Kyzylorda-news.kz Арал ауданында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды және жүйелі атқарылып келеді. Қай салада болсын табысты нәтижеге қол жеткізіп келе жатқан Аралдағы өзге маңызды жаңалықтар жайында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың кешегі Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдеріне өткізген брифингі барысында таныстық.
Арал ауданы басшысы А.Оңғарбаев «Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында өңірімізде жүйелі жұмыстар жасалынып жатқанынан өздеріңіз жақсы хабардарсыздар. Елдіктің бесігіне айналған, еңбегінен берекелі несібесін тауып, ынтымағы мен ырысы артқан – Арал ауданының бүгінгі тынысымен таныстырып, келешегінен хабардар етуге рұқсат етіңіздер. Ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, 7 макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім орын алды» дей келе «Жыл басынан бері ауданға 4,1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім 16,4 процентті құрады. Оның 36,6 %-і, яғни 1,5 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, қалған 2,6 млрд теңгесі Арал қаласына тиесілі. Атап айтқанда, 1346,7 млн. теңге білім беру саласына, 951,5 млн. теңге көлік және қоймалау саласына, 895,3 млн. теңге жылжымайтын мүліктермен операциялар саласына, 685,1 млн. теңге өнеркәсіпке тартылды» деп инвестиция тарту бағытындағы біршама жұмыстарға атап тоқталды.
Иә, былтыр 24,4 млрд теңге инвестиция тартылса, биылғы жылға 25-28 млрд теңгені құрайтын инвестиция тарту жоспарда бар. Ал, жеке сектор қаражаты есебінен 9 млрд теңгеге жуық қаржыға 13 жобаны іске асыру көзделуде. Демек алдағы уақытта да аралдықтар тың жобалардың игілігін көріп, ауданның дамуы жеделдей түседі.
Мұнан бөлек қаржы-салық саясаты, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, индустрияландыру, мемлекеттік бағдарламалар негізіндегі шаралар мен ауылшаруашылық, құрылыс, көлік инфрақұрылымы бағытындағы жұмыстарды БАҚ өкілдеріне жеткізіп, әлеуметтік саладағы оң өзгерістер мен «моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында ауқымды 2 жоба жайында сөз етті.
Баспасөз конференциясы барысында бірнеше жылдан бері айтылып, қазірде құрылысы жүргізіліп жатқан темір жолдың үстінен өтетін көпір төңірегінде де жағымды жаңалық жеткізілді. Бұл жұмыс 2024 жылдың аяғына дейін толықтай аяқтап, ел игілігіне пайдалануға береледі деп күтілуде.
Тағы бір айта кетерлік дүние Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда салынып жатқан 300 орындық 4 білім ошағы жайында. Оның ішінде қаладағы «Арай» ықшам ауданы мен Сексеуіл кентінде бой көтеріп жатқан мектеп биыл аяқталады. Яғни қос мектеп алдағы жаңа оқу жылында оқушы қабылдауға толықтай дайын болады.
Брифинг соңында бизнеске бет бұрған жандардың негізгі бағыты, ата-бабалардың өшпес рухына тағзым мақсатындағы аудан басшысы бастамашы болған «Арыстан баб» кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары мен осы тұрғыда алдағы жоспарлар жайындағы журналистердің сұрағына тиісті жауап берді.