Kyzylorda-news.kz Қазіргі кезде белгілі бір маман иесі атанып, жұмыссыз отырған жастар жетерлік. Иә, кімнен болмасын сұрай қалсаңыз, дипломы бар бірақ жұмыссыз маман. Бұрындары «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш боламын деп ойламайды» демекші, мемлекетіміздегі әлеуметтік ахуалдың сын көтермейтіні жасырын емес. Азық-түліктің сәт сайын қымбаттауы, күнделікті жүрістің өзіне біршама қаражаттың қалтамыздан қалай кетіп қалғанын да аңғармай қаламыз. Тіпті табысының өзі күнделікті шай-пұлынан ауыспайтын отбасылар да жетерлік. «Мұның қасында жұмыссыз жүрген жандар қалай күн көріп жүр?» деген сауал еріксіз ойға келеді.
Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Жаңа Қазақстанды» құрудың негізгі қадамы ең алдымен кедейшілік пен жұмыссыздықты жоюдан бастау алуы тиіс екені анық.
–Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл-күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көп¬теген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Бұл – əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет,–деген болатын Президент.
Сонымен бірге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Арал ауданыда тиісті шаралар атқарылып келеді. Есепті мерзімде жұмыссыздық деңгейі 5,0% құрап отыр. Былтырғы жылы экономикалық белсенді халық саны 29 778 адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 28 277 адам. Жұмыс іздеуші ретінде орталыққа хабарласқан 3144 адамның1578-і жұмыспен қамтылса, оның 627-і тұрақты. Сондай-ақ жыл көлемінде 3000 жаңа жұмыс орнын құру межеленіп, оның 52 пайызы орындалды. Жыл басынан бері 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген екен.
–Шыны керек қазір қара жұмыс істегісі келетін жандар өте аз. Көбісіне табысы жақсы, өзіне көп күш түсірмейтін жұмыс керек. Негізі елімізде жұмыссыздықтың алдын алу бойынша түрлі бағдарламалар қарастырылған. Мәселен, мемлекет тарапынан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба қабылданғаны барлығымызға белгілі. Атаулы жобаның бірінші бағыты бойынша кәсіпкерлікке белсенділікті арттыру мақсаты көзделген. Оның міндетіне өз ісін ашу және дамыту үшін барынша жағдай жасалады. Міне, «жұмысым жоқ» дейтін жандар өзінің сүйікті ісі арқылы кәсіп ашып, табыс таба алады,–дейді қала тұрғыны М.Олжабаев.
Жұмыссыздықтың басты себептерінің бірі жастардың оқыған мамандықтарына сай жұмыс орындарының аз болуы секілді. Тіпті жұмыс көзі мүлде табылмайтын мамандық иесі атанған жастардың өкінішін де көріп жүрміз. Сол үшін өмірдегі маңызды қадамдардың бірін жасамас бұрын болашақты ойлағанымыз жөн. Ал мемлекет тарапынан жұмыссыздықтың алдын алу үшін барынша мүмкіндіктер қарастырылып, жұмыстар атқарыла бермек.
Тағы айта кетерлігі, өткен 2023 жылдан бері Арал ауданында 1971 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ел Президентінің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес, 1293 орын ашылып, жоспар 124,1 пайызға орындалған.
«Қызылорда облысының 2022-2025 жылдарға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» аясында 27 жоба бойынша 338 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 101,2 пайызға орындалған. Өткен жылдың жаңалығы – Арал қаласында Отбасын қолдау орталығы ашылып, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету, оларды қоғамға бейімдеу жұмыстарымен айналысып келеді екен.
«Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 1991 жылы қабылданған болатын. Аталған Заң жобасы 1999, 2001 және 2016 жылдары қайта қабылданып, нәтижесінде ауданда халықты әлеуметтік қорғау саласында оң өзгерістер қалыптасты.
Халықты жұмыспен қамту бағытында қабылданған түрлі Заңдар мен бағдарламалардың нәтижесінде жыл сайын мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылып келеді. Осы ретте, 2005 жылы аудан бойынша жұмыссыздар саны 2870 адамдықұрап, жалпы жұмыссыздық деңгейі 8,5 пайызды құрады. Ал, 2023 жылы жұмыссыздар саны 1501 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрады.
Соңғы 18 жыл ішінде Арал ауданы бойынша жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызға төмендеген. Сонымен бірге 2002 жылы ауданда орташа жалақы көлемі 13 683 теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 294 907 теңгеге жетті.