Kyzylorda-news.kz. «Бүгінгі күн – кешегі күннің жемісі, ертеңгі күннің болмысы» дейді дана халқымыз. Ал ертеңіміз қашанда білімді, саналы ұрпақтың қолында. Мың жылын ойлаған халық ұрпақ тәрбиелеп өсіреді дегендей, баланың тәрбиесінде мектептің алатын орны ерекше. Мұғалім, ата-ана, оқушы үштағаны болашақ кепілі екені рас. Сондықтан мектеп жайын әңгімелеу – болашағымыздың бағдары. 

Аудандағы тарихи деректерге сүйенсек аудан мектептері ішінде өзіндік 100 жылдан астам уақыт тарихи орны бар №64 орта мектебінің іргетасы 1905-1906 жылдары купецтің жеке үйі болып қаланған. 1910 жылы қазақ, татар және орыс балаларын оқытатын алғашқы орыс - түзем мектебі болып ашылған. Бұл мектепте негізінен сол жылдары салынған Орынбор, Ташкент теміржолында жұмыс істеуші жұмыскерлердің балалары оқыған. Халыққа білім беру ісі ертеректен-ақ өзіне назар аударды, бірақ патша үкіметі, оның жергілікті ұйымдары бұл саланың жоғарғы дәрежеде дамуына мән бермеді. Осылайша 1915-1919 жылдары аралығында осы теміржол мектебінде Арал қаласына патша өкіметі жер аударып, айдалып келген марий ұлттық әдебиетінің классигі Сергей Григорьевич Чавайн сабақ берген. Ол 1937 жылы «Халық жауы» деп танылып, репрессияға ұшыраған. 1924-1926 жылдары теміржол мектебінің меңгерушісі, белгілі педагог болып Әбдрахман Мақатов қызмет атқарды. Кудряшова Райса Федоровнаның тарихи естеліктеріне сүйенсек 1941-1945 жылдары мектепте жергілікті балалармен қатар, эвакуцияланған балалар оқыған. Ол кезде мектепті педагог А.Григорев басқарды. Ол Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанып, ерлікпен қаза тапқан болатын. 1972 жылы мектеп Антонина Ивановна Козловскаяның басшылығына өтті. Антонина Ивановна мектеп ауласын көгалдандыру жұмысын ерекше қолға алды. Бір жылдың өзінде қаншама тал егіліп, мектеп ауласы гүлденді. Білім ордасының басқарушы құрамы одан кейін де талай өзгерді. Атап айтсақ, 1978-1982 жылдары Мария Жұбаниязова, 1982-1988 жылдары Рая Хамзина, 1988- 1991 жылдар Баршагүл Искакова, 1991-1997 жылдары Аманғос Есмұрзаев, 1997-2005 жылдары Амангелді Бөлекбаев, 2005-2012 жылдары Сұлтанбек Жүгінісов, 2012-2013 жылдары Қалдыбек Жүгінісов, 2013 -2018 жылдары Амангелді Бөлекбаев және 2018 жылдан бері Кенжебек Тлепов басқарып келеді. 

ХХІ ғасырдың даму жолында басты тетігі – білім. Рухани, мәдени саламыздың дамуына, жеке адамның сапалық қасиеттері дамуына, сонымен қатар еліміздің өзге дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсуіне білімнің ғана құдіреті жетеді. Ол үшін мектептің де алар орны, маңызы ерекше. Осы орайда No64 мектеп 2014-2015 оқу жылында пайдалануға берілген жаңа типтік үлгідегі оқу ғимаратына көшірілді. Жер көлемі 1га болатын жаңа мектептің сынып кабинеттері жарық әрі кең. Сонымен қатар, қыстағы жылу жүйесі де өте жақсы деңгейде. Мектеп кітапханасында кітап қоры да жеткілікті. Оқушылар 100% оқулықпен тегін қамтылған. Одан тыс әдебиеттік, ғылыми және басқа да бағыттарда сыныптан тыс оқу залында қалаған кітаптарын алып оқып, білімдерін шыңдап, өз қызығушылықтарымен еркін айналыса алады. 80 орындық акт залында жыл бойына үздіксіз мектепішілік, аудандық түрлі шаралар, ғылыми конференциялар, әдеби кештер мен кездесулер және мүшәйралар өткізіліп тұрады. Заманауи мектеп ішінде кең жолақты 3 мегалайн желісі тартылған. Қосымша күшейткіш роутерлер қойылып, сынып кабинеттеріне интернет желілері орнатылған. Оқушылар игілігі үшін барлығы 75 компьютер және 52 планшет жұмыс жасап тұр. Оқушыларды еңбекқорлыққа, түрлі қол бұйымдарын жасауға үйрететін 2 шеберхана бар. Қыздардың технология кабинетінде тігін машиналары, үтіктер мен сабаққа қажетті барлық құралдар бар. Ер балалардың шеберханасы да токар, фреза, қайрақ секілді станоктармен жабдықталған. Мектептің кең спорт залында жыл көлемінде аудандық, облыстық және республикалық деңгейде түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады. Безендіру жұмыстарын жүргізу әлі де жалғасып келеді. Кабинеттер дидактикалық материалдармен толығуда. Мектеп дәлізінде рәміздер бұрышы, сабақ кестесі мен арнайы хабарландыруларға арналған стендтер, Президент жолдауы, балалар құқығы мен міндеті жазылған бұрыш, сонымен қатар сенім жәшігі бар. Мектеп асханасында жалпы 324 бала ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 1-4 сынып аралығындағы бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасының балалары бар. Және 2022-2023 оқу жылы бойынша 100 оқушы мектеп жанындағы «Шағала» лагерьінде, 20 оқушы қала сыртындағы «Қамбаш» пансионатында демалыстарын қызықты өткізді.

Аудандық, облыстық, республикалық, одан қала бере халықаралық дәрежедегі бәсекеге қабілетті оқушылардың еңбегі мен сапалы білімі, саналы тәрбиесінің артында ұстаздардың маңдай тері тұр. Атап айтсақ, соңғы 3 жылдық қорытынды мектеп ұстаздарының мерейін өсіріп отыр. «Алтын белгі», «Үздік аттестат» сынды жоғарғы білім иегерлері мектеп абыройын лайықты қорғауда. Оның ішінде Әмірбекова Ақерке 140 баллдан 121 балл алып мектептің мақтанышы болса, Дүзбаева Динара республикалық құқық пәнінен олимпиада жүлдегері. 2022-2023 оқу жылында 11 түлектің 7-і ЖОО мемлекеттік грант иегері атанса, 2 түлек арнаулы оқу орнының грантын жеңіп алды. Кенжебек Тлепов, Ақжанай Куптлеуова, Нұрлыгүл Байетова, Күмісбек Дәулетов, Бақытгүл Қошабаева, Сабиля Нұржанова, Райкүл Жамалова, Фарида Мырзалиева, Зарухан Қонысбаева, Бағдагүл Кенжебаева, Света Тажикова, Сарагүл Ермекбаева, Ақжүніс Есмағамбетова, Тұрсын Махатова, Алтынгүл Әнесова, Қаншагүл Сәдібекова, Несібелі Бекешова, Гүлзира Тоқтарова, Гүлнар Жоланова, Шолпан Жүсіпова, Камила Құттымұратова, Эльмира Әбдіхалықова, Айнұр Қабылғазиева сынды ұстаздардың жетекшілігімен облыстық, республикалық ғылыми жоба иегері атанған оқушылар қаншама. Ұстаз үшін талай күнгі еңбектің жемісі іспеттес болып, ізінен ерген шәкірті марапат төрінен көрінсе одан асқан бақыт бар ма?! Шәкіртін үйретуден талмаған педагогтың тағы бір міндеті – заман талабына сай арнайы білім алу мен оны іс жүзінде дәлелдеу. Осы орайда облыстық, республикалық педагогтерге арналған деңгейлік бағдарламалар бойынша біліктілік арттыру курстарын оқып, пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрген ұстаздар да жетерлік.

Спорт саласында да облыстық, республикалық сайыстарда оқушылардың үздік көрінуіне ат салысып жүрген дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің де еңбегі зор. Соның ішінде, атап айтарлықтай жетістік - дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Махамбетов Мұрат ағайымыздың жетістігі. Мұрат ағай қол күрестен Қазақсан және Азия чемпионы, гір көтеру спортынан 2 дүркін әлем чемпионы. ҚР гір спортынан «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атанған ағай мектеп ішінде өз шәкірттерін тәрбиелеуде. Бұл жеңістердің бастамасы – оқушының зеректігі. Зерек, алғыр әрі өз пәнін сүйіп оқитын оқушының жетістігі – мектеп ұжымының ортақ жеңісі. Бұл есепке Қуанышайым Берікқызы, Бинұр Жеткергенқызы, Мөлдір Медеубайқызы, Төлеген Нұрланұлы, Досжан Әділбекұлының ғылыми жобаларда жеткен жетістіктерін атап өтуге болады. Этномәдениеттану секциясы бойынша аудан атын шығарып, облыс көлемінде жоба қорғау – бәрімізге қуаныш. 

Халықаралық дәрежеде Арал теңізін құтқару жобасы аясында, Тәжікстан мемлекеті, Душанбе қаласында өткен «Мое необьятное Аральское море» атты сурет байқауында Гран-При иеленген Жолдыбаев Мадияр (жетекшісі Ізбасар Жолмаханов) мектептің ғана емес, барша ауданның, облыстың мақтанышы. Мектептің тәрбие бағытындағы орынбасары Гүлжайна Батимова «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде адал азаматты тәрбиелеуді көздейді. Балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» жұмыс жасайды.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыру кезіндегі басым бағыт – балаға қамқорлық пен құрмет көрсету, сенім арту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітуге жол бермеу мақсатында түрлі жобаларды негізге ала отырып, ұжыммен бірлесіп нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Халқының мүддесін өз мүддесінен артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – барлығымыздың борышымыз. Осы мақсатта «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы жұмыс жасайды. Онымен қоса мектеп жанынан ашылған «Ұшқыр ой» дебат клубы, «Полицияның жас көмекшілері» клубы, «Қозғалыстың жас инспекторы» жасағы, «Қарлығаш» қыздар клубы, «Мирас» ер балалар клубы, «Мектеп театры» жобасы мен «Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Мектеп парламенті» және пәндік үйірмелер жұмыс жасайды. Одан бөлек 171 оқушы мектептен тыс мекемелердің түрлі үйірме- курстарына қатысады.

Қaзіргі Қaзaқстaн жaғдaйындa мемлекеттік сaясaттың мaңызды бaсымдықтaрының қaтaрынa бaрлық aдaмдaрдың білім aлу құқықтaрының теңдігі жaтaды. Білімнің қолжетімді болуын қaмтaмaсыз ететін aлғышaрт – инклюзивті ортa. Инклюзивті білім берудің зaмaнaуи міндеті интеллектуaлды дaмуды, психофизиологиялық және жеке-дaрa ерекшеліктерді ескере отырып, хaлықтың бaрлық деңгейі үшін білім aлуғa тең қолжетімділікті қaмтaмaсыз етуді қaрaстырaды. Осы мәселе бойынша No64 мектепте 2019 жылы ата-аналардың өтінішіне сәйкес 6 оқушымен арнайы сынып құрылған болатын. Қазіргі таңда олардың саны 4-ке жетіп, барлығы 24 оқушы білім алуда. 2019-2023 жылдар аралығында мектепке 38 оқушы қабылданып, 14 оқушы арнайы сыныптан қалыпты сыныпқа көшірілген. ҚР-ның мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы аясында «инклюзивті қолдау» кабинеті ашылып, арнайы педагог, логопед, педагог-ассистент мамандар жұмыс істеуде. Кабинет толықтай жабдықталған. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап ерекше балаларды тасымалдау үшін мектеп қаражаты есебінен тегін тасымал қызметі ұйымдастырылды.

Инклюзивті сынып балаларына ерекше көңіл бөліп, олардың жеке дамуында мектеп ұстаздарының көмегі зор. Әр баланың өз ерекшелігіне қарай талпынысын одан әрі дамытудың арқасында 3 «В» сынып оқушысы Ибраев Әлидің музыкаға бейімділігі ашылды. Қазір Әли пианино аспабында ойнап, облыстық семинарларда өз өнерін көрсетіп жүр. Сонымен бірге 2 сынып оқушы Тәжібек Мадинаның да биге деген қызығушылығы ерекше. Бүгінде Мадина облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрген мектеп мақтанышы. Мектептің дамуы, балаларға арналған ыңғайлы кабинеттер мен арнайы сыныптардың болуы көңілге қуаныш ұялатады. Осы ретте оқушылардың биология, химия пәндерінің практикалық сабақтарына көмегін тигізген және табиғатты қорғауға, еңбекқорлыққа бағытталған жылыжайды да айтып өткеніміз жөн болар.

Үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінде алғашқы өнімдер отырғызылған жылыжайда қияр, шалғам (редиска), ас көк, асжапырақ, сарымсақ өнімдері алынып, мектеп жанындағы асханада пайдаланылды. Болашақта жылыжайдан алынатын өнімдерді одан әрі түрлендіріп, пайдаға асыру көзделіп отыр. Бүгінгі күні қай жағынан да қарқынды дамып жатқан заманда ғылым мен білімсіз өмір жоқ. Осы ақиқатты үстіміздегі ХХІ ғасыр дәлелдей түсуде. Өнер-білімі бар, мәдениеті жоғары елдермен тереземіз тең түсу үшін біз де білімге көңіл қоюымыз қажет. Өйткені адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін тек қана – білім.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: