Kyzylorda-news.kz. Наурыздың 1-3 аралығында Қызылорда облысында «Syr qorǵany – sekseýil» алғашқы эковолонтерлік жоба өтті. Аймақтың экожүйесін қалыпқа келтіру және Арал теңізінің экологиялық апатының зардаптарынан қорғау – аталмыш жобаның көздеген миссиясы. Бұған қол жеткізу үшін Алматы Менеджмент Университеті 80-ге жуық волонтерді жұмылдырды. Олар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарының қолдауымен Арал теңізінің құрғаған табанына бет алып 5100 сексеуіл көшетін отырғызды.
Волонтерлер Алматы, Талғар, Астана, Ташкент қалаларынан жиналды. Араларында тіпті АҚШ-тың екі азаматы болды. Сонымен қатар Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған елдімекендерінің белсенді азаматтары да волонтер қатарынан көрінді. 3 күннің ішінде олар 1030 шақырымды жүріп өтті. Алғашқы күні «Қорқыт-ата» мемориалдық кешеніне соғып ата-баба рухына тағзым етті. Одан кейін Аралды Құтқару Халықаралық Қорының сарапшысы Мария Заднепровская мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сергей Азимовтың қатысуымен форсайт әңгіме өтті. Оның барысында жиналған қауым режиссердің Арал тағдырын баяндайтын, 1988 жылы жарыққа шыққан «Жоқтау» фильмін тамашалап тебіренді.
«Аралды тірілту мүмкін емес. Бірақ елімізді, туған ауылымызды көркейту, экологиялық жағдайды жақсарту – қолдан келетін нәрсе. Сол себепті өзім волонтер ретінде жобаға қатысып отырмын. Сынаудың, сөздің орнына іспен көрсетіп жағдайды түзеуге үлес қосуға болады. Ең бастысы, осындай жоба арқылы жастардың, қауымның экологиялық ұлттық сана-сезімін, адами сезімін оята аламыз», – деп ой бөлісті белгілі режиссер.
Келесі күні 80-ге жуық волонтер қолға күрек алып, бір кісідей атсалысып Аралдың құрғаған табанына сексеуіл отырғызды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Республикалық орман-селекциялық тұқым өсіру орталығының» РМҚК бас директоры Әліби Ғазизұлы жобаның ерекшелігіне тоқталды:
«1 миллион 100 мың гектар жерге сексеуіл отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. 2021-2023 жылдар аралығында 545 000 гектар жерге сексеуіл отырғызылды. Енді жұмыстың жартысы қалды. Сексеуіл отырғызуға Аралға волонтерлердің келуі Қазақстан тарихында болмаған жайт. Бұған дейін шет мемлекеттен көмектескен көптеген донор болды. Мысалы, Оңтүстік Кореядан, Германия, Америка сияқты елдер. Ал енді сексеуіл жайлы айта кетейін. Бұл – балта шаба алмайтын, ара кесе алмайтын қасиетті ағаш. Бір түбінің өзі 4 тонна құмға дейін ұстап тұра алады. Дүниежүзі бойынша біздің елде ең көп өседі. Осы Қызылорда облысында, Мойынқұмда, Созақта, тіпті Балқаш жақта сексеуіл кездеседі. Жалпы, оның екі түрі бар: қара және ақ сексеуіл. Бүгін қара сексеуіл отырғызылды. Көшетті лайға батырып, әбден сіңгеннен кейін отырғызғанымызды ескерте кетейін. Ол лай гидрогель мен көңнен тұрады яғни сексеуілге қажет ылғал мен минералды қорек жеткілікті. Сондықтан бұл сексеуіл көшеттері суарылмайды. 4 жылдан кейін бұйырса тұқымын береді».
Ұлттық волонтерлік желісінің координаторы Бауыржан Жұмат жобадан алған әсерін бөлісті:
«Жобаға қатысу үшін арнайы Астанадан келдім. Бұл – ерекше жоба. Алғаш рет жоба жайлы естігенімде «қатысамын» деп бірден шешім қабылдадым. Бұған дейін де басқа да волонтерлік акцияларға қатысқанмын. 7 жылдан бері еріктімін. 7 жыл ішінде Ақтөбе, Тараз қалаларына барып, «Жасыл белдеу» экологиялық жобаларына қатысқанмын. Шынымен де экологиялық апатқа душар болған өлкеге, Арал теңізіне келіп, тіршіліктің пайда болуына кішігірім болса да көмектестік деген ойдамын. Астанаға барған соң басқа да волонтерлермен осы әсерімді бөлісемін.
Аралға тарихта бірінші рет волонтерлер келіп, сексеуіл көшеттерін отырғызды. Қазақстандық волонтерлер келіп бірінші рет сексеуіл отырғызды деген ерекше мақтаныш».
«AlmaU тұрақты даму мақсаттарын ұстанатын және жыл сайын экологиялық жобаларды ұйымдастыратын әлеуметтік жауапкершілігі бар университет. 2019 жылдан бастап «Ұлы Балқаш шақырады!» жобасын дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Мейлінше көп адамды экологиялық мәселелерге тарту біз үшін аса маңызды. Осы құндылықтарға сүйене отырып біз «Syr qorǵany – sekseýil» волонтерлік экологиялық жобасын қолдауға шешім қабылдадық. Ерекше атап өтетін жайт, бұл коммерциялық мүддені көздемейтін күрделі, құны қымбат жоба. AlmaU волонтерлерді өзінің және демеуші қаражатының есебінен апарды», – деп атап өтті AlmaU ректоры Гүлнар Күренкеева.