Kyzylorda-news.kz Арал ауданы балық шаруашылығы саласының қарқынды дамып, теңіз маржанын жергілікті брендке айналдырған өңір. Аудан аумағында маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 16 көл бар. Жалпы 21-і табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілсе, 1 (бір) көл резервте.
Жалпы ата кәсіптің көкжиегін кеңітіп, балықшылықты дамыту жолында ауқымды істерді жүзеге асырып келе жатқан өңірде тек балық аулап, оны өңдеп қана қоймай, балық өсіріп, теңіз айдындарына жіберу, санын арттыру бағытындағы жұмыстар да жан-жақты қолға алынған. Солардың бір бағыты болып есептелетін облыс бойынша балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілген болатын. Бекітілген бағдарламада ауданға қатысты тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көліміз тізімге енгізілді. Біздің бүгінгі айтпағымыз да осы тауарлы көлдер төңірегінде болмақ. Бүгінгі таңда сол бағдарлама негізінде 3 тауарлы көлге инфрақұрылым жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттамалары әзірленді.
ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» туралы 2004 жылғы 9 шілдеді No593 Заңның 1 бабының 72 тармағы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 қазандағы «Су айдындарына балық жіберу, су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» No18-05/928 бұйрығының 14 тармағында келтірілгендей тауарлы көлдерде қазірде кешенді жұмыстар істеліп жатыр.
Нақтырақ айтар болсақ, су айдындарындағы қатты өсімдіктерді шабу, су жануарларының мекендеуіне қолайсыздық тудыратын жағдайларды болдырмау, балықтардың уылдырық шашу жерлеріне өтуін қамтамасыз ету, мұз ою, балықтарды құтқару шаралары жүргізілуде. Расында Ақшатау Сорғақ, Қаракөл, Шөмішкөл, Мақпал көлі мен Тұщы, Алаша, Домалақ көлдері мен резервтегі Ақбілектегі осындай жұмыстар балықтардың өсуіне оңтайлы жағдай тудырып, экономикалық тиімді жағдайға алып келеді.
Бүгінде мемлекет тарапынан да балық шаруашылығын қолға аламын деушілерге қолдау көп. Соның бір үлгісі ретінде Қызылорда облысы бойынша жергілікті бюджеттен 2023 жылға балық азығын субсидиялауға 9 млн 114 мың теңге және республикалық бюджеттен инвестициялық субсидиялауға 17 млн 568 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Субсидиялау акваөсіру және инвестициялық салымдарды субсидиялауға арналған секілді негізгі 2 бағытта жүргізіледі. Алғашқы бағыты бойынша балық азығын сатып алудың 30 пайызын өтеу және биологиялық негіздемені әзірлеу, балық өсіру материалын, дәрілік препараттарды, аналық-толықтыру үйірін сатып алудың 50 пайызын өтеу қарастырылса, бұдан бөлек, балық өсіруші субъектісінің инвестициялық салымдар кезінде шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидияланады. Ал осындай қолдаудан ниетті азаматтар субсидия алуға арналған өтінімдерді «kezekte.kz» субсидиялаудың ақпараттық жүйесі арқылы бере алады.
Сонымен қатар тауарлы көлдерде өзге көлдермен салыстырғанда тыйым салу заңдылықтарында да өзгерістер бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2015 жылғы 24 шілдедегі Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салу No190 бұйрығының 1 тармағы 3 тармақшасында «Балық аулау қағидаларында айқындалған ғылыми-зерттеу, бақылау, мелиоративтік аулауды, өсімін молайту мақсатында аулауды жүзеге асыруға, сондай-ақ тауарлы балықты жасанды өсіру үшін пайдаланатын су көлдерінде балық аулауға тыйым салу қолданылмайды» делінген. Сондай-ақ халық арасында тарап кеткен қытай ауы атауымен танымал моноталшықтал жасалған синтетикалық аулардың бәріне бірдей тыйым салынбаған.
Міне, тауарлы көлдердің тиімділігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Демект тауарлы көлдердің жұмысын жүйелендіру арқылы біз балық шаруашылығы саласының тиімді тұстарын одан ары арттыра аламыз.
