылорда облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қоғамы арқылы 22%-бен 22 600 млн.теңге несие алып мал басын көбейтті .
Сонымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясына да кәсіпкерлік бастамашылдыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру бағдарламасымен атаулы әлеуметтік көмек алатын ауыл тұрғынына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолы жиегінен жылжымалы «Этнокафе» ашуға 1 380 000 мың теңге қайтарымсыз грант алынып берілді.
Ағымдағы жылы кәсіпкерлік саласы бойынша, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін ауыл тұрғындарына қайтарымсыз грант, Жастарға арналған 2,5 % пайыздық жеңілдетілген несие және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шағын несие алу бағытында жұмыстар атқарылуда.
Аталған сала өркендесе өңіріміздің, тұтастай ауданымыздың экономикасына қосар үлесі орасан. Биылға межеленген мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында, кәсіпкерлік бағыты басты назарда болса, ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру бағытында, ауыл тұрғындарына орталық саябақ салу үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралып, жоба сметалық құжаттары әзірленуде екендігін айтады ауылдық округ әкімдігінің мамандары. Сонымен қатар биылғы жылы Ақбай ауылындағы білім ордасының 90 жылдығы атап өту жоспарлануда. Білім ордасының ғасырлық мерей тойымен тұспа тұс келген, ауыл халқының асарлатумен құрылысы тәмамдалған Ғибадат үйін ашу жоспарлануда.
Ілкімді ісімен танылып, егіншілік саласының дамуына үлес қосып отырған ақбайлықтар ауызбіршілікпен айтулы істерімен танылып жүр. Бүгінде егін басында тындырымды тірлік кешіп, бел ортасында жүрген шаруалар ала жаздай ауқымды шаруа атқарып ауданның маңызды саласының бірі егіншілік саласын көтеруге жәрдемші болмақ.
Міне, осы Ақбай ауылында тың әдіспен егін егуді көздеп отырған жандар бар. Көктем келісімен диханшы қауым қауырт еңбектің бел ортасына кірісіп кетті. Қазіргі күні егіншілер дән салар жерін жыртып, әзірлік қылуда. Әсіресе, бұрыннан егін шаруашылығын жемісті етумен танылған Ақбай ауылында күрек асынған жұртшылық жаздың қамын жасап жатыр. Дала жұмыстарының дайындығын ерте бастаған шаруалардың бірі Алдоңғар Қаныбаев бүгінде 4 гектар жерін жыртып, жоясын әзірлеп, қоршап қойғандығын айтты. «Асхат 1» шаруа қожалығының иесі биыл суарудың жаңа тәсілдерін қолданып, өнімнің өзгеше сортын егіп көруді жоспарлап отыр. Егістік даласындағы бүгінгі тіршілік пен алдағы жоспарлар туралы Алдоңғар Айбодықұлы кеңінен баяндап берген еді.
«Асхат 1» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылды. Алдоңғар Қаныбеаетың әкесі Айбодық ақсақал да ерте жастан нәпақасын Жер анадан тапқан жан болған десе-ді. Алдоңғар Айбодықұлы да ерте жастан еңбекке араласып, әке жолын жалғаған. Алдымен ПроАрал совхозында тракторшы, кейін механик болып еңбек жолын бастаған ол совхоз тараған шақта егіншілік шаруаға бел шеше кірісіп, шаруа қожалығын құрған.
– Біз қауын, қарбыз сынды бақша дақылдарын және мал азығы ретінде жоңышқа егумен айналысамыз. Ерте көктемде басталған дайындық жұмысы күздің соңына дейін жалғасады. Негізінде бұл отбасылық шаруашылық. Жұбайым Сырғаш екеуміз өмірге 7 перзент әкелдік. Балалардың бәрін оқытып, қанаттандырдық. Ең кенже ұлы Қанағат студент. Ал шаруа қожалыққа есімі берілген Асхат мектепте мұғалім. Қыздарым ұядан ұшып, өз отбасыларының түтінін түтетіп отыр. Қазір өзіміз зейнет демалысындамыз, – деген Алдоңғар Айбодықұлы отбасына да тоқталып өтті.
Кезінде шаруа қожалықтың жұмысын ширатуға балалары жәрдемші болса қазір жиендері қолғабыс жасап жүрген көрінеді. Биыл Алдоңғар шаруа 4 гектар жерге тұқым салуды көздеп отыр. Және егін салатын жер аумағын да өзгертіп, жаңа, тың жерді әзірлеп қойған. Оның 1 гектарын тамшылатып суару әдісімен суарып, суды үнемдеп өнім алуды көздеп отыр. Тағы 1 гектарын пад пленка әдісімен дакор сортын егіп көрмек. Аталған сорт 60 күнде өнім береді екен.
– Қалған жерге колхозница, лимонка, шытыр сортын егеміз. Өйткені өнімді көбіне көршілес облыс Ақтөбеге апарып сатамыз. Сол себепті өнімнің осы түрі қалтаға қонымды және дәмі де ерекше болады. Сәтін салса пленка әдісімен дән салуды бастағалы отырмыз. Су келетін каналдарды, арықтарды тазалап, тамышылатын суаруға қажетті насос, басқа да құрылғыларды әзірлеп отырмыз, – дейді шаруа.
Алдоңғар Айбодықұлы «Туған жер сені асырайды, егер еңбек істесең» деген сөзі өзінің өмірлік ұстанымы етіп алған. Расында қарапайым шаруа адамының ел қатарлы түзу тұрмыс кешуіне, балаларыңның нәпақасын табуына жер жыртып, егін еккендігі өзінің септігін тигізді. Қарапайым еңбектен қол үзбеген жандар зейнет жасына жетсе де атадан қалған кәсіпті жалғастырып, ұрпағының мың жылдық азығын қалдыруда. 27 жылдан бері көші үзілмеген егіншілік шаруасын биыл да ширатып өнімін еселеуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Арал қаласында да ауқымды жұмысымен көзге түскен адал еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп, халықтан алғыс алған жандар бар. Солардың бірі жайында айта кетейік.
Асылында Алла әйел затын айрықша жаратса керек. Себебі әйел адам отбасының ұйытқысы болумен қатар қандай істе де келісті жұмыс, қыруар қызмет атқарып жүр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Күнсұлу Ахметова да қолынан келетін істі сөзбен емес, іс жүзінде көрсетіп келе жатқан кәсіпкер ана. Нақтысы, ауыл шаруашылық бағытындағы еселі еңбек кейіпкеріміз түтінін түтетіп отырған Ахметовтер әулетіне тән. Ал соның нақ себепшісі әрі кәсіп иесі – Күнсұлу апамыз.
Бүгінде осы салаға берілген басымдық көптеген жанның кәсіпте үлкен ізденістерге ұмтылып, соның жемісін жеуге сеп болуда. Агроөнеркәсіп кешеніндегі нақты тетіктер арқылы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды көздеген Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев та кешегі Жолдауында:
– Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет, – деді.
Бүгінде мұндай бастама аймағымызда белсенді түрде қолға алынып, ауыл шаруашылық бағытындағы кәсіпкерліктің қай түрі болмасын жанданып келеді. Әсіресе егін шаруашылығы.
Мәселен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін өңірде 3342 гектар жер арнайы дайындалды. Оның 3282 гектарына, атап айтқанда, 1021 гектарына картоп, 866 гектарына көкөніс, 1395 гектарына бақша дақылдары егілді. Тұрғындар қосымша жер дайындауды сұрап, егін егуге ынтасын білдіруде. Бұл бақшалық жер дайындаудың шаруаға қолайлы, тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетеді. Осы ретте облыс әкімі қала, аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына алдағы уақытта бақшалық жерді жергілікті халықтың сұранысына сәйкес жоспарлап дайындауды тапсырған болатын. Сондай-ақ дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес су беру кестесін шаруалармен келісіп жасау керек. Тиісті басшыларға егінге су беруді үйлестіріп, жиын-терімге дейін барлық жұмыстарға тұрақты бақылау жасау жүктелді. Сәйкесінше, бұл жұмыс жалғасын тауып, 1500 гектарға егіс егу жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуінің нәтижесінде қазірдің өзінде жерден түйнек көтерген шаруалар алған өнімдерінен пайда көріп келеді. Олардың қатарында кейіпкеріміз К.Ахметова да бар. Бүгінде ол отағасы Жанзақ ағамызбен бірге ауыл шаруашылық бағытында қаланың шығыс бетінен 1 гектар жер алып, оған қауын, қарбыз және асқабақ дақылдарын еккен. Бүгінде бұл маң жасыл желекке оранып, жаздайғы күтімінен күш алған көшеттер көптеп жеміс беруде. Бұл іске үлкен тәуекелмен келген кейіпкеріміз Күнсұлу:
– Мен негізі үйдегі ағаңмен (Жанзақпен) бірге ет өнімін саудалауда кәсіппен айналысып келе жатқан жанмын. Қазір кәсіпкер ретінде тіркеліп, халыққа таза әрі сапалы ет өнімдерін ұсынып келе жатқаныма 10 жылдан астам уақыт болыпты. Алғашында бұл істі үй жағдайында қолға алып бастадық. Уақыт өте келе заңды кәсіп иесі атанып, мемлекет берген мүмкіндіктердің арқасында өзіміздің отбасылық ісімізді дөңгелетіп келеміз. Ал сіз куә болған мына егіншілік іске келсек, әлі тәжірибе аз. Оны мойындау керек. Үй жағдайында болмаса нақты егіншілік кәсіппен айналысып келе жатқан жандар емеспіз. Десе де «Ниетке найза бойламас» деген рас екен. Алғашында алаңдаушылық болды. Қаншама қаржыны құйып, қолға алған істің қайыры бола қояр ма екен деп уайымдадық. Бірақ еңбек еш кетпеді. Қазір тәубе, сол еккен дәндердің бүгінде түйнегін сатып, табыс тауып жатырмыз. Негізі мұндай іске келуімізге облыс әкімі Н.Нәлібаев бастаған бастама түрткі болды. Егін егуге жерді 5 жыл мерзімге жалдау құқығына ие болдық. Және ол жерде тамшылатып суару әдісін қолға алып, қажетті мүмкіндіктерді қолға алдық. Соның арқасында қазір бақшалықтағы өнім еселеніп, ісіміз жайлап алға басып келеді, – дейді.
Қаладағы орталық базар маңайында жиі жүрген болсаңыз «Табыс» деген ет дүкенін байқар едіңіз. Міне, сол дүкен бүгінде кейіпкеріміз Күнсұлу апайдың табыс көзіне айналдырған құттыхана мешіті. Сөресінен сом ет пен майлы шұжық (фарш) үзілмеген бұл дүкенде әркез жаңа өнім тұрады. Одан бөлек, бақшалықтың да дәнді дақылдарды осы маңнан табасыз. Негізі қала сыртындағы ат шаптырым аумақтың азын-аулақ өнімі базар саудагерлерінің алдында тұр. Өйткені еткен істен табыс табуды көздеген жандар үшін бұл таңсық жағдай емес. Кәсіпкерлікті қолға алған бұл әулеттің бұдан былайғы ісі де осы сарында болмақ.
Біз әңгімеге арқау еткен кейіпкеріміз кәсіпкер ғана емес, бір әулеттің бақыты мен ырысы, құты мен қазынасы. Қазанын оттан түсірмеген отанасының осы әулетке келін боп түскеніне, яғни Жанзақ ағамызбен отасқандарына биыл тура 40 жыл уақыт болыпты. Бажайлап қарасаңыз, азды-көпті бір адамның болдым-толдым дейтіндей ғұмыры. Осы уақыттың ішінде отбасылық істің кетеуін кетірмей, табысты іске тастүйін дайын болған Күнсұлу апамыздың өмірге әкелген 5 перзенті түрлі саланың шылбырын қаққан өз ісінің мамандары. Талғаты – темір жолда, Азаматы – кәсіпкер. Ал қыздары Лариса білім саласында білікті маман болса, Ленасы сұлулық әлемінің сиқыршысы дейтіндей-ақ жан. Бұл әулеттің кенже қызы Фарида бүгінде үлкен өмірге қадам басып, Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнының түлегі атанған. Міне, отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, нарық заманында ел қатарлы еңбек етіп келе жатқан бұл әулеттің қос бәйтерегі Жанзақ пен Күнсұлу болса, оларды осы деңгейге жеткізген өздерінің ақадал еңбегі мен табан ет маңдай тері. Оны ешкім жоққа шығара қоймас. Сонысымен де бұл әулет – мерейлі отбасы, бақытты жанұя һәм үлгілі әулет.
Фото: Нұрболат Нұржаубай