Kyzylorda-news.kz Ғасырға тағы бір қадам жақындаған тарихы мен танымы терең Арал ауданы 95 жылдығын атап өтті. Иә, талай уақыттың, қиын-қыстау кезеңнің куәсі болған Аралдың бүгінгі бет-бейнесі, даму көрсеткіштері тіпті бөлек. Жыл санап жайнап, ажары айшықталып келе жатқан ауданның қазіргі салтанаты жергілікті халықтың мақтанышына айналған.
Расында келбеті келісті туған жеріміздің күн санап көріктеніп келе жатқаны жасырын емес. Тек тұрғылықты жұрттың ғана емес, мұнда келген қонақтардың да көзайымына айналған нысандар жетерлік. Әсіресе соңғы жылдары теңізді өлкенің терең тарихынан сыр шертетін орындар көптеп бой көтеруде. Халықтың тынығу орнына айналған осындай алаңдардың қазірде еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейінгі жұртшылықтың жиі жиналатын орнына айналды. Соның ішінде аралдықтардың ауыз толтырып мақтанып айтатын қарағанның көзі тоятын көрікті жеріне айналған "Балықшылар аллеясы" мен "Жалаңтөс Баһадүр аллеясы" көпшіліктің ауызынан түспей, жиі айтылып жүр. Рас, балықшылардың мекенінде, теңізді өлкеде балықшыларға құрмет көрсетілуі тиіс. Бұл өткенді ұлықтау, ұрпаққа солардың есімін, еңбегін жеткізу, тарихты таныту. Балықшылар алаңында осының барлығы бар. Талай ұрпаққа ұмытылмай жеткен теңіз батырларының орасан еңбегін, бүгінгі ұрпақтары кешегі өткен ерлердің бағытынын жаңылмау үшін қойылғандай әсер қалдыратын Маяк та, осы салада есімі елге жатталып қалған жандардың аты жазылған тақта да, олардың ұстап тұтқан бұйымы да осыдан табылады. Ал Жалаңтөс Баһадүр аллеясының әсері тіпті бөлек. Тәй-тәй басқан баладан бастап асыр салған бүлдіршіндер, доп қуалаған болашақ спортшылар, оларды жетектеп, алаңсыз шат күлкісіне куә болған ата- аналары, ата-әжелері бір жасап қалады. Толқыны аспанға ақ көбік шашқан Аралдың орталығындағы әсем субұрқақ та осында.
Бірақ осының барлығы Аралдың перзентінің еңбегі екенін осынау кереметтерге шаттанып, көңілдегі қуанышын баса алмаған халықтың бірі білсе, бірі білмейді. Олай болса жергілікті жердің перзентін тани отырыңыздар. Ол жас кәсіпкер, жас та болса құрылыстың қыр-сырын терең меңгерген Әлижан Мағжанұлы.
Жоғарыда айтқанымыздай Аралда туып-өскен Әлижан білім қуып Алматыға аттанды. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде халықаралық экномист мамандығы бойынша 4 жыл жоғары білім алса, аймақтану мамандығы бойынша магистрант атанған. Иә, өз білімін кәсіпте тиімді пайдалануды көздеген кейіпкеріміз 2009 жылы құрылыс саласына бет бұрып, табысты еңбегінің алғашқы баспалдығын аттады. Содан бері еңдің ықыласына бөленіп жүрген ол өз сөзінде былай дейді.
– "Адамды адам еткен – еңбек" демейді ме? Аталы сөз тегін айтылмаса керек. 2009 жылы құрылыс саласына бет бұрғанда "әлде қалай болады?" деген күдік болғаны рас. Бірақ үкіліген үміт күдікті жеңе білді. Ол да еңбекке құштарлықтың арқасында орын алған жетістік. Ерінбесең нәтижеге қол жеткізесің. Менің көзім осыған анық жетті. Дәл қазіргі уақытта Арал қаласынан 5 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алла қаласа жақын уақытта толықтай аяқталып, желтоқсан айында қаншама жанға қуаныш сыйлайтынымызды ойлағанда құлшыныс тіпті арта түседі. Елдің батасы, халықтың ықыласы бірді алға қарай жетелей түседі. Мұнан бөлек аудан көлемінде көптеген құрылыс нысандарын пайдалануға табыстадық. Бүгінде олар елдің игілігі үшін жұмыс жасап тұр. Аудан көлемінде, ауданнан тыс Қазалыда, Ырғызда да мектеп құрылысымен айналыстым. Білім ордаларының құрылысын сапалы салып, мыңдаған баланың қауіпсіз, жайлы жерде білім алуына жағдай жасадық. Көкшетауда да құрылыс нысандарын алып, ойдағыдай нәтижеге қол жеткіздік, – деді.
Мұнан бөлек:
– Осы салада он жылдан аса тәжірибем болса да ең ерекшесі Аралдағы қос аллеяның құрылысы болды десем артық айтқандық емес. Қазақта "табалдырықтан биік тау жоқ" деген тағылымды сөз бар ғой. Міне, осының нағыз куәсі болдым. Барша әлемге балығымен танымал, брендімен танымал өңірде Балықшылар аллеясын салып, туған елдің батасын алдым. Жалаңтөс Баһадүр аллеясының құрылысы да өте сәтті әрі сапалы шықты. Мен үшін одан асқан бақыт жоқ, – дейді Әлижан.
Мұнан бөлек мал шаруашылығында да өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан жерлесіміздің алдағы жоспарлары да ауқымды. Ендеше талабы таудай азаматқа біз алдағы уақытта да сеніммен қараймыз.
